Басты ақпарат

Елбасы ерлікке тағзым етті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Құрметті қарауылдың сап түзеуімен Алматыдағы Даңқ мемориалындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, бір минуттық үнсіздікпен Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың рухына тағзым етті.

Елбасы ардагерлер мен рәсімге қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде қазақстандықтардың фашистік басқыншыларды жеңуге зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.
– Қазақстан майданға 1 миллион 800 мыңнан астам жауынгер аттандырды. Солардың жартысы қайтып оралмады. Олар соғыста ерен ерлік көрсетті. 500 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Тыл еңбеккерлері майданды қарумен, азық-түлікпен және керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сұрапыл соғысты көрмеген қазіргі ұрпақтың бақытты екенін айтты.
– Біздің аталарымыз революция мен репрессияны, ал әкелеріміз Ұлы Отан соғысын бастан өткерді. Тек біздің ұрпақ қана бейбіт заманда өмір сүруде. Бұған ардагерлеріміздің қосқан үлесі зор. Сіздерге алғысымыз шексіз! – деді Мемлекет басшысы.
Рәсім соңында Елбасы соғыс және еңбек ардагерлерімен бейресми түрде әңгімелесті.
– Сіздер жанымызда болсаңыздар, біздер – балаларыңыз бен немерелеріңіз өзімізді алаңсыз сезінеміз. Ерліктеріңізді үлгі-өнеге тұтып, сіздерден қайсарлықты, Отанымыздың патриоты болуды, Атамекенді сүюді, сондай-ақ, Отанымыз үшін қасық қанымыз қалғанша күресіп, сүйікті Қазақстанымыз үшін жанымызды құрбан етуді үйренеміз. Қымбатты достар, баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, табыс және бар жақсылықты тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.
Майдангерлер Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипаты мен қамқорлығы үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button