Саясат

Елдерді елең еткізген

Барак Обама – продюсер

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама мен зайыбы Мишель Netflix компаниясымен фильмдер мен сериалдарға продюсерлік ету туралы көп жылғы келісімшартқа қол қойды. Ерлі-зайыптылар бұл бағытта кадр сыртында ғана емес, кадр ішінде де жұмыс істейтін болады.

Обама президенттік қыз­меттен кеткен соң ұзақ уақытқа демалыс ала­тынын мәлімдеген еді. Сол демалысы аяқталған секілді. Күні кеше ғана Барак және Мишель Обамалармен келісімшартқа отырғанын хабарлаған Netfliх оның сомасын жарияламады.
АҚШ-тың бұрынғы президенті зайыбымен бірге аталмыш компанияға фильмдерді, сериалдарды түсіреді. Оның ішінде деректі, ғылыми-танымал туындыларды жасап, әдеби шығармаларды экранға шығарумен айналысуы мүмкін. Ол үшін Higher Ground Productions аталатын компанияны да құрды.

ТМД-ны тәрк етті

Украина ТМД шеңберіндегі жекелеген халықаралық келісімдердің күшін тоқтатты. Ол елдің президенті Петр Порошенконың тиісті жарлығымен жүзеге асты.

Аталмыш құжатты: «Украина Конституциясының 107-бабына сәйкес қаулы қабылдаймын: Украина Ұлттық қауіп­сіздік және қорғаныс кеңесінің 2018 жылғы 2 мамырда­ғы «Украина
үшін Тәуел­сіз Мемлекет­тер Достастығының шең­бе­рінде жасалған жеке­леген халықаралық келі­сімдер әрекетін тоқтату туралы» шешімі күшіне енгізілсін» делінген.
Жарлыққа 19 мамырда қол қойылыпты. Сол күні мемлекет басшысы: «енді онда атқаратын ештеңе қалған жоқ, біз Еуропаға қарай жылжимыз» деген уәжбен елдің ТМД-ның жарғылық органдарындағы уәкілдерін түгел кері шақыртып алды.
Украинада ТМД құрамынан шығу дайындығы сәуір айында басталған еді. Бірақ ТМД атқару комитеті бұдан кейін де бұл елдің өкілдерін отырыстар мен шараларға шақыра беретін болып отыр. Ұйым­дағылар мұны, одақтан шыққандарын жариялағанымен, Киевтен ресми қатынастың келмегенімен түсіндіріп отыр.
Достастық 1991 жылғы желтоқсанда құрылған. Оның негізін Ресей, Украина және Беларусь қалады. Кейін оның құрамына Прибалтикадан бөлек, барлық бұрынғы одақтас республикалар кірді.

Иран ығатын емес

АҚШ Иранға қарсы санкция енгізуге кірісіп кетті. Кеше Құрама Штаттардың мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Тегеранға 12 түрлі талап қойылатынын мәлімдеді.

Бірақ бұдан ыға қояйын деп отырған Иран жоқ. Парсы елінің басшылығы енді Вашингтонды «сотқа сүйреп әурелейтінін» білдірді. Олардың пайымынша, мұхиттың арғы жағалауында держава егемен елдің ішкі істеріне араласып, тәуелсіздігіне қатер төндіріп келеді.
Иран жағы қазір Еуропа одағының Ақ үй жасаған ультиматумға қалай жауап беретінін күтіп отыр. Егер одақ Вашингтонның айтқанымен кетіп, санкция жариялайтын болса, ол өзінің ядролық бағдарламасына қайта оралатынын ашып айтты. Күллі әлемді алаңдатып отырған да осы мәселе. Жағдайдың мұндай айналым алып кетуіне АҚШ-тың Германия, Франция, Британия сияқты одақтастарының қай-қайсысы да келісіп отырған жоқ. Олар Вашингтонның Иран ядролық келісімінен шығуына қарсы шыққан болатын.
Ал кеше кешке Еуропа одағының кезекті отырысы басталды. Онда АҚШ пен Иран арасындағы мәселе де қаралмақшы.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button