Қала тіршілігі

Қалада да далаға шыға ма?

Астананың көшелері әрдайым самаладай жарқырап тұрады. Бірақ мұнда да Шер­хан Мұртазаша айтсақ, «бір кем дү­ние» ал­дыңыз­ды кес-кестейді. Ашығын айт­қанда, орталық көшелерде қоғамдық дәретханалар жоқтың қасы. Болса да, тым аз.

КӨБЕЙГЕННІҢ ОРНЫНА АЗАЙҒАН

Мәселен, шаһардағы адам аяғы әсте үзілмейтін қалалық әкімдік алдындағы орталық алаң маңынан қоғамдық дәретхананы шаммен іздеп таба алмайсыз. Мұнда «Астана» концерт залынан бөлек мекемелер мен банк­тер, мейрамхана, мейманхана және сауда орындары жетіп артылады. Бірақ бұлардың көбі мемлекет күзетіндегі мекемелер мен жекеменшік орындар болғандықтан, кез келген жанға олардың есігі ашыла бермейді. Еуропа елдеріндегідей емес, бізде тіпті мейрамханалардың өзін­де «ақкөңіліне» кездейсоқ кезік­песеңіз, қызметшілері дәретхана ақысын ұсынсаңыз да, тамаққа тапсырыс беріп, сол жердің мейманы болмасаңыз, табалдырықтан ары аттатпайды. Әлбетте, қала бойынша қоғамдық дәретханалар мүлде жоқ емес, бар. Бірақ жеткіліксіз. Соның салдарынан да болар, шаһардағы кейбір жерас­ты өткелдеріндегі жағымсыз иіс қолқаны қабады. Айта кету керек, осы әжетхана мәселесін зерттеп көргенімізде бұған қай мекеменің жауапты екенін анықтаудың өзі мұң болды. Мысалы, 2016 жылға дейін қоғамдық дәретханаларға «Қалалық жылжымайтын мүлік» мемлекеттік коммуналдық кә­сіп­орны жауапты болса, одан бері бірнеше басқарманың қа­рамағында болған. Қазіргі уа­қытта бұл жауапкершілік аудан әкімдіктерінің құзырында екен. Аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары ұсынған мәліметке сүйенсек, Алматы ауданында – 3, Байқоңыр ауданында – 1, Есіл ауданында – 6, Сарыарқа ауданында – 3, қала бойынша 13 қоғамдық дәретхана ғана қызмет етіп тұр. Ал 2016 жылы бұл сан 15-ті құраған. Содан бері бұлардың кейбірі жабылып, көбейгеннің орнына, керісінше, азайып кеткен. Алматы ауданындағы модульдік дәретханалар «Встреча» сауда үйінің маңында және Бейбітшілік пен келісім сарайы мен «На крыше» мейрамханасының авто­тұ­рақтарында орналасқан. Сон­дай-ақ жаз айларында қосым­ша тағы үш дәретхана аталмыш аудан аумағындағы адамдар көп жиналатын орындарға қойылмақ. Ал Байқоңыр ауданындағы жалғыз қоғамдық дәретхана «Жас­тар» сарайының алдындағы алаңда орналасса, Сарыарқа ауданындағы дәретханаларды Желтоқсан көшесі, 2 мекенжайы мен «Жаңа алаң» гүлбағы және Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының маңынан табасыз. Есіл ауданындағы әжетханалар «Арай», «Ғашықтар» саябақтары мен «Астана» саябағындағы «Дәулет» теннис корты, шаң­ғы роллерлік тас жолы аумақ­тарынан және «Көрме» көрме орталығының маңынан, Ұлы дала даңғылының бойынан, сонымен қатар «Нұр жол» желек жолының «Нұрсая 1», «Нұрсая 2» тұрғын үй кешендерінің орта тұсынан орын тепкен. Таңғы сағат 9.00-ден кешкі 22.00-ге дейін халыққа тегін қызмет көр­сететін барлық дәретханалар мереке күндері ерекше бақылауда болады. Алайда, миллионнан аса тұрғыны бар қалаға 13 қоғамдық дәретхана тым аз. Ал оның қашан көбейтілетіні әзірге белгісіз.

ЖАҒДАЙЫ ЖАСАЛҒАН ЖАЛҒЫЗ ОРЫН

Жалпы, елордадағы барлық жағдайы қарастырылған бірден-бір қоғамдық дәретхана ол – «Нұр жол» желек жолындағы стационарлық дәретхана. Басқаларының көбінде тек екі кабинадан ғана болса, «стационарлық» деп аты айтып тұрғандай, «Нұр жол» желек жолындағы қоғамдық дәретханада ерлер мен әйелдерге кіретін орындар бөлек. Олардың әрқайсысында бес кабинадан болса, соның екеуі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Мұнда сағат сайын үздіксіз тазалық жұмыстары жүргізіледі. Тазалықты мердігер мекеме мамандары мен аудандық әкімдік қызметкерлері де қалт жібермей қадағалап тұрады. Айта кету керек, осы және Есіл ауданындағы басқа да қоғамдық дәретханаларға қызылжарлық «Annely» ЖШС қызмет көрсетеді екен. Аталмыш мердігер мекемесі бұл жұмысты «Мемлекеттік сатып алу» бағдарламасы негізінде, яғни тендер арқылы жеңіп алған. Тұрғындардың айтуынша, қыстың сарышұнақ аязында қаладағы кейбір модульді дәретханалардың құбырлары қатып қалған. Ал «Нұр жол» желек жолындағы стационарлық дәретханасында жағдай мүлде басқаша. Таңнан кешке дейін еңбек ететін мұндағы үш тазалықшы әр күн сайын ауысыммен жұмыс істейді. Солардың бірі – зейнеткер Нина Максимова. Оның айтуынша, тазалықпен қатар олар тәртіпті де бақылайды. Отыратын орындары жайлы. Электр жарығы, жылытқыш батареясы барлығы тиісінше қарастырылған.
– Бір күн істеп, екі күн демаламыз. Ай сайынғы қолға алатын жалақымыз – 60 мың теңге. Наурызда бір ай еңбекақысыз демалысқа шықтық. Сол кезде дәретхана жабық тұрды. «ЭКСПО» көрмесі өткен кезде таңға дейін, күні-түні үздіксіз жұмыс істедік. Келушілер өте көп болды. Енді жаз айларында тағы да түнгі 12-ге дейін жұмыс жасауымыз мүмкін. Арбамен жүретін мүмкіндігі шектеулі жандарға есік ашып беріп, көмектесіп, қызмет көрсетеміз.
Осында күн сайын тұрақты түрде келіп тұратын көше тазалаушылар қаладағы басқа дәретханаларда мұндағыдай жағдай жасалмағанын айтады. Онда тазалыққа аса мән берілмейтін болуы керек. Ал бізде қағаз бен сабын, хлор мен басқа да жуғыш заттар сияқты барлық құрал-жабдықты қажетінше әкеліп тұрады. Осы үшін және бізге жұмыс ұсынып отырғаны үшін Есіл аудандық әкімдігіне алғысымыз шексіз, – дейді Н.Максимова.

АЯЛДАМАДА ДА БОЛҒАНЫ ЖӨН

Көшелерде қоғамдық дәрет­ханалардың болмауы, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қиын. Естеріңізге салсақ, «Аста­на ақшамы» газетінің 8 ақпан­дағы №16 санында «Жылы аял­дамалардың жөні бөлек» атты мақала жарық көрген болатын. Аталмыш мақалада Лондон, Хельсинки, Стокгольм сияқты бірқатар шетелдік үлкен қалалардағы барлық жағдайы қарастырылған жабық аялдамалардың тәжіри­бесімен бөліскен болатынбыз. «Новосібір қаласы мен Толмачёво селосының қиылысқан жерінде тұрған жылы аялдама кішігірім станса немесе бекет сияқты. Модерн стиліндегі бұл тұрақта жылы кондиционері бар күту залы, маршруттағы автобустар жүргізушілері үшін тегін демалыс бөлмесі, душ бөлмесі, шағын ас бөлмесі және әжетхана орналасқан. Кемінде 40 адамға лайықталып жасалған күту залының ішкі жағында үш қатарлы керемет орындықтар, кофе мен снек автоматтары қойылған. Бұдан бөлек, мүгедектер үшін арнайы тегін әжетхана да жасалған. Тап осындай аялдамалар Мәскеуде эксперимент ретінде 2014 жылдан қойыла бастаған. Бірден көпшіліктің көңілінен шыққан мұндай нысандар саны біртіндеп көбейе түскен. Қазіргі таңда Кремльді қалада осы тектес 28 аялдама бар» делінген Серік Пірназардың мақаласында.
Әлбетте, шетелдік озық аялдамалар туралы ақпаратқа көз жүгірткенде, еріксіз таңдай қағасың. Бізде де солай болғанын қалайсың. Дегенмен, биыл Астанадағы жылы аялдамалардың саны он есеге көбейетін болды. Яғни 27-ден бөлек, елордада тағы 200 жабық аялдама салынбақ. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев ақпан айында әкімдік аппараттың кезекті апталық отырысында мәлімдеген болатын. «Ең алдымен жылы аялдамалар мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларға қолайлы, яғни мектеп, аурухана сияқты басқа да әлеуметтік нысандарға жақын болуы керек. Осы жылы қажетті деген орындарға 200 аялдаманы күз-қыс айлары жақындағанша орнатып үлгеруге тиіспіз» деген Әсет Исекешев жауапты мамандарға болашақ жабық аялдамалар тізімін Астана әкімдігінің ресми сайтында жариялап, қала тұрғындарымен бірігіп талқылау керектігін тапсырған еді. Бұл тұрғыда осы қаланың тұрғыны ретінде алдағы уақытта салынатын жабық аялдамаларда дәретхана қарастырылса деген ұсыныс-тілегіміз бар. Егер жобалау­шылар осыны ескерсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button