Басты ақпарат

ЕЛДІГІМІЗДІҢ, ЕРЛІГІМІЗДІҢ МЕРЕКЕСІ

казак-550

Астанада 11-13 қыркүйек күндері Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шаралар өтеді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова мәлім өтті.

Биылғы мемлекеттік мерейтойлардың ішінде ұлттық  тарихымызды, шыққан тамырымызды түптеп тануға, елдігімізді бағалап, ерлігімізді дәріптеуге жетелейтін – Қазақ хандығының 550 жылдық тойының салмағы айрықша десек болады. Сондықтан да, айтулы мереке екі кезеңде өтпек. Алғашқысы – Астанадан бастау алса, екіншісі – 9 қазанда  Қазақ хандығының туы тігілген талайғы Тараз жерінде жалғаспақ.

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, 11 қыркүйек күні Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын өтеді. Ал, түстен кейін Назарбаев университетінде «Мәңгілік ел» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, кешқұрым «Барыс» мұз сарайында театрландырылған мазмұнды қойылым көрсетіледі.

Осыған орай, Астана қалалық  мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов:  – Үлкен мереке аясында «Қазақ елі» монументі алаңы үш күнге елорда тұрғындары мен қала қонақтары тамашалай алатын үлкен этно-ауылға айналады. Алаңда елу киіз үй тігіліп, екі үлкен сахна, алтыбақандар, спорттық алаңдар, тайқазандар және басқа да нысандар орнатылады, – деді.

Бас қалада өтетін мерейтойды бастап беру міндеті халқымыздың ардақты ұлы Асанәлі Әшімовке жүктеліпті. Атақты тұлға айтулы мереке жайында да өз пікірін білдіріп:

–  Халқымыз үшін Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесінің орны бөлек. Бүгінгі өскелең  ұрпақ жастайынан елінің тарихын,  дәстүрін біліп өсуі керек.  Жуырда мен Оралдағы Бөкей, Жәңгір хандар өмір сүрген  «Орда»  деген тарихи елде болдым. Ол жерде де көлемді шаралар  өтті. Енді елорда төрінде  айтулы мереке тойланбақ.  Осы айрықша уақиғаны бастап беру міндеті маған тапсырылғанына ерекше бақыттымын. Сондай-ақ, мен қызмет істейтін М.Әуезов театрының әртістері де осы шараға атсалысады, – деді.

         Айтпақшы,  мерзімді баспасөзде де, әлеуметтік желіде де Қазақ хандығының торқалы тойына орай  қолға алынған фильм жайында түрлі пікірлердің  айтылып жүргені мәлім. Сондықтан,  Ақтоты Райымқұлова жаңа туындыға қатысты:

– Кино өндірісі өте күрделі сала болып есептеледі. Оны дайындау, актерларды іріктеу, түсіру мерзімдері болады. Бүгінгі таңда Қазақ хандығы туралы фильм дайындық мерзімінен өтіп, түсірілім жұмыстарына кірісті. Желтоқсанға қарай алғашқы серияларды көреміз деген үміттеміз, – деді.

 Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button