Астана аудандары

Елдік мүдде – ең бірінші орында

Елорда тұрғындарын толғандырған түйткілді мәселелер аз емес. Солардың бірі – қаланы газдандыру, аулаларды абаттандыру, жаңа мектептер, балабақшалар мен емханалар салу, бейнебақылау камералары мен жылы аялдамалар орнату. Жақында Алматы ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов газетіміздің тілшісімен болған сұхбат барысында дәл осы проблемалар төңірегінде пікір білдірді.

[smartslider3 slider=2220]

– Нұрбол Төлегенұлы, аудан тізгінін қолға алғаныңызға аз ғана уақыт өтсе де, тұрғындардың көкейкесті проблемаларын жазбай танып келесіз. Жалпы, аудан жұртшылығы сізге қандай мәселелермен жиі шағымданады?

– Мен үнемі көшпелі кездесулер мен жеке қабылдаулар өткіземін. Аудан әкімі ретінде әр мәселенің шешімін табуға тырысамын, бірақ олардың кейбірі аудан әкімдігінің құзыретіне кірмейтіндіктен, олардың мәселелері барлық уақытта бірдей оңай шешіле бермейді. Мысалы, баспана мәселесі. Кездесулер кезінде тұрғындар орталық кәріз және су құбырын тарту мәселелерін жиі көтеріп, бейнебақылау камераларын, жылы аялдамалар орнатуды, сондай-ақ аулаларын абаттандыруды сұрайды, заңсыз салынған ғимараттарды бұзуға қатысты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік-құқықтық қорғау мәселелері бойынша шағымданатындар да кездеседі. Мұндайда біз жағдайды мұқият зерттеп, мүмкіндігінше олардың шешілуіне үлес қосамыз.

– Елорда үшін соңғы жылдардағы көші-қон процестері мен халық санының күрт өсуіне байланысты жаңа мектептер мен медициналық мекемелерді салу мәселесі өзекті болып тұр. Алдағы уақытта ауданда қандай білім және денсаулық сақтау нысандары бой көтереді?

– Биыл аудан аумағында ­Қошқарбаев даңғылы, 34 мекенжайы бойынша 600 орындық Spectrum халықаралық мектеп-­балабақша салынады. Байтұрсынов көшесі ауданында 1200 орындық Ахмет Ясауи атындағы жеке мектеп салу және осы көшенің бойына 725 орындық жалпы білім беретін мектеп құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Аудан аумағында медициналық ұйымдарды салу мәселесі бойынша №1 көпсалалы қалалық ауруханаға 250 орынға шақталған перинаталдық ғимарат салу көзделіп отыр. Қобда көшесі мен Абылайхан даңғылының қиылысында жалпы аумағы 2,6 га болатын перинаталдық орталық бой көтереді. Қазіргі уақытта ғимараттың эскиз жобасы әзірленіп жатыр. «Интерна­циональный» тұрғын алабында 150 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы салынады. Аманжол Бөлекпаев (бұрынғы А98 көшесі) көшесінің бойында жеке инвестор ауысымына 500 келушіге арналған агроөнеркәсіп кешенін салуда, К.Әзірбаев пен А.Бөлек­паев көшелерінің қиылысынан (жобалық атауы) жер телімі бөлінген, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен бірге ауданымызда медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана салу жұмыстары жалғасуда.

– Аулаларды абаттандыру бағдарламасына сәйкес «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы негізінде биыл қандай іс-шаралар жүзеге асырылады?

– Өтінімдерді жинау 10 наурызға дейін жарияланған «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасына қоса, биыл Алматы ауданында тұрғындардың жайлылығы үшін өте ауқымды бағдарлама жоспарланып отыр. 80 аула абаттандырылып, ескі ойын алаңдары қайта жаңғыртылады. Қараусыз қалған «Жерұйық-2» саябағы қайта жөндеуден өткізіліп, Оңтүстік-шығыс шағын ауданы мен Абылайхан даңғылы тұрғындарының бос уақыты мен демалысын тиімді ұйымдастыратын керемет орынға айналады.

Сондай-ақ «Встреча», «Жібек жолы» және «Гүлжан» сауда үйлері ауданындағы қоғамдық кеңістікті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу көзделуде. Жалпы ауданның сәулеттік келбетін жақсартуға, бүкіл аумаққа сыртқы жарықтандыруды орнатуға барынша күш салуды жоспарлап отырмыз, бұл өз кезегінде қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етуге көмектеседі. Аталған мәселелердің барлығы ауданның орталық бөлігін ғана емес, сонымен қатар барлық тұрғын алаптарды, соның ішінде «Железнодорожный», «Интернациональный», «Промышленный» және т. б. елді мекендерді қамтиды.

– Аулалардың абаттандырылып жатқаны, әрине, көңіл қуантады, бірақ астаналық үйлердің қасбеттері еш сын көтермейді. Осы мәселе алдағы уақытта қалай шешіледі?

– Қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері – кондоминиум объектісінің ортақ меншігі. Үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері ортақ мүлікті және үйді күтіп-ұстауға жұмсалатын барлық шығындарды өтеуге қатысуға міндетті әрі тұрғын ғимараттың сақталуы мен қауіпсіз пайдаланылуына жауапты. Ортақ мүлікті жөндеу меншік иелерінің жинақ қаражаты есебінен немесе мақсатты қаражатты жинау арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуге қайтарымды қаражат бөлінуде. Қайсысы, яғни мәселені шешудің бірінші немесе екінші нұсқасын тұрғындар өздері таңдайды, ол жалпы жиналыста шешіледі. Өйткені кондоминиум объектісін басқарудың жоғары органы – меншік иелерінің жалпы жиналысы. Бұл ретте аудан әкімінің аппараты Тұрғын үй басқармасының, Тұрғын үй инспекциясының және «Өркен қала» бағдарламасы операторының қатысуымен бағдарлама шартын нақтылау мақсатында жалпы жиналыстар ұйымдастырады.

– Аудан әкімдері білім саласына, мектеп инфрақұрылымының жағдайына жіті көңіл бөлуі керек. Осыған орай бүгінгі таңда қандай мәселелер билік тарапынан шұғыл шешім қабылдауды қажет етіп отыр?

– Ағымдағы жылдың басында аудан мектептерінің басшыларымен жиын өткізіліп, онда қордаланған мәселелер талқыланды. «Жол картасы» жасалды. Күн сайын маңызды мәселелерді зерттеу және анықтау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдардың және коммуналдық қызметтердің қатысуымен білім беру объектілеріне барып, ондағы жағдайлармен танысамыз. Сондай кездесулерде ғимараттардың төбесін жөндеу, спорт және акт залдарын қайта қалыпқа келтіру, мектеп аумақтарын абаттандыру, автотұрақтарды реттеу сияқты түйткілді мәселелер айтылады. Бірқатар білім мекемелерінде құрылыстарды кеңейту, қосымша ғимарат салу тақырыбы өткір қойылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін турникеттерді, қоршауларды және тағы басқаларды орналастыру мәселесін шешу қажет. Осы мәселелерді болдыр­мау үшін тиісті коммуналдық қызметтерге нақты тапсырмалар берілді. Білім беру ұйымдарын аралау қорытындысы бойынша ескертулерді жою мақсатында іс-шаралар жоспары құрылып, қалалық Білім басқармасымен күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу жөнінде кеңес өткізілді.

– Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Осыған байланысты аудан аумағында қандай іс-шара­лар жоспарланды немесе жүзеге асырылуда?

– Балалар жылы аясында ауданның тұрғын алаптарында аниматорлардың қатысуымен балаларға арналған бұқаралық іс-шаралар өткізілді. Триатлон саябағында балаларға арналған жаппай коньки тебу, викториналар, жүлделі ойындар мен концерттік бағдарлама, сондай-ақ демалыс күндері Алматы ауданында саябақтар мен қысқы нысандарда апта сайын балаларға арналған мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады. Бұл шаралар жергілікті кәсіпкерлер мен демеушілердің қолдауымен өтеді. Интерактивті ойын-сауық форматында өтетін басқа да іс-шаралар барысында аниматорлар мен әртістер балалармен түрлі ойындар ойнайды, би билеп, кішкентай келушілерге тәттілер таратады.

Президент саябағында, «Жерұйық» саябағында, Қазақ елі алаңында, Ақбұлақ жағалауын­да және ауданның тұрғын алаптарында қыс бойы сырғанақтар мен мұз айдындары жұмыс істейді, қарда жүретін көліктер мен сүйрегіштерді жалға беру жақсы ұйымдастырылған. Мұз айдындарында ыстық тамақ пен конькиді жалға беру пункттері де бар. Жазда автокөліктер мен велосипедтерді жалға алу, сонымен қатар аттракциондардың үздіксіз жұмысы жолға қойылған. Көпқабатты үйлердің аулаларында футбол, баскетбол, ойын алаңдары бар. «Жастар» саябағында баскетбол, стритбол секілді спорт түрлерімен шұғылдануға арналған «Колизей» спорт нысаны салынды.

Аудан мектептерінде балаларға арналған түрлі спорт секциялары тегін жұмыс істейді, сондай-ақ олардың аумағында спорт алаң­дары, футбол алаңдары, хоккей корттары да жабдықталған. Оқушылар сарайында 100-ден астам спорт секциялары мен үйірмелері ұйымдастырылған.

Бүгінгі таңда Алматы ауданында 12 балалар аула клубы бар. «Железнодорожный» тұрғын алабында дене шынықтыру-сауық­тыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ал «Интерна­циональный» тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға орын белгіленіп жатыр. Сонымен қатар жыл бойы дарынды балаларды қолдауға және ынталандыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар жоспарлануда. Мүгедек балалар мен жетім балалардың мүдделерін қорғау бойынша қосымша бірқатар шаралар қабылданды.

– Елорданың іргесін газдандыру ең маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Бүгінде барлық жекеменшік жер үйлер газға қосылған ба? Көпқабатты үйлер газбен жылытылады ма?

– Бүгінгі таңда аудандағы барлық тұрғын үй алаптары мен жеке секторға газ тартылды. Тұрғындарға тек «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясына жүгіну, техникалық шартты алу, монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымды табу ғана қалды. Ауданда бар болғаны 6300 абонент болса, 2610 техникалық шарт беріліп, 1231 абонент газға қосылды. 200-ден астам абонент монтаждау жұмыстарын жүргізіп, қазір қосылу сатысында.

Тұрғындарды хабардар ету үшін әкімдік қызметкерлері көшелерді аралап, жадынамалар таратады, әкім аппаратының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қажетті ақпарат орналастырылады. Техникалық шартты алу үшін құжаттарды жинау кезінде көптеген мәселелер туындайды, бұл ретте барлығы заң аясында жасалуы керек. Осы мәселе бойынша тұрғындар әрқашан уәкілетті органдар мен ұйымдардың өкілдерінен құралған аудан әкімдігінің жұмыс тобынан кеңес ала алады.

Тұрғындар мердігерлерді таңдау­ға мұқият қарауы керек. Белгісіз фирмалармен келісімшарт жасалып, сотқа жүгінуге тура келген жағдайлар да болды. Көбінесе бұл – нарықтағы ең төмен бағаларды ұсынатын фирмалар. Сондықтан фирмаларда лицензиялардың және осы саладағы тәжірибесінің болуына баса назар аударған жөн.

Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлердегі автономды қазандықтарды көгілдір отынға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Ауданда сұйытылған газбен жылытылатын төрт көпқабатты тұрғын үй бар: Төлебаев көшесі, 25-үйде орналасқан «Табыс» тұрғын үй кешені; Сүткен көшесі, 30 және 30/1 үйлер газға көшірілді; Қапал көшесі, 1/1 үйде монтаждау жұмыстары аяқталуда.

Айта кетерлік бір жайт, көпқабатты үйлерді көгілдір отынға көшіру тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Біз өз тарапымыздан техникалық шарттар мен құжаттарды рәсімдеуге барынша көмек көрсетеміз. Қазіргі таңда мұқият назар аударуды қажет ететін барлық басқа мәселелер сияқты ауданды газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда. Біз үшін елдік мүдде – бірінші орында. Аудан тұрғындарын толғандырған барлық мәселелер осылайша сәтімен шешіліп, жұртшылықтың жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді.

 Дайындаған Гүлбаршын Өкешқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button