Басты ақпарат

Баға неге ала-құла?

Үйіміздің алдында «Арзан» деп аталатын азық-түлік дүкені бар еді. Күнде таңертеңгілікте содан нан, сүтімізді алып тұратын едік. Екі күн бұрын сол дүкен аяқастынан жабылып қалды. «Бұған не болды?» деп мән-жайды сұрастырып білсек, «өткен төтенше жағдай кезінде сатушылар дүкендегі бағаны заңсыз көтерді» деп үстінен тұтынушылар шағымданыпты. Соған байланысты дүкеннің жұмысы уақытша тоқтатылыпты. Бұл адамдардың көңіліне қуаныш ұялатты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде айтылғандай, алдағы уақытта бағаны өз беттерінше көтеретіндермен ымырасыз күрес жүретіндігіне халық сене бастады.

[smartslider3 slider=2228]

Кейінгі кезде монополияға қарсы ведомство да елдегі төтенше жағдай кезінде бағаны негізсіз қымбаттатқан бизнес өкілдерінің үстінен тексеріс жүргізуде. Тек қаңтар айында ғана Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұқарамен байланыс телефонына 2000-ға тарта қоңырау шалыныпты. Солардың барлығы да азық-түлік пен көрсетілетін қызмет түрлеріне және таксиге бағаның шамадан тыс шарықтап кеткендігі жөніндегі арыз-шағым болған.

Олар бірінші кезекте тұрғындар күнделікті нан-сүтін алатын азық-түлік дүкендері мен азық-түлік базарлары, кейбір автомобиль май құю бекеттері ел басына түскен қиыншылық кезінде бағаны үш-төрт есеге дейін шарықтатқандарын айтып күйінеді. Негізінен, осының барлығы шағын коммерция­лық құрылымдарға қатысты болып отыр.

Бізде бағаны нарық айқындайды дегенімізбен, қалтасының қамын ойлайтындарды тіпті де ақтауға болмайды. Оның үстіне қаламызда әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтар да бар. Оларға азық-түлікке құжат жүзінде шектік баға да белгіленіп қойылған. Алайда қаңтардағы сол бір дағдарыс, тауарлардың уақытылы жеткізілмеуі кейбір коммерсанттарға осы сәтті пайдаланып қалуға мүмкіндік берген де сияқты. Сол бір дүрбелең күндері такси бағасы да бұрынғыдан екі-үш есеге өсіп кеткен.

Елордада қанша базар бар, әр базарда баға әртүрлі. Мәселен, «Әсем» базарында сиыр етінің бағасы 2500 теңгеден болса, «Шапағат» базарында – 2300 теңге. Ал «Еуразия» базарында – 2700 теңге. Сонда мұны да нарықтық қатынасқа саямыз ба?

«Министрліктер үйінен «Еуразия» базарына дейін екі мың теңге сұрап тұрды. Неге сонша қымбат десем, баға солай, мен емес бағаны қоятын деп бет бақтырмайды. Амал жоқ, келістік» дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ермек Асылжанов.

Мұндай жағдайлар тек елордада ғана емес, еліміздің басқа да қалаларында қайталанған. ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі өкілдерінің айтуынша, ашулы азаматтар такси қызметінің бағаны шектен тыс көтеріп жібергеніне шағымданып, ведомствоға бірнеше рет телефон соққан. Нәтижесінде «Яндекс. Такси» сервисіне қатысты жүз шақты адамның үстінен қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Осыған байланысты ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы Серік Жұманғарин былай деді:

 «Үстіміздегі жылдың қаңтар айындағы төтенше жағдай кезінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 45 такси жүргізушісі алдын ала сөз байласу арқылы бір мезгілде баға тарифін көтерген. Қазір осыған орай «экономикалық қызметті үйлестіру белгілері» анықталатын болса, біраз адамдардың жауапкершілігі қаралатын болады. Бұл, түптеп келгенде, монополияға қарсы заңдылықты өрескел бұзу» деді.

Ал заңгер Қанат Шоқабаев­тың такси жүргізушілеріне деген көзқарасы сәл басқашалау. Ол өз еңбектерімен нан тауып жүрген бұл адамдарды онша айыптай қоймайды.

«Бұл мәселе өткен жылы да көтерілді. «Таксиге бір тарифті баға қалыптастырайық» деген пікірлер сонда да айтылды. Бірақ бүгінгі кезеңде ол мүмкін еместей көрінеді. Өйткені ауа райының қолайсыздығы, жол жағдайы, кептеліс кезі дегендей жайлар таксидің жол жүру бағасына әсер етпей қоймайды. Бұған дейін де кейбір қоғамдық ұйымдар «таксиге максималды баға шегін белгілейік» деген ойларын ашық білдірген болатын. Екінші бір пікір «ең төменгі бағаны» өздері белгілесін, сөйтіп, жүргізушілер бір-бірімен бәсекелестікте жұмыс істесін» деп те жазылды. Бірақ ақиқатына жүгінсек, жүргізушілер баға қалыптастыруда онша маңызды рөл ойнамайды. Бағаны, жоғарыда сөз болғандай, жағдай анықтайды. Нақтырақ айтқанда, «қауырт шақ», тәуліктің белгілі бір мезгілі, таксиге тапсырыстардың саны, жол жүру ақысы деген сияқтылар комиссиялық үстемені көтеруге басты себепкер болады. Сондықтан «Яндекс» мұндай кезде «қызу жұмыс уақыты» деп коэффициентін көтеріп жібереді. Содан келіп жол жүрудің базалық бағасы да көтеріліп шыға келеді. Олар мұны «шарасыздықтан жасалып отырған уақытша шара» әрі «жолаушылардың өздеріне де тиімді бәсекеге жол ашады» деп өздерін ақтап алып отыр. Шынында да, нарықтық қатынастың өз заңдылықтары бар екені рас» деді заңгер.

Қайткенде де үш қаладағы такси жүргізушілерінің үстінен түскен арыз-шағымдарды таяу уақытта Бәсекелестікке қарсы агенттік қарап, жұртшылыққа бір жауабын айтатын болады.

Ендігі мәселе – базардағы бағалардың ала-құлалығы. Елордада қанша базар бар, әр базарда баға әртүрлі. Мәселен, «Әсем» базарында сиыр етінің бағасы 2500 теңгеден болса, «Шапағат» базарында – 2300 теңге. Ал «Еуразия» базарында – 2700 теңге. Сонда мұны да нарықтық қатынасқа саямыз ба?

Тағы бір мысал, он жылдан бері сары май сатумен айналысып келе жатқан Ақлима Смағұлова алдындағы сары майдың келісіне бір күннің ішінде жүз елу теңге қосылғанын айтады.

Жылқы етінің килосы «Әсем» базарында 2900 теңгеден, сиыр еті 2500 теңгеден сатылуда екен.

«Ет бағасының өсуіне мал азығы мен жанар-жағармай бағасының шарықтауы себеп болып отыр. Десе де бұл қымбатшылық ет сататын кәсіпкерлерге де оңай болып тұрған жоқ. Бұрындары бір ірі қараның еті сол күні-ақ сатылып кететін. Қазір бір аптада сатып бітсек те қуанатын болдық. Сауда өте баяу жүруде. Кешегі елімізде болған төтенше жағдай да біздің саудамызға кері әсер еткенін жасыруға болмайды» дейді «Әсем» базарының ет сатушысы Ерсайын Бекетов.

Иә, бағаны өсірмеудің қандай жолы бар? Қазақстан Үкіметі де, біз сөз етіп отырған Бәсекеге қарсы монополиялық агенттік те енді осы мәселеге дендеп көңіл бөлуі керек-ақ.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button