Басты ақпарат

Елдің төрі – Елорда

Мемлекет басшысының дер кезінде қабылдаған шешімдерінің арқасында шалғайдағы шағын шаһар – Ақмола ел астанасына айналғалы ширек ғасырға жуықтады. Содан бері ерке Есілдің етегінде зәулім ғимараттар бой көтерді, қаланың инфрақұрылымы қарыштап дамыды. Бүгінде қай саланы алып қарасақ та, бас шаһар басқа өңірлерге үлгі көрсетіп, егемен елдің көшін алға сүйреп келеді. Тәуелсіз Қазақстанның әр қадамы, әр табысы елордамен тығыз байланысты.

[smartslider3 slider=3405]

 

1997 жылдың 9 желтоқсанында Ақмола қаласына мемлекеттік рәміздеріміз жеткізіліп, Президент Резиденциясында көк Туымыз желбіреді. Дәл осы күні Алматы қаласының тұрғындары Елбасымызды жаңа орталыққа шығарып салу рәсімін ұйымдас­тырса, ал ертесіне, яғни 10 желтоқсан күні Елбасының Ақмола қаласындағы Резиденциясында ел Парламенті мен Үкіметінің бірлескен салтанатты мәжілісі өтті. Бұл алқалы жиынды ашқан Н.Ә.Назарбаев Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап мемлекетіміздің астанасы болып табылатынын ресми түрде мәлімдеді. Осылайша, Сарыарқа жерінде жаңа елорда – Астананың жасампаз тарихы басталды.

ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ – НАЗАРДА

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында елорда әкімі Алтай Көлгінов тұрғындармен кездесіп, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін үнемі ескеріп келеді.

2021 жылы қала әкімінің қабылдауында болған мыңға жуық елордалықтың басым бөлігі тұрғын үйге кезекке тұру, кезек нөмірін тексеру, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, тұрғын үй сертификатын алу, кредиттік және жалға берілетін пәтерлер бойынша мәселелер көтерді. Соның негізінде осы жылдың күзінде тұрғын үй саласында қызмет көрсететін бірыңғай орталық ашылды. Онда тұрғын үйге қатысты туындаған көптеген мәселелер бойынша кеңес алуға болады.

2022 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша қала әкімі 400-ден астам тұрғынды жеке қабылдады. Көтерілген мәселелердің дені сол жерде шешілсе, қаладан сыртқары орналасқан тұрғын алаптарға жылы аялдамалар орнату, кәріз жүргізу, әлеуметтік нысандар салу, аула аумақтарын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл елордалықтардың сұранысымен қалада 30-дан астам аула мен қоғамдық кеңістік, соның ішінде «Пригородный», «Үркер», «Тельман» елді мекендері абаттандырылды.

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Бас қала тұрғындарының саны жылдан жылға артып келеді. Халықтың қарқынды өсуімен қатар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды, жолдар мен тұрғын үйді, балабақша мен мектептерді көбейту мақсаты туындады. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінде еліміздің бас қаласында бұл мәселелер оң шешімін табуда.

Қазіргі таңда елордада тұрғын үйге мұқтаж 48 мыңға жуық азамат мемлекеттен үй алуға кезекте тұр. Кезекте тұрғандарды есепке алу 5 санат бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, бұл санаттарға жетім балалар, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтар, тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылғандар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардағы және әскери қызметкерлер жатады.

– Халық санының өсуімен бірге тұрғын үйге деген қажеттілік те артып отыр. Соңғы жылдары, әсіресе қолжетімді баспана санын 3 еседен астам арттырдық. Соған қарамастан, кезекте тұрғандардың қатары да көбейіп келеді. Осыған орай, құрылыс компанияларынан тұрғызылып жатқан үйдің бір бөлігін қолжетімді бағамен сатып алып, құрылыс индустриясын дамытып жатырмыз. Алдағы уақытта осы қарқынды төмен түсірмеуіміз керек, – деді А.Көлгінов.

ҮЛЕСКЕРЛЕР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛІП ЖАТЫР

Көп жылдар бойы күрмеуі шешілмеген үлестік құрылыс, шеткі аймақтарды дамыту, қалалық кеңістіктерді құру, газ тарту, көшедегі кептелістерді азайту, апатты үйлерді бұзу сияқты күрделі мәселелерге қатысты шешімдер қабылданып келеді. Қала билігі осы бір өзекті мәселені келер жылы толығымен шешуді жоспарлап отыр.

Жасыратыны жоқ, бұған дейін бас қалада үлескерлік құрылыс мәселелері аса күрделі болған еді. Соңғы жылдары ол да шешімін тауып келеді. Бұл ретте елорда билігі әрбір құрылысы ұзаққа созылған нысан бойынша күнделікті, апталық жұмыс істеу жоспарын негізге ала отырып, нәтижелі еңбек етуде. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын пәтерлерсіз қалған үлескерлер саны 16000-ға жуық болды, бұл – 150-ден астам нысан. Қазірдің өзінде 13000-нан астам отбасының проблемасы шешілді, бірақ тағы да 3000-ға жуық үлескер қалды.

– Олар өте проблемалы нысандар: жобалау-сметалық құжаттамасы жоқ, қаржылық моделі қарастырылмаған, тиісті қаражат бөлінбеген. Баспанасын күткен осы 3 мың отбасының жартысының мәселесі биыл, қалған бөлігінікі 2023 жылы толығымен шешіледі. Ең бастысы, құрылысы ұзаққа созылған үйлерді салып бітіруді Мемлекет басшысының өзі бақылауда ұстап отыр, – деді әкім.

Осылайша, Президент тапсыр­масына сәйкес, бюджеттен қыруар қаражат бөлінді. Сөйтіп, үлескерлер мәселесі бірте-бірте шешіліп келеді. Қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді, енді құрылыс салушылар аяқталмаған пәтерлерді қалай болса солай сата алмайды. Үлестік құрылысқа рұқсат алу үшін белгілі бір кепілдіктер қажет. Қала әкімдігі мұндай құрылыс салушылардың қара тізімдерін үнемі жариялап отырады. Әкімдіктің алдындағы ендігі міндет – қалған үлескерлермен проблемаларды шешу және осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу.

ГАЗДАНДЫРУ ЖОСПАРЛЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ 

Бас қаланы газбен қамтамасыз ету нәтижесінде ауадағы зиянды қалдықтар 6 есеге дейін азаяды. Қаланың экологиясы жақсарады, ал бұл тұрғындардың денсаулығына жағымды әсер етеді. Мамандардың айтуынша, шаһар толықтай газдандырылғанда зиянды қалдық ауаға таралмайды.

Бүгінгі таңда елордада газ тарту жұмысы жоспарға сай жүріп жатыр. Алматы және Сарыарқа аудандарында 680 шақырым газ желілері тартылды. Енді үйлерге газ қосу жұмыс­тары жүргізілуде. Әкімдік газ есептегіш құралын тегін қойып береді, ал тұрғындар газды үйге дейін кіргізуі және пешін сатып алуы керек. Бұл ретте аз қамтылған отбасыларға мемлекеттен көмек те беріліп жатыр. Бұрын оның көлемі 160 мың теңге болса, қазір мәслихатта талқылап, жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, 400 мың теңгеге дейін берілетін болды. Әрине, бұл қарапайым халық үшін едәуір қолдау. Қала билігі сондай-ақ банкпен келісіп, пайызсыз қаражат беруді де қарастырып жатыр.

– Газ қосуға лицензиясы бар мекемелермен де жиі-жиі кездесіп, халыққа қызмет көрсетерде бағаны шарықтатпау жөнінде айтып отырамыз. Бүгінде Есіл және Байқоңыр аудандарында газ тарату желілері жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, «Үркер», «Ильинка», «Пригородный», «Тельман», «Шұбар» елді мекендеріне газ келесі жылы өткізіледі. Қазіргі таңда жобалық-сметалық жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді шаһар басшысы.

Сонымен бірге жылыту желілеріндегі ЖЭО-ның су жылытқыш қазандықтарын да газға көшіру жоспарланып отыр. Осының бәрін газға көшіргенде, қаланың ауасы біраз тазарып қалары анық. Сондықтан, газдандыру мәселесі аса маңызды.

ЖЕҢІЛ РЕЛЬСТІ КӨЛІК ЖЕЛІСІ

Соңғы он жылдан бері елорда жұртшылығының ғана емес, еліміздің назарындағы басты мәселе – LRT құрылысы. Оған қыруар қаражат жұмсалды. Мемлекет 475 млн доллар займ алды. Осыған орай, қалалық
Урбанистика орталығына 400-ден астам ұсыныс келіп түсті. Оның басым бөлігі, әсіресе мамандар бұл құрылысты аяқтау қажеттігін айтады.

Жоба аясында алғашында жеңіл рельс үстіндегі көлік желісі бойында 18 станса салу көзделсе, оны қысқарта келе 8 станса салынатын болды. Дегенмен болашақта станса санын көбейту үшін орын қалдырылады. Желі әуежайдан бастап Қабанбай батыр даңғылын бойлай, Сығанақ көшесінен оңға бұрыла, «Мыңжылдық» аллеясын басып өтіп, «Нұрлы жол» вокзалына дейінгі аралықты қамтиды. Ұзындығы 22 шақырымды құрайды. Әкімнің сөзінше, осы жолда бастапқыда 19 жылжымалы құрам жүргізу көзделген, оңтайландырғаннан кейін оны 5 құрамға қысқартқан. Әр құрамға жалпы саны 600 адам сыятын 4 вагон жалғанады. Олардың аралығындағы уақыт 15 минуттан болады деп жоспарланып отыр.

– LRT құрылысын жалғастыру туралы шешімге келерде қала халқының қарқынды өсу динамикасы ескерілді. Қазір қаланың басты көшелеріндегі негізгі магистралдарда, мәселен, Қосшыдан қалаға кіреберісте, Қабанбай батыр, Тұран даңғылы бойында, Сығанақ, Түркістан көшелерінде кептеліс көп, сондықтан бұл көлік түрінің қажеті зор, – деді әкім.

Елордада қоғамдық көлікті субсидиялауға жыл сайын жергілікті бюджеттен 13 миллиард теңге бөлінеді. Ал LRT жобасын субсидиялау үшін жылына 3 млрд теңгеге шығады екен. Автобусқа күн сайын шамамен 700 мың адам отырса, алдын ала жүргізілген есеп бойынша жеңіл рельс үстіндегі көлікті күніне 25-30 мың адам пайдаланады деп жоспарлануда. Бюджеттен қаржы бөлу мәселесі Үкімет, тиісті министрліктер деңгейінде талқыланды. Енді қаржы бөлінсе болды, қытайлық консорциум жоба құрылысын 2 жылда аяқ­тауға уәде беріп отыр.

ЖАЙЛЫ ҚАЛА ЖОСПАРЫ

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары қабылданғалы бері осы құжатқа сәйкес қоғамдық кеңістіктер салынып, аулалар абаттандырылып жатыр. Шаһарда демалыс орындары көбейіп, жаңа скверлер мен саябақтар ашылуда.

Мастер-жоспары аясында өткен жылы бас қалада 150 аула мен 40 қоғамдық кеңістік қайта жаңғыртылса, биыл 200-ден астам ауланы абаттандырып, балалардың спорт алаңдарын салу жоспарлаған болатын. Қала басшысының мәлімдеуінше, соның 100-і қала күніне таман елордамыздың төрт ауданында да аяқталады. Осының өзі – үлкен жетістік. Бүгінде мегаполисті абаттандыру мен қоғамдық кеңістіктерді қайта жаңғырту қала жұртшылығының пікірін ескере отырып жүргізіліп жатқаны қуантады.

Жаз айында жаңа көпірлер іске қосылады. Ұлы дала көшесіндегі жаңа вокзалға баратын көпір пайдалануға беріледі. Бұл сол жағалаудағы Мәңгілік ел, Түркістан, Сығанақ көшелеріндегі көлік кептелісін едәуір жеңілдететін болады. Ал Тәуелсіздік даңғылындағы Тәуелсіздік көпірі келесі жылы ашылады деп жоспарлануда.

P.S: Қысқасы, еліміздің жарқын болашағының бойтұмарындай еңсесі биік елордамызда тұрғындардың сұранысын қанағаттандыратын жұмыстар жүйелі атқарылып жатыр. Ал ажарлы астанамыз жайлылық, орнықтылық, экологиясы таза қала және тұрғындар саулығы принциптерін басшылыққа ала отырып, «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» жобасы аясында дами береді.

Гүлбаршын Өкешқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button