Жаңалықтар

ЕРТЕГІДЕЙ ЕЛІКТІРГЕН ЕЛОРДА

kartinki24_city_0023

Міне, бүгін елордаға келгеніме үш күн болды. Арман қуып келген Астана – еліміздің жүрегі, халқымыздың арманы. Ақтау – облыс орталығы болса да, бұл жерде өзімізді қалалықтан гөрі ауыл баласына ұқсататын сияқтымыз.

Ал, Астана ше? Оның жөні, әрине, бір бөлек. Ақтаудан жолға шығарда, яғни, туған үйден, анамнан, бауырларымнан, ата-әжемнен алыстарда мені бір қимастық сезім баурап алғаны рас. Жүрегім елжіреп, бауырларыма бір, ата-әжеме екі қарап, ана бөлмеден мына бөлмеге кіріп, бір нәрсесін жоғалтқан немесе ұмыт қалдырған адамдай күй кештім де қалдым. Дегенмен, жүрегімде бір алып ұшқан, өрекпіген сезім де болды. Қысқы каникулға келген кезімді өзімді Астанада оқитын студент ретінде елестетіп, арманымның бағытын айқындағандай болдым. Ата-әжем де әдеттегіден көбірек еркелететіндей, анам «ата баласы» деп онша көп сөйлемесе де, қимайтындығын көзімен ұқтырғысы келетіндей. Сол сезіммен өзімнің ес білгелі бауыр басқан мұнайлы өлкеме қимастықпен қол бұлғап бара жатсам да, «енді Ақтау мен Астана арасын жақындата түсемін» деген ой мені жұбатқандай еді.
Міне, сол армандаған Астанаға келгеніме үш күн, үш түн толды. Пойыздың вокзалға жақындай бастаған сәтінен бастап жүрегім өрекпіп, сыртқа көз тастап үлгердім. Адамдардың барлығы бір жаққа асығып бара жатқан секілді. Вокзалдан ағам – әкемнің інісі күтіп алды.
Ағам сол жағалауда тұрады екен. Сол жағалау қонағын асыға күтетін жаңа үй сияқты мұнтаздай екен. Ақорда, Бәйтерек, Министрлер үйі, тағы сол сияқты биік те әдемі көз тартар ғимараттарды, әсем де сұлу даңғылдарды көргенде арманыммен қауышқандай сезімге бөлендім. Бұйырса, енді елімнің жүрегі – Астанада оқимын! Каникулға барғанда бауырларыма «апаларыңдай жақсы оқыңдар» деп, мені үлгі етеді деумен арманымды ертеңгі күнге деген жақсы үмітпен ұштастырып отырдым.
Қасиетті Рамазан айы болғандықтан, анам ағама бірден мешітке апаруын өтінді. Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешіті өте әдемі имани орын екен. Әкеме, өткен ата-бабаларға Құран бағыштап, мешіттен шығып бара жатқанда анамның көзінен тамған жасты байқадым.
– Балам, әкең екеуміз сенің Астанада оқығаныңды, білімді азамат болғаныңды армандаушы едік. Міне, бұйырып, елордаға да келдің. Білімді де парасатты адам ретінде қалыптасып, әке мақтанышы болғаныңды қалаймын, – деді анам.
Ару қалаға бірден бауыр басып, жақсы көріп қалғаным да жасырын емес. Ағам анамды жұбатып, маған көмектесетінін айтып, «ештеңеден қиыншылық көрсетпеймін» деп жатыр. Анам мені ойлап, «Ақтаудан кейін Астанаға үйренісу қалай болар екен?» деген сияқты толғаныста болса, мен де өз ойыммен әуремін. Астананың салқын самалы, ақ мақтадай нәзік бұлттары, зәулім-зәулім ғимараттары, сымдай тартылған көшелері, субұрқақтары мен хауыздары, қызыл-жасыл гүлдері Жерұйықты елестететін сияқты. Астана – үкілі үмітпен жарқын болашағын жақсылықтан іздейтін жастар қаласы. «Сол жастардың бірі – менмін!» деймін іштей.

Гүлжанар САЙДІЛЛА,
Ақтау қаласы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button