Жаңалықтар

ЕРТЕҢІ ЕҢСЕЛІ ЕЛОРДА

«Мен астаналықпын» деген сөзді бүгінде бас шаһардың тұрғындары асқан мақ­танышпен айтады. Көз алдымызда көркейіп, қуатты мегаполиске айналып келе жатқан елордада өмір сүру шынымен-ақ көңілге бұлқынған шабыт сыйлайды. Өзіңді күні ертең ұрпақтар тамсана еске алып отыратын үлкен тарихтың куәгері сезінесің. Өйткені, болашақта атағы жер-жаһанға жайылатын ғимараттардың іргетасы дәл қазір қалануда. Солардың ішіндегі ең елеулілеріне төмендегі мақалада тоқталмақпыз.

1

Шар ішіндегі музей

Келешектегі Астананы елес­теткенде, қиялдағы көріністің қақ ортасына хрусталь сфера орнай қалады. «Болашақтың музейі» деп аталатын шар пішін­дес бұл үй – ЭКСПО-2017 көр­месінің негізгі символы. Оның диаметрі 80 метрге, биіктігі 97 метрге жетеді. Ал 8 қабаттық ғимараттың жалпы ауданы 26 мың шаршы метрге тең.
Алып сфераның әлемдік брендке татитындай ерекшелігі бар. Мәселен, Париждегі Эйфель мұнарасы конструктивизмнің хабаршысы болса, Монреаль­дағы «Хабитат 67» кешені брута­лизм бағытының дамуына қомақ­ты үлес қосты. Сол секілді футу­ристік формадағы біздің музейге ұқсайтын бірде-бір ғимарат әлі дүние жүзінде жоқ.
Нысанның құрылысына иіл­мелі, сирек кездесетін шыны пайда­ланылады. Әр панелі 850 келі тартатын бұл материал елімізде тұңғыш рет арнайы ЭКСПО үшін қолданылуда. Қас­беттік қаптаманың өзі фото­электрлік элементтерден құрал­ған екен. Соның арқасында күн­нен алынған энергияны электр энергиясына айналдырып, қуат көзін үнемдеуге жол ашады. Бұдан бөлек, объектінің жоғары жағында 2 жел генераторы ор­натылады. Ғимарат пішіні жел ағынын реттеуге мүмкіндік бере­тін қасиетке ие. Мұндай типтес ғимараттар ғаламда өте аз.
Шар-үйдің астыңғы қабатында тақырыптық маршруттар ұйым­дастырылады. Сол арқылы қо­нақтар біздің мемлекетіміздің тарихы, республикадағы көрнекі орындар, мәдени дәстүрлер туралы мағлұмат ала алады. Ал цифрлық, мультимедиалық және интерактивті технологиялар 2-8 қабаттардағы «Болашақ музейін» барынша кеңінен қабыл­дауға қолайлы жағдай туғызады.

Пойыздар «қалашығы»

Елордалықтар тағатсыздана күтіп жүрген маңызды нысан­дардың бірі – теміржол вокзалы. ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі қарсаңында пайдалануға берілетін әлеуметтік объект «Мыңжылдық аллеясы» ауданында бой көтереді. Ғимараттың ұзындығы – 630 метр, ені – 116 метр, биіктігі – 49,5 метр. Бұл дегеніңіз – ат шаптырымдай аумақ. Астананың қазіргі қолданыстағы вокзалы тәулігіне 7 мың адамды қабылдай алады екен. Ал жаңа вокзалдың қау­қары күніне 35 мың жолау­шыға қызмет көрсетуге жетеді.
Демек, көлемі жағынан ескісінен 5 есе ауқымды.
Вокзал ғимараты 6 қабаттан тұрады. Мұндағы заманауи тех­нологияның көмегімен жолау­шыларға ыңғайлы жағдай жасалады. Айталық, нысан термальдық қуат көздерімен жабдықталған. Яғни, ол ғимарат температурасын қыста жылы, аптап ыстықта салқын етіп ұстайды. Лифтілер де, эскалаторлар да энергия үнем­дегіш құрылғылармен жарақ­тандырылады.
Айтпақшы, пойыз күту про­цесі де едәуір жеңілдейді. «Екі иінінен дем алып жеткен» отарбалар енді тұп-тура вокзал ішіне кіреді. Сол үшін жабық үлгідегі 6 эстакада салынуда. Эстакаданың әрқайсысының ұзындығы – 2550 метр.
Вокзал жобасының сызбасын құрумен Санкт-Петербургтегі «Студия 44» сәулет өнері шеберханасы айналысыпты. Ілгеріректе аталмыш мекеменің жетекшісі Никита Явейннің бір сұхбатын оқыған едік. Сонда маман: «Астанадағы жаңа вокзалдың ең тартымды бөлігі – арка болады. Оған қараған кісі қазақ сияқты көшпелі халықтың тұрмысынан бірден хабар алады. Аркаға кереге элементтерін қостық. Ол вокзал мен сонда түйісетін жолдар арасындағы кемпірқосақ секілді иіліп тұрады. Мұнымен Астананың кеңдігін және әлемдегі теңдессіз қала атануға ұмтылысын көр­сетпекпіз» деген еді.

Болашақ футболшылар үйі

Аяқдопқа аңсары ауған азаматтардан сүйінші сұрайтын күн де алыс емес. Себебі, елордада бірегей футбол кешені салынбақ. Ол «Хет-трик» футбол инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының аясында бой көтереді. «Біз УЕФА тарапынан 8 миллион еуроға ие болдық. Оған қоса, Астана қаласының әкімдігі Момышұлы мен Тоқпанов көшелерінің қиылысынан 3,5 гектар жер бөлді. 2017 жылы сол аумақта үлкен футбол кешенін ұсынатын боламыз» дейді Қазақстан футбол федерациясының прези­денті Ерлан Қожағапанов.
Көп функционалды футбол кешені 2 блоктан тұрады. Оның жалпы ауданы 14 мың шаршы метрді құрайды. Ғимараттың бірінші бөлігі – жабық манежде көрермендерге арналған трибунасы бар, ауданы 7140 шаршы метрге тең футбол алаңы орналасады. Стадион сапасы жағынан ең озық заманауи стандарттарға жауап береді. Ал екінші бөлік – әкімшілік ғимарат.
Кешен аумағын жасыл желек­тендіру және абаттандыру жос­­­парланған. Мұнымен қоса, орындықтар, урналар, тро­туарлар мен көшелерді жарық­тандыратын шамдар орнатылады, 500 көлік сыятын тұрақ жасалады. Сондай-ақ, спорттық жаңалықтар мен трансляция­ларды көрсететін үлкен проек­циялық экран ілінеді.
Ғимараттың бірінші қаба­тында вестибюль, ресепшн, атрибутика павильоны, киім ілетін орын, әжетхана, 100-120 адамға шақталған асхана, брендті тауарлар дүкені, бапкерлер бөлмесі және төрешілерге арналған бөлме болады. Екінші қабатында жаттығу кабинеттері және фитнес залы орналасады.
Ал үшінші қабат Қазақстан фут­бол федерациясының ка­бинеттеріне бөлінген.

Астанадағы «Алатау»

Астанаға тау көшіріп әкелгелі жатыр деген жаңалыққа сенер ме едіңіз? Ұқсата білетін нағыз шеберге шаһар ортасынан тау тұрғызу не тұрады екен, тәйірі?! Қысқасы, алдағы уақытта елордада салынатын Ұлттық банк ғимаратының сыртқы көрінісін сіз де, біз де ұнатарымыз анық.
Әуежай маңынан қоныс те­бетін жаңа нысанның жобасын украиналық сәулетшілер ұшар шыңын қар басқан тау сілемдері пішінінде жасаған. «Архиматика» бюросының өкілдері осылайша елордаға жаңа келбет сыйламақшы. «Құрылысқа бөлінген аудан әлі толықтай игерілмеген. Онда қандай ғи­ма­раттар тұрғызылатыны әзір­ге белгісіз. Біздіңше, көп қа­батты зәулім үйлер салынатын шығар. Сондықтан кім биік деп көршілермен бәсекелеспес үшін өзгеше стильді ойлап тап­тық. Астанаға келгенімізде бұл қалаға көсіліп жататын құба дөңнің жетіспейтінін ұқтық. Оның үстіне, тау формасы – Ұлттық банк үшін де жақсы ырым ғой» деп түсіндіреді жобалық топтың директоры Александр Попов тың идеяның қалай туғаны жайлы.

2
Ғимараттың сызбасы Іле Алатауына ұқсас. Қарлы шың­дары барынша шынайы көріну мақсатында құрылыс кезінде қар тәрізді аппақ әрі майда кедір-бұдыры бар материал қол­дану жоспарланған. Кешен 2 параллель блоктардан тұрады. Олар атриуммен бірік­тіріледі. Ғимараттың 2 корпусы әкімшілік жұмыстарға, ал орталық бөлігі конференц-залдарға, бұқа­ра­лық іс-шара­ларға, банк қыз­меткерлері мен қонақтары баратын дәм­хана­ларға арналады.
Жаңа объект Астанада са­лынған креативті әрі танымал ғимараттар тізімін толық­ты­ратыны сөзсіз. Алда-жалда шетелге шыға қалғанымызда ол жақтағылар біздегі Бәйтеректі ғана емес, «бөркіне қар қон­дырған» Ұлттық банк ғимаратын да тіл жеткісіз әдемі әсермен әңгімелеп беретін болады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button