Экономика

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ

ЫҚПАЛДАСТЫҚ ҮДЕРІСІНЕ БЕС ҰСЫНЫС

ЕО

Еуразиялық одақ – ел тарихындағы экономикалық мега жоба. Сондықтан, интеграцияға мүше мемлекеттердің әрбірінде іс-қимылдардың айқын стратегиясы болуы керек. Осы орайда Ресей, Қазақстан, Белоруссия биыл мамыр айында қол қоюға уағдаласқан Еуразия экономикалық одағы бізге қай жағынан тиімді, қай жағынан есе жіберетінімізді
аз-кем саралап көрелік.

 

Бәсекеге қабілетті ме?

Еуразиялық одақ әу бастан-ақ бәсекеге қабілетті ғаламдық экономикалық бірлестік ретінде құрылуға тиіс. Бізді «модернизацияны қуып жету» принципіне ғана сүйенетін дамушы елдердің жиынтығына айналуға үміттің пайда болуы да, өзге әлемге табиғи ресурстар жеткізіп тұратын экспорттаушыға айналу идеясы да қанағаттандыра алмайды. Әлем жаңа технологиялық революцияның табалдырығында тұр. Бүгінде Қазақстан индустриялық-инновациялық дамудың же­делдетілген бағытын ұстанды. Біз бола­шақ­тағы ұлттық инновациялық экономиканың діңгегі ретінде заманауи талапқа сай өнімді  күштердің жаңа құрылымын жасап жатырмыз. Ресей және бірқатар ТМД елдері де өз алдына осындай мақсат қойып отыр. Сондықтан, біздің Бірыңғай экономикалық кеңістігіміз инновацияның және қуатты технологиялық серпіндердің территориясына айналуы маңызды. Бұл үшін модернизацияның және еліміздің инновациялық дамуының жалпы алгоритмін құру қажет. Бұған Франция, Германия, Ұлыбритания елдерінің 1970 жылы құрылған «AIRBUS» аса ірі халықаралық авиақұрылыс  консорциумы мысал бола алады. Кейіннен оларға Испания қосылды. 2010 жылдың қорытындысы бойынша «AIRBUS» тасымал және ұшаққа тапсырыс беру бо­йынша америкалық «Боинг» және «Локхид» сынды компаниялардан  басым түсті. «AIRBUS» компаниясының жыл сайынғы табысы 30 миллиард еуроға жетеғабыл. Компанияның бүтін Еуропада орналасқан кәсіпорындарында 53 мың адам жұмыс істейді. 2006 жылы «AIRBUS»-тың барлық акциялары
ЕО елдерінің үкіметтерімен және ұлттық компанияларымен қаржыландырылатын Еуропалық «ЕАDS» аэроғарыштық консорциумына тиесілі.

Дания мен Швеция Сканда бірлескен ин­новациялық орталық, «медикондық алқап» құрды. Бүгінде ол – түрлі зертханаларды, коммерциялық құрылымдарды, өндірістік кәсіпорындарды қамтитын Еуропадағы ең қуатты кластер. Бұл жерде құрамында 300 түрлі компания, 14 университет және 26 медициналық емханасы бар жеті ғылыми парк жұмыс істейді. Бізге дәл осылай халықаралық инновациялық орталықтарды ынталандыруға және  жаңа технологияларды бірлесіп жасауға,  жеке салалар бойынша екіжақты келісімдер арқылы бірқатар маңызды жобаларды біріге жүзеге асыру керек деп есептеймін.

 

Кімге тиімді?

Еуразиялық одақ еуроатлантикалық және азиялық даму аймағын жалғайтын мықты орталық болып қалыптасу керек. Экономикалық жағынан біз Еуроодақ, Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азияның жылдам дамып келе жатқан экономикасы арасында көпір бола аламыз. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі салынып жатыр. Уақыт өте келе бұл күретамырдың бойына заманауи көліктік-логистикалық жүйе салынатын болады. Ал ол өз кезегінде Еуропа мен Қытай нарығына тауарларды жеткізу уақытын 3,5 есеге дейін қысқартады. Болашақта жылдамдығы жоғары транс еуразиялық теміржолдың салынатыны да сөзсіз. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің Еуропалық одақпен, Қытай Халық Республикасымен, Жапониямен және Үндістанмен өзара ынтымақтастығын кеңейту тараптардың бәріне тиімді.

 

Ортақ төлемнің өзектілігі неде?

Еуразиялық одақ жаңа ғаламдық қаржы-валюталық жүйенің бір бөлігі бола алатындай жеткілікті дәрежедегі аймақтық қаржылық бірлестік болып құрылуы керек. Еуразиялық одақ пен еуроаймақты қанша сынап жатса да, ортақ валютаның арқасында олар дағдарыста өздерінің мығым екенін, жеке қабілеттерін көрсете білді. Біз қазір қиыншылыққа тап болған мемлекеттерге Еуроодақтың қолдау көрсетіп отырғанын көріп отырмыз. Ғаламдық рецессияның жаңа толқыны болуы мүмкін екенін және оның салдары тіпті күрделі болатынын ескерсек, бұл идея өзекті болып қана қоймай, нақты шешімді қабылдауды қажет етіп отыр. Ерекше атап өткім келетіні, Еуразиялық одақ  аясында валюталық одақ құру арқылы біз интеграцияның жаңа кезеңіне өтіп, қазіргі Еуропалық одақтың деңгейіне жақындай түсеміз. Біздің ең негізгі міндетіміз – біздің одақтың өміршең екендігіне нақты істер арқылы көршілеріміздің көзін жеткізуі. Сонда ғана біздің құрамымыз үш мемлекеттен әлдеқайда көп болмақ.

 

Интеграцияның жолы қандай?

Геоэкономикалық, болашақта геосаяси ықпалдастыққа ұласатын еуразиялық интеграция эволюциялық және ерікті жолмен жүруі керек. Интеграцияны жасанды жолмен  жеделдету, жекелеген елдердің басқа бір тараптың түрткісімен мүшелікке кіруі тиімсіз болады. Бірыңғай еуропалық нарық 40 жылға жуық уақытта қалыптасқанын естен шығармағанымыз жөн. Еуразиялық интеграцияның платформасы айтарлықтай кең. Оның құрамына сан түрлі формадағы, әртүрлі мақсаты мен міндеті бар мемлекетаралық бірлестіктер – ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, Кедендік одақ – Қазақстан, Беларусь, Ресейдің біріккен экономикалық кеңістігі және тағы басқа ұйымдар сыяды. Басқа да құрылымдардың пайда болуы әбден мүмкін. Мысалы, өз басым Орталық Азия одағын құрудың жақтаушысы болып қала беремін. Бұл құрылымның құрылуымен аймақтағы елдер арасындағы әлеуметтік-экономикалық даму проблемалары өз шешімін табады деп ойлаймын. Өз кезегінде Орталық Азия елдері азаматтарының әл-ауқатын жақсартып, аймақтағы күрделі мәселелердің шешілуіне септігін тигізер еді.

 

Күдікті қалай сейілтеміз?

Еуразиялық одақтың құрылуы тек қана қоғамның жаппай қолдауына байланысты болуы керек. Біздің елдеріміздегі «еуразооптимистер» мен оған сын көзбен қараушылардың болуы заңдылық. Олардың арасындағы пікірталастар интеграциялық үдеріске сергек қарауға өз көмегін тигізеді. Сонымен қатар, еуразиялық интеграциянын халықтық сипатын да нығайту маңызды. Яғни, еуразиялық көлемдегі  қоғамдық бірлестіктердің санын көбейту қажет. Мысалы, ЕурАзЭҚ іскерлік кеңесінің базасында еуразиялық өнеркәсіпшілер  мен кәсіпкерлердің  конгресін құруға болады. Кедендік одақтың үш елінің форматында еуразиялық сауда-өнеркәсіп палатасын құру да артық етпес деп ойлаймын. Олардың кеңселерін Астанада орналастыруға болады. Осы бағыттағы жұмыстарды күндіз-түні таралатын «Еуразия-24» жаңалықтар арнасын құрудан бастау керек. Бұл өз еліміздің азаматтарын интеграция жұмысы туралы объективті ақпараттармен қамтамасыз ету үшін маңызды. Рас, бұл қаржылық жағынан шығын, біраз жүк болуы мүмкін. Бірақ еуразиялық интеграцияның бастамашысы ретінде орта­лықтың Қазақстанда шоғырлануы әділетті болар еді. Орталық кеңсенің Қазақстанда орналасуы біздің еуроазиялық одаққа байланысты түрлі  күдікті де сейілтеді. Ортақ ұйымға үлкен сенім қалыптастырады. Кезінде ТМД-ның штаб-пәтерін Минск қаласына орналастыру туралы шешім де дәл осындай негізде қабылданған болатын. Еуропалық одақтың штаб-пәтері Брюссельде орналасуы да кездейсоқ емес.

Жамаладен Ибрагимов,

ҚР Заң шығару институтының жетекші ғылыми қызметкері

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button