Басты ақпарат

Ғажайыпқа толы мереке

Кеше елордадағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің атынан аз қамтылған және көп­балалы отбасылардан шыққан, елеулі жетістіктерге жеткен балаларға жаңа жылдық сыйлық тапсыру шарасы өтті.

Бұған дейін дәстүрлі түрде үлкен салтанатпен тойланатын мерекелік шара биыл пандемия жағдайына байланысты ерекше түрде ұйымдастырылды. Балаларға жаңа жылдық сыйлықты Аяз ата мен Ақшақар санитарлық нормаларды сақтай отырып, үйлеріне арнайы жеткізіп табыстады. «Бүгін қала әкімінің атынан 450 балаға мерекелік сыйлықтар тапсырдық. Карантиндік шектеулерге байланысты жаңа жылдық шыршалар өткізілген жоқ. Бірақ оған қарамастан біз балаларды қуантуды жөн көрдік. Сыйлық жиынтығының ішінде қала әкімінің атынан құттықтау ашық хаты, үстел ойындары мен тәттілер, сондай-ақ киім дүкендеріне сертификаттар бар. Отбасыларды таңдау барысында мектеп жанынан құрылған қамқоршылық кеңес ұсыныс берді» деді Білім басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімі басшысы ­Ақмарал Хон.

 

Жыл сайын Аяз атаны асыға күтіп, тақпағын айтуға асығатын қамкөңіл бала мен тілекші ата-аналар да игі бастамаға қуанып, өз тілектерін айтты. «Баламның жеткен жетістіктері мен талпынысын ескеріп, мерекемен құттықтап келіп жатқан барша Білім басқармасының қызметкерлеріне алғыс айтамын. Мұрагердің мектепте көзге түсіп онлайн болса да әкім шыршасына қатысып, сыйлық алғанына қуаныштымын» деді көпбалалы ана Үміт Сейсембаева.
Аяз ата мен Ақшақар оқушылардың үйіне тосыннан барса да, балалардың оларға көрсететін өнерлері дайын екен. «Мен өскенде елімді әлемге танытатын азамат болғым келеді. Мектепте математикадан және басқа пәндерден ғылыми жобаларға қатысып жүрмін. Барша қазақстандықтарға денсаулық пен табыс тілеймін. Жаңа жыл әр отбасыға бақыт әкелсін. Карантин талаптарын сақтай отырып өткізілген шырша кеші маған ұнады. Себебі бәрі тез және қызықты болды» деді Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының оқушысы Мұрагер Сатан.
Айта кетейік, барлық білім беру ұйымдарында бекітілген шаралар жоспарға сәйкес онлайн форматта өткізіледі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button