Қоғам

Игілікті істерге жетелейді

 Биыл Өзбек елінің Қазақстан Республикасындағы жылы болып жарияланды. Жыл аясында біршама шаралар өтіп жатыр. Олардың ортасында өзіміз де жүрміз. Мен – қазақтың өзбегімін. Оны мақтан тұтамын. Ата дәстүрімізді жалғастырып, өз дінімнен, ділімнен ажырамағаныма қуанамын. Түп қазығымның нық болуына өзім жасап жатқан қазақ елінің кеңдігі, ұлттар саясатының салтанаты дер едім. 

Хасан ШАРИПОВ

Осы орайда, Қазақстан халқы бірлігі күнінің қарсаңында өт­кен кезекті алқалы жиынға тоқталмай өте алмаймын. Ол – жыл сайын алдағы жыл­дың бағытын анықтап бере­тін, Қазақстан халқы Ассам­блеясының Сессиясы. Кезекті ХХVІ сессия «Бес әлеуметтік бас­тама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбында өтті.
Менің өзім, еліміздегі мызғы­мас бірліктің ұйытқысы әрі татулық пен бірліктің кепілін­дей болған Қазақстан халқы Ассам­блеясының бір мүшесі ретінде осы жиынды асыға күт­тім. Ондағы айтылатын сессия төрағасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының тұжырымдары күнделікті істеп жүрген шаруама да басқа көзбен қарап, оның терең мағынасына бойлауға жетелейді. Біздерді игілікті жұмыстарға жұмылдырып, өмірдің мәнін табуға итермелейді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, жиналыс мінберіне жарыса шығып, Елбасыға арнап айтылған әріп­тестерімнің лебіздері де көңілден шығып жатты. Соның ішінде Астана қаласының өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатовтың Президентке жолдаған құрметке толы алғыс сөзіне толықтай қосыламын. Ел үшін, Отан үшін жан аямай жұмыс жасаған Елбасыға дән ризашылығымыз жүрегіміздің түкпірінен шығады. Бұл Елбасы­мыздың бағдарламасы бойынша алға қойған негізгі міндеттерін орындауға құлшына кірісуге бас­тайды.
Міне, мен 20 жыл бойы нан пісіру кәсібімен айналысып келемін. Астананың наубайымын десе де болады. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Иісі бұрқыраған ыстық нан әрбір жанұяның дас­тарханында болса екен деп тілеймін. Нан болса, ән де болады. Мен бастаған жұмыс кәсібімнің еңбек өтілі Астана қаласының мерейлі жасымен тең екен. Құрдас десем де болады. Кәсібім мен Бас қалам көз алдымда өсіп, өркен жайды. Содан да елорданың дамуына мүдделі болып, табысымның бір бөлігін қайырымдылық қорына бөлемін. Егде тартқан қарттарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Қарттар үйіне, көп балалы отбасыларына қолымның ұшын беріп, көмегімді аямауға тырысудамын. Өзімнің жұмысым арқылы қаламыздың көркеюіне, достығымыздың нығая түсуіне, халқымыздың тыныштығын қор­ғауға осылайша атсалысудамын.
Қазақстан Республикасындағы өзбек «Достық» этно-мәдени орталығының төрағасының орынбасары ретінде республикамызда өзбек мәдениетін насихаттауға да араласудамын. Әрбір мерекеге жайылған дастарханды өзбектің ұлттық тағамы палау және пәтір нанымен толтырып, ырысын арттыру – мен үшін ардақты іс. Өз басым осындай кештер арқылы екі туысқан ел татулығы нығая түседі деп ойлаймын.
Одан басқа ұлт өкілдері мен қалалық этномәдени орталық­тарының төрағаларымен осындай мол дастарқан басында да кездесіп жатамыз. Осындай отырыста Астана қаласының 20 жылдық тойы және Өзбек елінің Қазақстан Республикасындағы жылына қатысты не айтарымыз бар, нені насихаттап, бұқараға нені жеткізуіміз керек дегендей ішкі мәселелерді бірлесе шешеміз. Мұндай сәттерде ойымыз бір жерден шығып, бір-бірімізді түсініп, тілі мен діліне, ұлты мен ұлысына қарамастан бірге туған бауырдай сезінеміз. Оның құпиясы – дүниедегі бар берекенің бастауы, жақсы күніміздің белгісі қасиетті нанның арқасында дер едім.
Дара жолды жазбай танып, бар ықыласымызды бейбітшілік пен келісім жолына аударып, дұрыс таңдау жасауға серпін берген халқымыздың басшысы, Елбасыға алғысымызды білдіремін.
Осындай мамырдың мере­келі сәттерінде Қазақстан Респуб­ликасының байрағы желбірей берсін дегім келеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button