Қала тіршілігі

KAIST университетімен әріптестік орнатты

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Мәлика Бектұрова Оңтүстік Кореяның KAIST университетінің профессоры Мун Ки Чой бастаған өкілдерімен кездесті. Екі тарап өзара әріптестік орнату жөніндегі меморандумға қол қойды.

Қазір бұл оқу орны смарт-жобалар, ғылым, инженерия, технология және IT саласында әлемге аты әйгілі Гарвард сияқты университеттермен бір қатарда тұр және патент иелену саны бойынша әлемде №1 болып табылады.
KAIST Тэджон қаласында орналасқан. Оның іргетасы 1971 жылы кәріс мемлекетінің бірінші ұлттық ғылыми, зерттеу және техникалық институты ретінде қаланған болатын. Содан бері мемлекет қаржыландырады. 2019 жылы оқу орны әлемдегі үздік университеттер рейтингінде 40-орынға тұрақтады.
Қазіргі кезде KAIST Оңтүстік Кореяның басты стратегиялық зерттеу жобаларының орталығы болып саналады. Университеттің 400-ге тарта оқытушылары әлемнің білім беру және өнеркәсіптік ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, зерттеулер жүргізеді. KAIST алдыңғы қатарлы еуропалық және азиялық университеттермен бірге көптеген халықаралық бағдарламаларға қатысады.
Университет мамандары Қазақстанға біздегі смарт-жобалардың жағдайымен, инфрақұрылымның деңгейімен танысуға келді. Осы сапар барысында көрген-түйгендері арқылы KAIST пен елорда әкімдігі қандай салалар бо­йынша жұмыс істей алатындығын анықтауға ниетті.
«KAIST – өңірлік хаб, олар бізге әріптестер торабына енуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өздерінің жобаларымен, сараптамаларымен, пікірлерімен бөлісуге дайын. Бүгін олар біздің жобаларды көріп, қызығушылық танытты, алда әріптестік байланыстар орнайды деп сенеміз. Сондай-ақ, қазақстандық студенттердің Оңтүстік Кореяда техникалық мамандықтар бойынша тегін оқуына ұсыныс жасады. Оқу бағдарламасы 3 жылға жоспарланған. Енді біздің шәкірттер кәріс студенттерімен бірге оқып, ғылыми зерттеулер жүргізуге қатысатын болады. Профессорларынан дәріс алады» деді Нұр-Сұлтан қаласы Инновацияны дамыту орталығының бас менеджері Данияр Құрманбаев.

Дәулет АСАУОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button