Саясат

Президент сайлауы 2019

ЕҢБЕК МИГРАЦИЯСЫН РЕТТЕУГЕ НАЗАР АУДАРДЫ

Қазақстан кәсіподақтар қауымдасты­ғының атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Амангелді Таспихов­тің сенімді өкілдері Қостанай облысында халықпен кездесті.

Қостанай облыстық кәсіподақтар қауымдас­тығы филиалының төрағасы А.Дүйсекенов сөйлеген сөзінде А.Таспиховтің еңбек және қоғамдық қызметі жөнінде әңгімелеп берді. Сонымен қатар, үміткердің сайлау алдындағы бағдарламасымен таныстырды. Бұл бағдарламада жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға, еңбек миграциясын реттеуге ерекше назар аударылған.

БАЛАЛАРДЫ ҒАЛАМТОРДЫҢ КЕРІ ӘСЕРІНЕН ҚОРҒАЙЫҚ

Жақында ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбековтің сенімді өкілдері Ж.Нұрәлиев пен «Халық коммунистері» фракциясының депутаты И.Смирнова Тараздағы облыстық қазақ драма театрында белсенді жастармен және Қазақстан коммунистік жастар одағының мүшелерімен кездесті.

Ж.Нұрәлиев үміткердің сайлауалды бағдарламасын таныстыру барысында бүгінгі жастардың ұстанымдары мен моральдық тәрбиесін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде халықшыл коммунис­тердің интернационализмнің, еуразияшылдық идеяның жақтаушысы екенін атап өтті. Жиын соңынан үміткердің сенімді өкілдері жастарды сайлауға қатысуға шақырды.

САЙЛАУШЫЛАР ӨЗ ПІКІРЛЕРІН ОРТАҒА САЛДЫ

Жуырда Жамбыл облысында ҚР Президенттігіне үміткер Әміржан Қо­сановты қолдауға бағытталған ке­зекті үгіт-насихат іс-шаралары өт­ті.

Облыстық штабта үміткердің сенімді өкілдері Тараз қаласының тұрғындарымен кездесті. Басқосуға жиырмаға жуық адам қатысты. Сөз тізгінін облыс­тық сайлауалды штабының басшысы Бақытжан Махашев ұстады. Кездесу барысында Әміржан Қосановтың сайлау алдындағы бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды. Сайлаушылар өз пікірлерін ортаға салды.

КОЛЛЕДЖДЕГІ КЕЗДЕСУ

«Ақ жол» партиясының атынан Президенттікке үміткер Дания Еспаева сайлауалды штабтың жетекшісі Азат Перуашевпен бірлесіп, елордадағы гуманитарлық-заң колледжінің оқытушылары және студенттерімен кездесті.
Емен-жарқын жүздесуде жастар өз өмірі туралы әңгімелеп, әртүрлі сұрақтар қойды. Әсіресе, Дания Еспаеваның бизнесті қолдау жөніндегі бастамалары студенттерді де қызықтырды. Өйткені олардың көпшілігі оқу орнын тәмамдап, үлкен өмірге аттанғанда өз кәсібін ашпақшы.
Колледжде болашақ заңгер, аудармашы және педагогтар білім алады. Олардың арасында басқа қалалардан келгендер көп.

ТОҚАЕВҚА ТАЙҚАЗАН ЖОЛДАДЫ

Кеше Қазақстан Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Түркістан облысында жұртшылықпен кездесті.

Штаб мүшелері сапарын Түркістан қала­сының жаңадан салынып жатқан әкімшілік-іскерлік орталығынан бастады. Құрылыс нысанына арнайы келген олар құрылысшылармен кездесіп, Қ.Тоқаевтың cайлауалды бағдарламасының бағыттарын түсіндірді. Іс-шара барысында түркістандық зиялы қауым өкілдері Қ.Тоқаевқа өңір тұр­ғындарының атынан халықтың 7 аманаты жа­зылған арнайы хат салынған тайқазан жолдады.

«ШАРАПАТ» ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан Президенттікке үміткер ретінде тіркелген Сәдібек Түгел Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, ардагерлермен сұхбаттасты.
Бұл орталық алғашында 1989 жылы «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме» болып құрылған. 2016 жылдан бері атауы «Шарапат» болып өзгерген орталық бүгінде 321 адамға қызмет көрсетіп келеді. Орталық директоры Рысты Баймағамбетованың айтуынша, олардың арасында 2 соғыс ардагері мен оларға теңестірілген 8 адам және 25 тыл ардагері бар. Қариялар өз көкейіндегі сауалдарын қойды.

ВЕЛОМАРАФОНҒА ҚАТЫСТЫ

Президенттікке «Ауыл» партиясының атынан үміткер Төлеутай Рахымбеков өз сайлаушыларымен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы веломарафонға қатысты.

Ботаникалық бақтағы ауқымды шараға 300 адам қатысты. Қатысушылар 20 шақырым жол жүрді. Төлеутай Рахымбековтің сайлауалды бағдарламасында жастарды қолдауға, оларды рухани жағынан жетілдіруге ерекше мән берілген. «Әрине, дені сау, рухы азат және қуатты ұлтты тәрбиелеу үшін елімізде спортты дамытуға көңіл бөлгеніміз абзал» дейді үміткер.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button