Қоғам

«Kazakh tv» неге қырғызша сөйлеп тұр?

Таяуда редакциямызға Айгүл есімді бір оқырман хабарласып, «Kazakh TV» қырғызша «сайрап» жатқанына наразылығын білдірді. «Бұл арна біздің елімізді шет мемлекеттерге таныстыратын жалғыз арнамыз еді ғой. Ол неге қырғызша «сөйлейді»? Қырғыз тілі біздің не мемлекеттік тіліміз, не басым халықтың тілі емес қой» деді.

Расында да, 2002 жылдың 25 қазанында «Caspionet» атауымен іске қосылған, 2016 жылдан бастап «Kazakh TV» және «Білім және Мәдениет» арналарының бірігуі нәтижесінде «KAZAKH TV» атауымен жұмысын жалғастырған арна – шет елдерге тарайтын жалғыз телеарнамыз. Бұған дейін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар көрсеткен бұл телеарна Қазақстанның мәдениеті, тарихы, дәстүрі және қазіргі тіршілігі туралы көрсететін имидждік арна еді. Бүгінде ол 120-дан астам елге тарайды.
Оқырман қоңырауынан кейін біз телеарна басшылығына хабарлас­тық. Телеарна директоры Сандуғаш Рахымжанова сұрақтарымызға арнаның пиар-менеджері Жансая есімді қыз жауап беретінін білдірді.
Сонымен, мәлім болғандай, бұл арна тек қана Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы емес, отанымыз бөлінбес бөлшегіне айналған Орталық Азияның тыныс-тіршілігін таныстыруды да мақсат етеді екен. Бұл орайда, көршілес қана емес, бауырлас, тамырлас мемлекеттер – Қазақстан мен Қырғызстанды көп нәрсе ортақтастырады. Сондықтан екі жақтың келісімі бойынша, телеарна хабарлары қырғыз тілінде де көрсетілетін болып шешіліпті. Бүгінге дейін арнаның 450-ден астам жобасы қырғызшаға аударылған. Қырғыз бауырлар қазір осы арнадан өз тіліндегі хабарларды көріп, қазақ халқы туралы бұрын-соңды көп айтылмаған мәліметтерге де қанық болып жатыр екен.
Мұның бәрі өз кезегінде телеарнаның аудиториясын кеңейтуге зор ықпал етіп отырғанға ұқсайды…
Ал бейресми деректерге қарағанда, «Kazakh TV» арнасы алда өзбек тілінде де хабар таратуы бек мүмкін. Бұл болашақта телеарнаны бүкіл Орталық Азия көрермендерінің ортақ арнасына айналдыру, телеарна ауқымын осы аймақта барынша кеңейту мақсаты болса керек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button