Қоғам

Келешек ұрпақ қалай болмақ?

Өткен қазан айының 21-інде «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының талқылануы болғанын интернеттен көрдім. Ел ішінде ойдағыдай орындалып жатқан игі іс-әрекеттердің бірі екен деп қуанғанымды несіне жасырайын. Отбасымыздың уайым-қайғысыз, ешнәрсеге алаңдамай, болашағына зор сенім-үмітпен өмір сүруі – бәріміздің арман-мақсатымыз емес пе? Бірден айтайық, осы талқыға түскен жаңа заң жобасы мұқият зерделеп қарауды талап етеді, бұл қоғам болып үн қосып шешетін мәселе екені даусыз. Мұндай маңызды мәселеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Барлық шешімдер мұқият тексерілген болжамдарға негізделуі тиіс» деген қағидалы сөзін ұмытпауымыз керек.

Еске сала кетсек, өткен жылы қазан айында Мәжіліс депутаттары «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын бір рет оқып, мақұлдапты. Осы аталмыш заң жобасын бұдан екі ай бұрын
Қасым-Жомарт Тоқаев абайтанушы ғалымдармен Семейдегі кездесуінде «Біз ақын атамыздың теңдесі жоқ асыл мұрасына және зиялылардың әлеуетіне сүйене отырып, жан-жақты кемелденген қоғам орнатуымыз керек және сол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін ағартушылық сөзі екені белгілі ұстаным болу керек» деген болатын. Президент хакім Абай атамыз аңсаған, ойы озық, санасы сергек, мінез-құлқы мінсіз адамдардың кемелденген қоғамын орнату туралы айтқан сөзімен жалғастыруды ұсынды, мұны бәріміз де өз ой елегінен өткізсек артық болмас еді.
Қазақ дәстүрінде ішіп-жеп болғасын, төрде отырған
үлкендердің бірі үй иесі – отағасына бата бергенде: «ұлың ұлағатты, қызың инабатты болсын» деуші еді ғой. Ата-бабаларымыз жарғақ құлағы жастық көрмей, ұл-қыздарын қызғыштай қорғап, уысынан шығармай тәлім-тәрбие беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды армандайтын. Енді, міне, біздің бала тәрбиесіне қатысты талай ғасырдан бері қалыптасқан салт-дәстүріміздің түп-тамырына балта шабам дегендердің іс-әрекеттері айқындала бастады. Жаңа заң қабылданса соны желеу етіп, отбасындағы зорлық-
зомбылықты тыямын деп, күндіз қолына шырақ алып, «шыбық тимей шыңқ етерлерді» іздеу­шілер көбейетін болады. «Шаш ал десе, бас алатынындардың» артында «қазақтың әрбір үйінде жоқ жерден шу шығарып, байбалам салыңдар» деп тұрғандар барын байқау қиын емес. Егер бүгін көп болып жаңа заңның қабылдануына тосқауыл
жасамасақ, мұның арты қиынға айналатынын болжауға болады.
Өз балаңның тәрбиесіне араласпасаң, кемшілігін түзеп, қажет жерінде қаталдық көрсетпесең ата-аналық парыз, бедел қайда қалады? Біздің ана, әпкелеріміз сонау көне заманнан күні бүгінге дейін бір әрпі де өзгермей дәстүрлі қағида болып қалыптасқан «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген мақалға арқа сүйеп, балаларының бойына кір жуытпайтын. Сондықтан, «қыз балаға қырық жерден тыйым» деп текке айтпаған дана халқым. Қазір онсыз да еркіндік деп тәрбиені қолдан шығарып алдық, көшеде жалаң бас, жалаң бұт демей не дейін, кіндігінен бір қарыс жоғары-төмен қарны мен белі жалаңаш жүрген жас қыз-келіншектерді күнде көреміз. Шылым тартып, арақ-шарап ішіп жүргендері де аз емес. Ар-ұятсыз, жалаңаш-жалпы, қалай болса солай киінген қыз-келіншектерді көргенде: «Ойпыр-ай, бұлардың әке-шеше мен аға-жеңгелері бар ма екен? Бар болса, неге бетімен жіберген?» дейсің. Бірде осындай жеңілтек қызға: «Балам-ау, не істеп отырсың, мынауың ұят қой» деген әжептәуір жастағы азаматқа әлгі қыз: «Менің еркім, не істеймін не айтам – ол менің өз еркім, бас бостандығым. Менен аулақ жүріңіз» деп бетінен алып, жерге қаратты. Ал өз үйіңізде осындайды көрсеңіз, бір емес екі-үш рет қайта-қайта айтарсыз. Ал қызыңыз сөзіңізге құлақ салмай: «Мені мазаламаңдар. Жүйкеме тие берсеңдер өзіме-өзім қол жұмсаймын, әйтпесе осы үйден де, сендерден де біржола кетем, қайта айналып келмеймін» деп жауап қайтарса қайтер едіңіз… Бұл жауабы қиын сұрақ.
Егер де «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қабылданып, күшіне енсе, еліміздің болашағы қандай болмақ? Сөз жоқ, осы заң жобасын дайындағандар мен оны талқылау барысында өздерінше жауап беріп мақұлдағандар: «Заң қабылданса, отбасындағы зорлық-зомбылықтан мүлдем арыламыз» дер. Мен шенеуніктердің бұл айтқандарына сенбеймін. Менің ойымша, арнайы дайындалған жаңа заң жобасындағы шешімдер жан-жақты негізделмеген. Бұл – бір. Екіншіден, біз әрбір іс-әрекетімізге заң немесе заң тақылетті нормативті акт қабылдауды қашан тоқтатамыз? Президентіміз айтқанындай: «Әлеуметтік қамтамасыз ету саласы 17 заңмен және заңға сәйкес ондаған актімен реттеледі. Бұл реттеу ісінің күрделенуіне және жүйесіздігіне әкеп соқтырды».
Тоқетерін айтсақ, аталмыш заң жобасын дайындағандар мен оларды жақтағандар, осы заң қабылданса, отбасылық зорлық-зомбылықтан мүлдем арыламыз деп кепілдік бере алар ма екен? Мүмкін біреуі, мен осы заңның орындалуына жауаптымын дер. Әй, қайдам… Енді олардан қандай қадір-қасиет? Оларға жай сенім де жоқ.
Меніңше, Президент сөзіне тоқтап, қалың ел-жұртты құр бекерге дүрліктірмеу мақсатында отбасылық заң жобасының жан-жақты негізделмегенін ескере отырып оны күн тәртібінен үзілді-кесілді алып тастау керек.

Хамза ОСПАНОВ,
экономист, зейнеткер,
«Нұр Отан»
партиясының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button