Тәуелсіздік күні

Келте ғұмыр, қысқа көше

Биыл Кеңес Одағының шаңырағын шайқалтып, алып империяның ыдырауын жеделдеткен Желтоқсан оқиғасына 34 жыл толды. Содан 5 жылдан кейін Қазақстан тәуелсіздік алып, бүкіл қазақ бөркін аспанға атқанмен, желтоқсанның сол кездегі ызғары әр қазақтың көкірегіндегі жібімейтін көк сүңгіге айналды. Себебі «қазақты қазақ басқарсын» деп алаңға шыққан жастарды кеңес билігі асқан жауыздықпен жаныштады. Неше мың адам ұсталып, біразы сотталды, жүздеген адам құрбан болды. Ұлтының азаттығы мен теңдігі жолында қыршынынан қиылған жастардың арасында бүгін біз сөз еткелі отырған заманымыздың хас батыры Қайрат РЫСҚҰЛБЕКОВ те бар.Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданына қарасты Бірлік деген шағын ауылда дүние­ге келген. «Қайрат – бауырмал, көпшіл, шыншыл, сөзге шешен жігіт» деп еске алады сыныптастары. Ал Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаева «Қайраттың басқа ұл-қыздарымнан ерекшелігі ол ақжарқын да ақпейілді, ешкімнің көңілі қалмаса екен деп өскен ұл еді» дейді. Кітапты көп оқитын Қайраттың бойындағы ұлтшылдық қасиет бір жағы ананың сүтімен келсе, енді бір жағынан қазақтың айтулы тұлғаларына ерте елік­теуінен қалыптасқан секілді.
Он жылдықты тәмамдаған соң, Көктерек совхозында бір жыл мал баққан Қайрат 1984 жылы әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын екі жыл Амур өлкесінде өтеп келген ол 1986 жылдың тамызында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматыдағы сәулет-құрылыс институтына оқуға түседі. Арада 4 ай өткенде, яғни 1986 жылдың 18 желтоқсан күні екі мыңға жуық студентпен бірге алаңға шығады. Алайда Қайраттың шеру кезінде жолда жатқан бір ағашты қолына ала салғаны басына пәле болып жабысты. Оны біреулер суретке түсіріп алып, «Қайрат көшеге сойыл алып шыққан» деп сипаттаған. Шындығында, Қайраттың бар кінәсі қазақ қызын шашынан сүйреп жүрген бір сақшыны дос­тарымен бірге жабылып сабағаны еді. Бірақ ол жеңіл жараланған. Мұны Қайрат Рысқұлбековтің өзі де отбасына жазған хатында ашық айтқан. Бірақ тергеушілер неше түрлі айла-шарғы қолданып, «Қайрат адам өлтірді» деп айыптапты. Дегенмен Қайрат соңғы демі шыққанша өзінің ақтығын айтып, сөзінен танбаған.
1987 жылы 16 маусымда Алматыда шыққан соттың шешімі бойынша Қайрат Рысқұлбеков 18 желтоқсан күні қалың топпен бірге 9 автокөлікті өртеп, 152 машинаны зақымдағаны, 326 милиционер мен 196 солдатты жаралап, ауруханаға түсіруге қатысқаны, мемлекетке 302 мың 644 сом зиян келтіргені үшін өлім жазасына кесілген. Алайда өлім де қасқайған Қайраттың рухын жыға алмады.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар! – деп артына өлмес өлеңмен ескерткіш қалдырып, сот залынан шыға беріпті. Қайратқа кесілген үкім 1988 жылы 23 сәуірде қайта өзгеріп, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Бірақ ол сол жылы 21 мамырда Семей түрмесінде жұмбақ жағдайда көз жұмды. Елінің намысын қара басының қамынан қашанда биік қоятын асыл ер небәрі 22 жасында қыршыннан қиылды. Артында ақ жаулығын жайып анасы, күңіреніп елі қалды.
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға таяса да, Қайраттың жұмбақ өлімінің сыры әлі күнге дейін ашылған жоқ. Көңілге бір медеу болатыны желтоқсаншылар қатарында Қайрат та 1992 жылы толығымен ақталып, «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Қайрат Рысқұлбеков – күллі қазаққа желтоқсан оқиғасымен бірге танымал болған тағдыры бөлек тұлға. Жас та болса бас болған, ұлтының намысын бәрінен биік қойған аяулы азаматтың ерлік ісі естіген жанның жүрегін елжіретіп, жігерін жаныды. Былайша айт­қанда, Қайраттың денесін қара жер жасырғанмен, оның есімі мен жасаған ерлігін аузын айға білеген ірі империяның өзі де өшіре алған жоқ. Керісінше, асқақтай түссе, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қайраттың халық жүрегіндегі екінші ғұмыры басталды.
Қайраттың ерлігіне тағзым еткен халық оның атына көшелер беріп, ескерткіштер тұрғызды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында Қайраттың атына көше берілсе, 2018 жылы Тараз қаласы күніне орай Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта Халық қаһарманы ескерткіші қойылды. Алайда Қайраттың өзі иісі қазаққа танымал болғанмен, көшелері елеусіз, қағаберіс жерлерден берілген. Оның үстіне Қайраттың ғұмыры қандай қысқа болса, көшелері де шолақ. Мәселен, Алматыдағы Науаи көшесінен басталып, Саин көшесінен үзілетін көшенің ұзындығы 400 метр болса, астанадағы Абылай хан даңғылынан басталып, Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылын қиып өтетін Рысқұлбеков көшесінің жалпы ұзындығы 671,7 м ғана. Жолдың бойында Ұлттық ұланнан басқа мекеме де жоқ. Қайраттың атына берілген көшеден қаһарман жайлы жазылған бір мәлімет жоқ. «Қайрат Рысқұлбеков кім еді?» десе: «міне, мында жазылған» деп көрсететіндей ескерткіш тақта да жоқ. Әйтеуір «көңіл қалмасын, көйлек жыртылмасын» деп бере салған жетім көше сияқты құлазып тұрады. Былайша айтқанда, Қайраттың ерлігі асқақ болғанмен, көшесі елеусіз…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button