Тәуелсіздік күні

Қазақ жастары әлсіз болмауға тиіс

Мен тәуелсіздіктің төл құрдасымын. 1991 жылы дүниеге келгеннен кейін үлкен жауапкершілік барын сезінемін. Себебі біз мемлекетпен бірге өсіп, өркендеуіміз керек. Ал мемлекеттің өркендеуіне жастардың қосар үлесі зор.Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болмақ?» деп тегін айтпаған ғой. Қазіргі таңда елімізде жастарға берілген мүмкіндіктер жетерлік. Кәсіп бастауға арналған, оқып, білім-ғылымның шыңына шығуды көздегендерге негізделген мемлекеттік бағдарламалар көп-ақ. Өкінішке қарай, осы мүмкіндікті пайдалана алмай жүргендер бар. Меніңше, қазіргі таңда қазақ жастарының әлсіз болуға хақы жоқ. Тағы бір айтарым, елге бірдеңе бермес бұрын, әр адам өзінің бағытын біліп, тұлға болып қалыптасуы шарт. Яғни әркім өзінен бастауы керек. Өз басыма келер болсам, менің мемлекетке берерім алда. Әзірге өзімді шыдау үстіндемін. Қазір жеке кәсібімді бастадым. Яғни ден­сау­лыққа зиян келтіретін сусындар мен өзге де дүниелерді сатпайтын анти-кафе аштым. ­Аллаға шүкір, кәсібімнің тасы өрге домалап келеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болдым. Байқағанымыздай, еңбек етіп, болашағын жарқын қылуды армандайтын жастарға елімізде барлық жағдай жасалған әрі мүмкіндіктер көп.
2016 жылдың 29 қыркү­йегінде Тұңғыш Президент ­Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен алқалы жиынға шақырту алдым. Ол кездесуде елдік мәселелер қозғалып, халықтың әл-ахуалы туралы, жастардың болашағы жайында әңгіме болған еді. Елбасы «Атқарылып жатқан істің бәрі – болашақтың қамы. Ел іші тыныш, мемлекетіміз өркендеп, дамып жатыр. Осыдан кейін жастарымыздың жағдайы назарға алынып, оларға әлемнің қай еліне барып оқимын десе де мүмкіндік тудырып бердік. Жастар ел үшін аянбай еңбек ететін болса, мемлекетіміздің ертеңі жарық, болашағы нық болады» деген болатын.
Қазақ елінің есімін әлемге әйгілеп, тәуелсіз мемлекетіміздің аяғын нық басып, әлемдегі алпауыт елдермен терезесі тең дәрежеде тұруына жағдай жасаған Елбасы екеніне дау жоқ. Бүгінде бейбітшіліктің бесігінде тербелген қасиетті Отанымызда алаңсыз бала өсіріп, жанұямызды алға сүйреп келеміз. Сондықтан бұл күннің маңызы зор деп білемін.

Саят ЖҮСІПБАЕВ,
жеке кәсіпкер

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button