Мәдениет

Композиторлар кеші

Елорданың Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрі мен Қазақстан Композиторлар одағы бірлесіп, «Жаса, Қазақстан!» концертін ұйымдастырды. «Астана» концерт залында өткен кеш Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды.

[smartslider3 slider=507]

Кештің алдында Композиторлар одағының жаңа мүшелеріне тиісті куәліктерін тапсыру рәсімі өтті. Мұны одақ төрағасы Серікжан Әбдінұров пен оркестрдің бас дирижері-көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов атқарды. Қазақ оркестрі жетекшісінің иығына одақ атынан шапан жабылды.
Композиторлар одағының қатарына жаңадан ел арасына кең таралған «Қарындасыма» әнінің авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Жүнісов, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Хорға дирижерлеу» кафедрасының меңгерушісі Батыржан Смақов, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Әзімбек Жанбаев, Әлібек Қадыров, «Қорқыт» этноансамблінің көркемдік жетекшісі, Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек қабылданды.
Музыкалық кеш Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» шығармасымен ашылып, Кенжебек Күмісбековтің «Арман», елордалық филармония Қазақ оркестрінің дирижері, күйші-композитор, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің «Орақты батыр» туындыларымен, Кенен Әзірбаевтың әні, басқа да өткен және қазіргі композиторлардың шығармаларымен жалғасты.
Қазақ оркестріне Айтқали Жайымов, Нұрлан Бекенов, Арман Жайым, қонақ ретінде шақырылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаев пен Еркін Нұрымбетов дирижерлік етті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жексембек Нұржауов пен Дарын Құдайберген күй шертті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, халықаралық байқаулардың лауреаттары Алтынбек Әбілда, Айдос Оңғарбай, Бибігүл Тыныштық, Алтынбек Арыстанбек, Әйгерім Ораз ән салды.
 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button