Мәдениет

Көңіл сазымен тербетті

«Қазақстан» орталық концерт залында ­Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония­сы қазақ оркестрінің дирижері, күйші-композитор, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің «Көңіл сазы» атты шығармашылық кеші өтті.

[smartslider3 slider=2747]

 

Кеш иесі – әмбебап музыкант. Өнер зерттеушілігі де бар. Мәселен, домбырадағы бес бұрауды – шалыс, қалыс, тел, оң және теріс бұрауларды зерттеу нысанына алғанына біраз болды. Күйші концертінде осы бұрауларды таныстыра отырып, күйлерді шертті. Кешті халық күйі «Салкүреңмен» ашып, Сүгірдің «Шалқымасын» шалқытты.

Жалпы осы кеште батыстың төкпе күйлері, Қаратау шертпесі, Арқа күйлері, Алтай-Тарбағатай саздары, кеш иесінің төл туындылары күмбірледі. Қазір көп күйші сахнаға үнсіз шығып, күйін тартып, үнсіз түсе береді. Ал күйдің шығу тарихын аңызымен тұздықтай отырып әңгімелеу үзіліп барады. Осы кеште бұл дәстүр жаңғырғандай болды. Нұрлан Бекенов тартқан күйлерін шығу төркінімен әрлеп отырды. Соның ішінде Сыбанқұлдың «Түсіпханның зары» күйі жайлы әсерлі әңгіме айтты. Бұл шығарма тарихы ұлы Абай мен оның әкесі Құнанбаймен тікелей байланысты екен.

Нұрлан Бекеновтің «Құлтуманың толғауы» атты күйінің шығуына ақын, халық композиторы Құлтума Өтемісұлының өлеңдері қатты әсер етті. Күйшінің осы шығармасын кезінде Ақселеу Сейдімбек жоғары бағалады. Нұрланның Ақселеуге арнаған күйі де бар. Сонымен қатар поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға да күй арнады.

Күйші-композитордың бір бақыты – оның өнер жолына дұрыс бағыт сілтеген жақсы ұстаздары. Сондай ұстаздарының бірі Жұматай Тезекбаев еді. Нұрлан ұстазына арнап «Талпыныс» атты күй жазды. Бұл шығарманы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова орындады.

Нұрлан Бекеновті бірнеше адаммен достықпен қатар шығармашылық байланыстырып тұр. Ол ақын Нұрлан Қалқамен бірге «Туған жер» атты ән жазды. Концертте бұл әнді Әйгерім Аманжолова шырқады. Ал
Нұрланның дәрігер досы Бағай Назарбайұлының қаламынан туған «Ойлай берем» әнін елордалық филармония әншісі Данияр Мұқан айтты. Нұртуғанның термесін талантты жас әнші Күнсұлу Түрікпен, Балуан Шолақтың «Ғалиясын» Асқар Мұқият орындады.

Музыка майталманы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев өзінің авторлық «Дос­тарым» әнін шырқаған соң жұрт оған «Ақтоғай – алтын бесігім» туындысын салдырмай жібермеді. Алматыдан ат арытып жеткен күйші, музыка зерттеушісі, ұстаз Уәли Бекеновтің немересі Серік Бекенов атасының «Жеңгем сүйер» күйін шертті.

Биыл – Балалар жылы. Нұрлан Бекенов балдырғандар өнерін де үнемі қолдап жүреді. Осы жолы да №3 музыка мектебінің шәкірттерін сахнаға шығарды. Кеш иесінің перзенттері Айсәуле, Ұлжан, Әлихан күй тартып, өлең оқыды. Бұған қоса, концертке «Бойтұмар» қобызшылар квинтеті, «Ақжанбек-Арыс» домбырашылар ансамблі, «Жас өрен» ансамблі қатысты.

Кеш соңында Нұрланның ұстаздары – күйші-композитор, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынбай Дүйсен,
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Дихан ­Қамзабекұлы кеш иесі туралы жылы лебіздерін жеткізді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button