Елорда тынысы

Депутаттар ұсынысы ескерілді ме?

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында депутаттардың өткен жылы аталмыш сала бойынша ұсыныстары мен хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Жиында тиісті басқармалардың басшылары баяндама жасады.

[smartslider3 slider=2748]

 

СПОРТ СЫНЫПТАРЫ АШЫЛА МА?

Былтыр мәслихат депутаттары спорт саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бюджеттік, коммерциялық, қоғамдық, салалық тиімділігін талқылаған еді. Сол отырыста бірнеше ұсыныс та айтылды. Осы жолы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев бұл басқарма мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған паралимпиадалық жаттығу орталығы мен «Тарлан» мұз аренасының қызметін ұйымдастыру» және зияткерлік технологияларды қолдана отырып, «Қазақстан» спорт сарайын жаңғырту және пайдалану» атты екі жобаны іске асырып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жобаларды іске асырылу барысын бағалауға Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту орталығының мамандары үнемі тартылады.

Депутат Азамат Айтхожин хоккей, теннис және т. б. спорт түрлері бойынша спорт алаңдарының есебі жүргізіле ме деп сұрап, олардың тізімін сұрады. Депутат Ләззат Разбекова-Төлеуханова МЖӘ жобаларының тиімділігін қоғамдық бағалау жоқтығына, сондықтан жобалардың қандай пайда әкеліп жатқаны белгісіз болып отырғанын атап өтті. Оны әріптесі Алтыншаш Табулдина қолдап, спорт саласындағы МЖӘ жобаларын жүзеге асыру тиімділігін бағалауға талдау жасалмағанын атап өтті.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов «Қазақстан» спорт сарайын жөндеу мәселесі үш жыл бойы шешілмей келе жатқанын атап өтіп, мәселені шұғыл түрде шешу керектігін атап өтті.

– Қала тұрғындарына қандай спорт алаңдарына тегін баруға болады? Бұл қызметтің көлемі мен уақытын халыққа нақты жеткізу керек. Келесі аптада спорт саласында жан басына қаржыландыру жобасын қарауды ұсынамын, – деді Е.Каналимов.

Мәслихат хатшысы елорданың әр мектебінің жапсарлас ғимаратында Ресейдің Пермь қаласының үлгісімен спорт сыныптарын ашуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл қадам қала бюджетін үнемдейді, себебі ірі спорт мектептерінің құрылысы бюджетке әлдеқайда қымбатқа түседі.

Осыған орай, депутат Талғат ­Қожахметов дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін күтіп-ұстау мәселесін көтерді. Осындай екі нысан пайдалануға берілген, тағы екеуі алда іске қосылады. Депутат бұл нысандарға жылына қанша қаржы қажет болатынын алдын ала есептеуді ұсынды. Оның пікірінше, сонда қосымша қаржы сұрау қажеттілігі өзінен-өзі жойылады.

– Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері жұмысына коммерциялық құрамды енгізу керек. Спорт залдарын кешкі уақытта 19.00-ден кейін жалға берген жөн. Қалада мұндай спорт алаңдарына сұраныс жоғары. Дене шынықтыру-­сауықтыру кешендерінің қосымша кірісі қала бюджетіне түсетін салмақты азайтады. Нысандарды күтіп-ұстауға қажетті 120 млн теңгені кешендердің өздері табатын болады, – деді Т.Қожахметов.

АЛТЫ ТҮРЛІ ӘЛІППЕМЕН ҚАЛАЙ ОҚИДЫ?

Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметін бағалау критерийлерін әзірлеу мақсатында ата-аналар үшін қолжетімді және қаржылық салымдарды талап етпейтін Colibri мобильді қосымшасы әзірленгенін хабарлады. Тастанды балаларды құжаттандыру үшін бірқатар мемлекеттік ұйымдармен меморандумдар жасалды, іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Тоқсаннан астам мектептің бейнебақылау камералары жедел орталыққа қосылды.

Депутат Гүлжамал Жапарова мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының көптеген педагогтары бүгінде оқытудың интерактивті әдістеріне дайын емес екенін айтты. Интерактивті құмсалғыштардың, сенсорлық тақталардың, компьютерлердің жетіспеушілігі біліктілікті арттыру курстары барысында алынған білімді жоққа шығарып жатқанын жеткізді. Депутат балабақшаларды жабдықтау мәселесін де көтерді.

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мамыр айында мектептерді аралап шығуды жоспарлап отырғандарын, сондықтан жауапты басқармаға білім беру нысандарына бару кестесін ұсынуды тапсырды. Ол оқулықтар мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын және тез арада шешуді талап ететінін жеткізді.

– Бірінші сыныпта балалар алты түрлі әліппемен оқиды. Мектептердің шағын учаскелерін қайтарудың да қажеттілігі бар. 60-70 мың бала саяжайда тұрады. Қазір бірқатар мамандықтар қажет емес. Алайда оларды қала колледждерінде да­йындау жалғастырылуда. Тапшы, қалаға қажет мамандар да бар. Жұмыс тобына депутаттарды қосып, қала колледждері дайындайтын мамандықтар тізімін қайта қарау керек, – деді Е.Каналимов.

Депутат Динара Байсеркина №57 және №13 мектептер маңында футбол алаңдарының құрылысы бойынша сұрақ қойды.

Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Жаңабай Мейірманқұлов орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты төрт кітапхананы жөндеуге қосымша қаржы керек екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазір кітапханаларда бейнебақылау камераларын орнату, кітапханашылардың жалақысын өсіру мәселелері қаралып жатыр.

Жиында депутаттар ескерткіштерді күтіп-ұстау, шығармашылық үйірмелермен балаларды қамту, басқа да мәселелерді көтерді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button