Руханият

Көп тіл білгеннің көкжиегі кең

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» дей келе, әрбір қазақстандықтың бойында болуы керек қасиеттердің қатарына көптілділікті кіргізді.

Танымал ғұлама, Әбу-Насыр әл-Фараби өмірінде 76 ұлттың тілін білген. Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін де меңгерген. Бүгінде олардың ұрпағы, яғни, заманауи қазақстандықтар да кемінде үш тілде еркін сөйлеп, жаза алады.
Көп тілділік нәтижесінде нақты қандай артықшылықтарға ие боламыз? Ең әуелі, бәсекеге қабілеттілікке қол жеткіземіз. Өзге елдің тілін үйрену арқылы әр адам кез келген шетелдік ортаны жатырқамай, жалпы ақпараттық қоғамға оңай бейімделеді. Ағылшын және орыс тілдерін үйрену басқа елде тәжірибе алмасуға, танымдық көзқарасты қалыптастыруға, басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік туғызады. Екіншіден, мектепте оқу пәндерін екі немесе одан да көп тілдерде аудармасыз оқытуға қол жеткіземіз. Үшіншіден, еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие боламыз.
Елімізде көптілділікті, оның ішінде үштілділік саясатын қолдауға арналған көптеген бастама бой көтеруде. Мәселен, солардың бірі ретінде былтырғы English For Jastar жобасын айтуға болады. Екі айға созылған бұл жобаның мақсаты Қазақстандағы 84 ауылдық аймақтағы 7 мыңдай оқушыға ағылшын тілін үйрету еді. Жобаға ерікті ретінде Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып келген жастар, ағылшын тілін жоғары деңгейде білетін азаматтар және ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері қатысып, шәкірттерге тегін білім берді.
Сондай-ақ «Болашақ» корпоративті қорының қолдауымен Social Lift платформасында жүзеге асқан Open English жобасы да өзінің тиімділігін дәлелдеген бастамалардың бірі болды. Жобаның сараптамалық тобы Кембридждік КЕТ және РЕТ емтихандары негізінде оқушыларға арналған 3-модульдік оқу бағдарламасын және оқытудың тиімді әдістері мен коучинг тәсілдерінен тұратын ағылшын тілі оқытушы-волонтерлерді даярлаудың қарқынды курстарын әзірледі. Жоба командасына оқытушы-волонтерлер мен жаттықтырушылар ретінде Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетінің, елордалық жоғары оқу орындарының шет тілдер кафедралары студенттері мен түлектері, ағылшын пәнінің оқытушылары кірді.
Осы секілді игілікті бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ,
Қаржы академиясының студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button