Қоғам

КӨШ КӨЛІКТІ БОЛАДЫ

Қазақ елі егемендігін жария еткелі бері Астанаға былтырғы 1 желтоқсандағы көрсеткіш бойынша 17 мың оралман (4857-ге жуық отбасы) көшіп келген. 2011 жылды қоса алғанда, оралмандардың басым бөлігі көшіп келу квотасына енгізіліп, әлеуметтік көмектер жасалып тұрды.

22315

2005 жылға дейін оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген отбасыларға мемлекет тарапынан баспаналар берілді. Бүгінгі күні оралмандарға көшіп келу квотасы аясында мемлекет тарапынан көмекпен қамтылмаған. Себебі, 2012 жылдан бері Елбасының жыл сайынғы жарлығымен оралмандарды квота арқылы қабылдау тоқтатылған.
2014 жылдан бастап сыртқы көші-қонның легін еліміздің солтүстік, шығыс және батыс аймақтарына бұру көзделіп, Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Шығыс, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстары сырттан қоныстанушыларды қабылдаушы аймақтар болып бекітілді. Осы құжатқа сәйкес 2014 жылғы 25 мамырдан бастап бүгінгі күнге дейін Астана және Алматы қалаларында оралман мәртебесін беру тоқтатылған еді. Енді жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы негізінде аталған екі қала елімізге оралған қандастарымызға осы жылдан бастап, оралман мәртебесін беру үшін үміткерлердің өтініштерін қабылдауды бастайтын болады. ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы мен басқа да заңдарының бұрынғы мәтіндері көші-қон аталған саласындағы мәселелерді толық және тиімді шеше алмағандықтан, оған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Айталық, ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 1-бабы 19-1- тармақшамен толықтырылды. Онда «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуші «Азаматтарға арналған үкімет» мемле­кеттік корпорациясы арқылы оралман­дардың келген жерінде тікелей немесе электрондық түрде оралман мәртебесін алуға өтініш беруге мүмкіндігі бар.
Осы заңның 6-бабының 4-тармағы бойынша алыс және жақын шетелдерден тарихи отанына оралған этникалық қазақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік бес күнде басқа да шетелдіктер сияқты уақытша тұруға ішкі істер органдарынан рұқсатын алады; жергілікті атқарушы органдар этникалық қазақтардың оралман мәртебесін беру туралы өтінішін қажетті құжаттарымен қоса қабылдайды, яғни, этникалық қазақтар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және жергілікті атқарушы органдар арқылы өтініш берулеріне болады.

99
Жалпы, оралмандардың екі санаты барын білеміз. Олар – оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілгендер және елімізге өз бетінше келген және тұрып жатқан оралмандар. Бұл жерде Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Астана және Алматы қалалары оралмандарды қоныстандыру үшін ҚР Үкіметі айқындаған өңірлер тізіміне енгізілмегендігін айта кетуіміз керек. Бірақ та, келешекте жергілікті басқару органдары (әкімдіктердің) оралмандарды қабылдау туралы ұсыныстарын Үкіметіне орталық уәкілетті орган арқылы жасауға мүмкіндігі бар.
Заңның 18-бабы 2-тармағы бойынша Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын этникалық қазақтар оралман мәртебесін алу және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі өтінішін Қазақстанның шетелдердегі елшіліктеріне де бере алады. Яғни, оралман мәртебесі берілгендігі, көшіп келу квотасына енгізілгендігі (таңдаған аймағыңызға байланысты) туралы шақыру қағазын алған кезде атажұртқа көше беруге болады. Жергілікті атқарушы орган өтініш түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде этникалық қазақтарға немесе олардың отбасы мүшелеріне оралман мәртебесін, оны дәлелдейтін оралман куәлігін береді, не оралман мәртебесін беруден уәжді түрде бас тартады.
Ал, 3-ші тармақ бойынша оралман мәртебесін сұраушылардың ұлты жеке басын куәландыратын құжаттағы жазбаларға сәйкес, мұндай жазба болмаған жағдайда ұлтын растайтын басқа да құжаттар (шетелдің ішкі жүріп-тұру куәліктері, анықтамалар және т.б.) негізінде анықталады. Сондай-ақ, оралман мәртебесі бір жыл өткеннен кейін тоқтатылады. Осы уақытшаның ішінде оралман отбасын толық әкеліп қоныстандырып, тұрақты тіркеліп, Қазақстан азаматтығына құжаттарын тапсырып үлгеруі керек.
Жаңа заңның оралмандарға оңтайлы тағы бір тұсы ол 23-баптың 4-тармағында көрсетілгендей, жергілікті атқарушы органдары оралмандардың қоныстану өңірлік квотасынан тыс келген оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын өтеуді қамтитын біржолғы жәрдемақылар белгілейді. Бұл баптың орындалуы қала әкімінің тиесілі қаулысы негізінде жүзеге асады.
Ал, 4-тармақтың жаңадан қосыл­ған 1-тармақшасы бойынша қоныстанушылар шекарадан өтерде көлік құралдарына жеке пайдалануға арналған мүлкіне кедендік төлемдерді төлеуден босатылады. Этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері үшін бұл да айтарлықтай материалдық қолдау екені даусыз.
Шетелден келген оралмандардың басым бөлігінің жеке куәландыратын құжаттарында аты-жөні дұрыс жазылмауы жиі кездеседі. Әңгімеге арқау болып отырған заңның 26-бабындағы 1-тармағының 3-тармақшасында «Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде атын, әкесінің атын (ол болғанда) және тегін қазақ тілінде дұрыстап жазуға құқығы бар» делінген. Ол үшін қатесі бар құжатты халыққа қызмет ету орталығына немесе азаматтық хал актілерін жазу орындарына барып өтініш береді.
Тағы бір жаңалық – қызметтік немесе өзінің тұрғын үйі болмаған жағдайда оралмандарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында, уақытша орналастыру мекемелерінде бір жылдан аспайтын мерзімге уақытша тіркелуге құқығы бар. Ал білім алу мақсатымен келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін жатақханаларында уақытша тіркеле алады әрі жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан азаматтығын қабылдайды. Заңда бұдан басқа да жақсы жаңалықтар баршылық.
Айта кетуіміз керек, тарихи ота­нына оралған қандастарымыздың жаңа ортаға бейімделуіне, басқа да әлеуметтік проблемаларды шешуге қатысты мәселелер кездесуі мүмкін.
Осындай сұрақтар туындаған жағдайда, сенбі және жексенбі күндерінен басқа күндері Астана қаласы, Ш.Иманбаева көшесі, 16-үйдегі 11-бөлмеде орналасқан көші-қон бөліміне келуге немесе 21-10-99 байланыс телефонына қоңырау шалуға болады.

Астана қаласы Жұмыспен қамту,

еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button