Сұхбат

Лариса КРАСНИКОВА: ЕКІ МЫҢ АТА-АНА БАЛАЛАРЫ ҮШІН АЙЫПТЫ БОЛДЫ

ZAH_5430
Лариса КРАСНИКОВА, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы

– Елордада «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы қолға алыныпты. Мұның маңыздылығы қандай?

– Иә, «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы кешегі күннен басталды. Бұл шара 24 желтоқсанға дейін жалғасатын болады. Негізгі мақсат – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу және жолын кесу, балалар мен жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тысқары орындарда болу фактілерін анықтау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ жаөспірімдерді қоғамға жат әрекетке тартатын ересек  адамдарды анықтау.

– Бізде түнгі уақытта көшеде жүретін балалар мен жасөспірімдер қаншалықты жиі ұшырасады? Бүгінге дейін қандай шара қол­данылды?

– Әрине, қала баласының қыды­рымпаз, кезбелеу болатыны рас. Мысалы, осы жылдың өзінде қаңтар айынан бері кәмелет жасқа толмағандар заңды өкілдерінсіз беймезгіл уақытта үйде отырмай, ойын-сауық орындарында жүргені үшін 2 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Ал бүгінгі «Жасөспірім» жедел шарасы бойынша қандай жұмыс жүргізіледі?

– Іс-шара аясында ювеналдық полиция қызметкерлері прокуратура, Білім басқармасы, Астана қаласы бойын­ша балалардың құқықтарын қорғау департаменті, Астана қаласы бойынша жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры және басқа да үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жастар көп жиналатын жерлерде, мысалы, бақтар, ойын-сауық орталықтарында, үйлердің аулалары мен компьютерлік клубтарда рейд жүргізеді.

– Нақты айта кетесіз бе, әкімшілік құқық бұзушылық заңы бойынша жасөспірімдер үшін қай мезгіл бейуақыт болып саналады?

– Иә, басшылыққа алынған қол­даныстағы әкімшілік құқық ­бұзу­шылық кодексі бойынша түнгі 23.00 мен таңғы 06.00 аралығында кәмелетке толмағандарға бейсауат жүруге тыйым салынады. Рейд осы уақыт аралығын нысанаға алады.

Айта кететін жайт, рейдтен бөлек бұл күндері полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерімен бірлесіп барлық қалалық мектептерде оқушылар үшін құқық тақырыбы бо­йынша дәрістер мен дөңгелек үстелдер өткізеді.

Дайындаған:
Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button