ЖаңалықтарҚала мен Сала

Марғұлан Аманбаев: Астаналық Өрт сөндіру қызметі жыл басынан бері 1474 рет шақырту алды

KBB_9534

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға артық.

Тілсіз жау көбіне тұрғын үй секторларында болады. Жалпы, елордадағы өрт сөндіру қызметі мен сол саладағы мәселелер туралы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» мемлекеттік мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Марғұлан Топашұлы Аманбаевпен әңгімелескен едік.

Төтенше жағдай кезінде әрбір минут, әрбір секунд санаулы. Біздің елордалық өрт сөндірушілер қиын жағдайға тап болғанда кәсіби біліктілігі жағынан қаншалықты дайын?
– Дабыл қағылған сәтте кезекші жауынгерлер 20 секундтың ішінде арнайы киімдерін киіп, көліктеріне отырып, өрт болған жерге қарай шығып үлгеруі тиіс. Олар орташа есеппен 5-10 минуттың ішінде тиісті жерге жетулері керек. Өрт сөндірушілердің бас­ты міндеттерінің бірі – оқиға орнындағы адамдарды қауіпсіз жерге көшіру. Жалынды өшіру уақыты оттың деңгейіне, өрт шалған аумағына байланысты. Біздің өрт сөндірушілер оқиға орнына дереу жеткенімен, кейде көлденең қиындықтарға тап болады.
– Мәселен, өрт сөндіру барысында қандай кедергілер кездеседі?
– Өрт көбіне тұрғын үй секторларында кездеседі. Алты айдың ішінде 177 жағдай тіркелді. Кезекші жеке құрам 56 адамды құтқарды. 654 адам қауіпсіз жерге көшірілсе, өкінішке қарай, 9 адам қайтыс болды. 21 адамды түрлі деңгейде күйік шалды.
Өрт сөндірушілер сол тұрғын үйлерге уақытында жеткенімен, үлкен үйлердің ауласына кіріп-шығу өте қиын. Жуырда ғана «Байқоңыр» тұрғын үй кешенінен өрт шықты. 10 минутта жетіп үлгергенімен, аула ішіндегі қаз-қатар көліктердің кесірінен жарты сағаттан астам уақыт жоғалды. Көшелерде де кейбір жүргізушілер жол бергісі келмейді. Егер тұрғындар түсі­ніс­тік танытса, тілсіз жаудың алдын алып, жедел сөндіруге мүмкіндігіміз жоқ емес.
– Бұл мәселені шешудің жолдары бар ма?
– Әрине, бұл ретте жол полициясының көмегі көп. Әсіресе, тек автобустарға ар­налған сары жолақ жұмысымызға оң септігін тигізуде. Сонымен қатар, жедел шақырту алғанда, жол полициясының арнаулы көліктері бізді оқиға орнына дейін шығарып салады.
– Елорданың сол жаға­лауында «Әбу-Даби Плаза», «Байқоңыр», «Нұрсая» тұрғын үй кешендерінен өрт шыққанын білеміз. Жалпы, өрттің шығуына көбіне не себеп?
– Жүргізілген талдауға сәй­кес, өрт туындауының негізгі себептері – отты дұрыс қол­данбағандықтан, электр жаб­дықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан. Сондықтан, өрт қауіпсіздігін сақтап, пешті, электрге қосылған барлық заттарды қадағалап, дер кезінде өшіріп отыру керек және кішкентай балаларды мүмкіндігінше қараусыз қалдырмаған жөн.
– Техника мен қызметкерлер саны жеткілікті ме?
– Штаттық құрамда дәл қазір 1443 адам бар. Өрт сөндірушілер ауысыммен жұмыс істейді. Мәселен, бүгін 300-ге жуық адам мен 23 техника төтенше жағдайға сақадай сай тұр.
– Астана іргесіндегі ауыл­дарда өрт шықса, баруға мүмкіндіктеріңіз бар ма?
– Біз 30 шақырым қашықтыққа дейінгі аумақты қамтимыз. Әрине, оған Астана іргесіндегі ауылдар да кіреді.
– Өрт сөндіруші болу оңай емес. Батылдықты қажет ете­ді. Жалпы, жұмысқа қа­был­данарда қандай талап қоясыздар?
– Үміткерлерге қойылатын талап өте жоғары. Қызметке жасы 18-25 жас аралығындағы денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ жігіттер алынады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің Көк­шетау техникалық институты – еліміздегі құтқарушыларды дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны. Оқуды тәмамдаған соң, түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріліп, арнайы «азаматтық қорғау лейтенанты» атағы беріледі. Түлектер әрі қарай Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының өрт сөндіру бөлімшелерінде қызметін жалғастырады. Ал, жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыру үшін жыл басынан бері 10-ға жуық жалпыгарнизондық оқу жаттығулары жүргізілді.
Осы ретте айта кетейін, әрбір өрт сөндіруші – қаһарман. Әрбір шақырту алған сайын кез келген жағдайға дайын болып барады. Олардың бойында шапшаңдық, қырағылық, тәуекелге бел буу қасиеттері бар. Алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Мәселен, жуырда 6 шілде күні қала шетіндегі бір жатақханадан өрт шығып, 200 адам, оның ішінде 80 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Кейіннен іште мүмкіндігі шектеулі бір адамның қалып қойғаны белгілі болды. Осы сәтте Асхат Салкеев есімді азамат өз өмірін қауіпке тігіп, бесінші қабатта қалып қойған жігітті арқалап, қызыл жалын арасынан аман-есен алып шықты. Міне, жүрек жұтқан батырымызды «Ерлігі үшін» медаліне ұсындық. Бірақ, медаль бермесе де, арнайы марапаттап жатпаса да, өрт сөндірушілер мұны күнделікті жұмысымыз деп бағалайды.
– Халықаралық аренада мәртебемізді көтеретін «EXPO-2017» көрмесі өткелі жатыр. Миллиондаған адам келіп-кететін тұста төтенше жағдайдың алдын алуға қан­шалықты дайынбыз?
– Дұрыс айтасыз. Біз дайындықты бастап кеттік. Осыдан шамалы уақыт бұрын ЭКСПО аумағында басқа да құрылымдардың қатысуымен өткен іс-жаттығулары сәтті өтті. «Қазақстан» павильонында жүргізілген шара кезінде жауынгерлердің біліктілігі, техникалардың күші көрсетілді. Сонымен қатар, Үкіметтің қолдауымен ЭКСПО аумағында өрт сөндіру кешені салынып жатыр. Бұйыртса, қазан айында пайдалануға беріледі.
– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button