Жаңалықтар

МАСА МАЗАЛАМАЙДЫ

Күн жылынғалы астаналықтарды әдеттегідей масалар мазалай жөнелді. Қансорғыш жәндіктермен күрес басталып кеткелі қашан, алайда, ызыңдаған жәндіктер легі толастар емес.

маса2

Бірнеше жылдан бері Астанадағы шыбын-шіркейді жою шараларын қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасы атқарса, биыл бұл міндет аудан әкімдіктеріне тапсырылды. Сәуірдің екінші жартысынан қансорғыш жәндіктерді дезинсекциялау жұмыстарын «Елордалық дезинфекция» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындап жатыр.
Инсектицид тиімділігі орта есеппен 20 күнге дейін жетеді. Сондықтан дезинсекция әдетте айына бір рет сәуірден қыркүйекке дейін жүргізіледі. Масалар өзен-көлде ұялайтындықтан, мамандар қансорғыш жәндіктерді уландыруды қаланың сулы аймақтарынан бастады.
«Масаларды жою жұмыстары енді Астана саябақтарында, халық қарасы көп жерлерде жалғаспақ. Әзірге бұған ауа райы қолайсыз. Дезинсекция түнгі уақытта жасалады, бірақ ауа температурасы 13 градустан төмен болса, химиялық бүріккіштің әсері төмендейді. Яғни, жаңбыр жауып, күшті жел соққанда препараттың күші әлсірейді. Елорда райының күрт салқындауына байланысты бұл жұмыстар уақытша тоқтатылды» дейді «Елордалық дезинфекция» ЖШС өндіріс жөніндегі директордың орынбасары А.Әбілғазина.
Күн жылынғалы «Елордалық дезинфекция» ЖШС қызметкерлері жәндіктердің ошағы саналатын шалшық суларды өңдеп шықты (Есіл ауданында – 288,7 га., Алматы ауданында – 120,0 га). Ал, Сарыарқа ауданында жалпы аумағы 160,5 га жер дезинсекцияланды. Жақын арада Шығыс Ильинка кенті мен басқа да тұрғын мекендер өңделеді дейді мамандар. Дезинфекторлар Республикадан Жеңіс даңғылына дейін, Кенесары көшесі мен Есілдің жағасын, қалалық алаң сынды көбіне астаналықтар серуендейтін сүйікті орындар мен саябақтарды аралап, ызыңдаған масамен белсене күреспекші.
Маса шаққаннан кейін терінің ісіп кететіні белгілі. Себебі, ұрғашы маса теріге антикоагулянт енгізеді. Бұл қан соруға мүмкіндік береді де, шаққан жер қышып, ісіп кетеді. Сондай-ақ, кейде ауыр аллергиялық реакция туындайды. Терінің қызаруы, ісігі 3-4 сағатқа, кейде бірнеше тәулікке созылады. Инфекциялы жараларды болдырмайын десеңіз, шаққан орынды қасымау керек. Қышыған жерге арнайы бальзам, мүсәтір спиртін, аздаған сода немесе тұз ерітіндісін, сондай-ақ, ашыған сүт өнімдерін жағып қойғаныңыз абзал болады.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button