Басты ақпаратЖаңалықтар

МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ! МЕНІҢ АСТАНАМ!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні елорда төрінде ерекше серпінмен аталып өтті. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған «Менің Қазақстаным! Менің Астанам!» және «Патриотизм толқынында» акциялары астаналық жастардың отансүйгіштігін, елжандылығын, белсенділігін көрсетті.

Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтауға жиналған жастар алдымен Есіл өзені жағалауына жиналып флеш-моб ұйымдастырды. Бұл бұқаралық шараға жоғары оқу орындары мен колледждерден 500-ге жуық студент-жас қатысты. Мерекелік рухпен жігерленген жастар Отан туралы, ел жүрегіне баланған Астана жайлы әндерді шырқап, Есіл толқынымен тербетіліп би биледі.

– Менің туған елім-Отаным – Қазақстанның мемлекеттік рәміздері күні еліміздің ерекше мерекесі деп білемін. Туымыз бен Елтаңбамыз елдігіміздің басты белгісі болып табылады. Ал Әнұранымыз шырқалғанда, менің жүрегім қашанда толқып тұрады, шаттыққа бөленеді. Бүгін де осы шараға қатысып, сондай күйге түсіп тұрмын. Сондықтан да мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу мен ұлықтай білу әр қазақстандықтың қасиетті парызы болса деп тілеймін, – дейді осы шараға қатысушы студент Айжан Қасымова.

Есіл үстіндегі заулаған кемеде Қазақстан туын желбіреткен жастардың көңіл-күйі Астана жұртшылығына елдік рәміздеріміздің аса құндылығын айшықтап көрсеткендей әсер берді. Көк байрақты көтеріп, Отанды жырға қосқан жастарға қол бұлғап ризашылығын білдіріп жатқан адамдарға қарап осындай ойға берілдік.

Есілдегі елдікті әспеттеген шарадан кейін «Дәулет» спорт кешенінде өткен «Менің Қазақстаным! Менің Астанам!» атты акция да елорда төріндегі аталып өтілген мерекенің мән-мағынасын айшықтай түсті. Бұл шараға жастармен қатар мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, елдік рәміздерімізді ұлықтауға арналған театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Президент полкының Құрметті қарауылы Туымыз бен Елтаңбамызды алып шыққанда Әнұранымыз шырқалып, кешен ішіндегі барлық адам қолдарын жүректеріне қойып, салтанатты шараның рухын сезінді. Акция барысында Қазақстан туын талай халықаралық жарыстарда биіктен желбіреткен спортшылар Данияр Елеусінов пен Ілияс Сүлейменов сөз сөйлеп, «Бәйтерек». «Ақселеу», «Арлан» топтары мен бірқатар эстрада жұлдыздары ән шырқады.

Кенже ҚОНЫСБАЙ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button