Басты ақпарат

Мерейлі отбасы – мемлекет байлығы

Елордалық амфитеатрда «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауы қалалық ­кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін байқауда Нұр-Сұлтан қаласынан биыл 151 отбасы бақ сынады.

[smartslider3 slider=3649]
Суреттер авторы – Сұлтан Сейіт

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы биыл сегізінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Жыл сайын байқау үш деңгейде (аудандық, облыстық және рес­публикалық) ұйымдастырылып келеді. Дәстүрге айналған ұлттық байқаудың негізгі мақсаты – еліміздегі үлгілі жанұяларды дәріптеп қана қоймай, олардың өнегелі өмірін кейінгі жастарға кеңінен насихаттау, отбасы институтын нығайту, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру.

Байқау жеңімпаздарын елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Саркенова, Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов пен «Мерейлі отбасы-2021» ұлттық байқауының жеңімпазы Алма Сайлау­қызы марапаттады.

[smartslider3 slider=3650]

 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен жеңімпаздарды құттықтап, отбасы құндылықтарын берік ұстанған әулеттерге ризашылығын білдіріп, құрметін жеткізді. «Өнегелі ұрпақ – ел тұтқасы. Мемлекет басшысының «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – ­жауапты адам» қағидасы негізінде отбасы институтын дамыту мәселесі – әкімдіктің алдында тұрған жауапты іс. Осы қағиданың бір тармағы ретінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын айтуға болады. Жалпы байқауға қатысуға ниет танытып отырған отбасылар қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің атынан бүгінгі іс-шараға қатысқан отбасыларды құттықтау – айрықша сезім. Өз басым әр отбасы жеңімпаз атануға лайық деп білемін. Өнегелі әке, ақылды ана, ұлағатты ұрпақ – үздіктерді анықтауда негізге алынған үш маңызды талап осы. Үздіктер қатарына еңбек жолында, спортта, шығармашылықта үлкен жетістікке жеткен отбасылар іріктелді» деді Есет Байкен.

Комиссия шешімімен жүлделі I орын отау құрғандарына 13 жыл толған Сағитовтар отбасына бұйыр­ды. Дулат пен Айнагүл – алты баланың ата-анасы. Дулат Сағитов – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паралимпиадалық жаттығу орталығының, сондай-ақ Астаналық цирк қызметкері. Ал жұбайы – «Mega road» ЖШС кадрлар бөлімінің басшысы. Татулығы жарасқан отбасының үлкен ұлы «Астана» хоккей клубында спорттық мансабын бастаса, қыздары республикалық би жарыстарының жүлдегері атанып отыр.

«Тұңғыш баламыз дүниеге келгенде, біз үлкен сынақтан өттік. Бірақ сыйластықтың, бірліктің, бір-бірімізге деген сүйіспеншіліктің арқасында бұл қиындықты артқа тастап, жеңіп шықтық. Біз әр отбасы жеңіске лайық деп ойлаймыз. Себебі әр отбасында болашақ ұрпақ тәрбиеленіп отыр. Осындай байқаулардың жыл сайын өткізіліп тұратыны қуантады» дейді жеңімпаз Сағитовтар отағасы.

Байқаудың II орны екі әулетке табысталды. Оның бірін 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп отырған Әуеловтер әулеті иеленді. Елмира Әуелованың айтуынша, «Мерейлі отбасы» – берері мол байқау. «Бұл іс-шараның үздігі атанғанымызға шын қуаныштымыз. Он баланың анасы ретінде өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру маңызды. Осы ұстанымды отбасымыз ту етіп ұстап келеді. Жалпы елімізде мерейі үстем үлгілі отбасылар көп бола берсін дегім келеді» дейді Е.Әуелова.

Екінші орын әлеуметтік қорғау саласында қызмет етіп жүрген Олжабаев­тар отбасына табыс етілді. Талғат пен Әсел Олжабаевтар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Шаңырақ көтергендеріне – 22 жыл. Әулеттің анасы 2022 жылы «Алтын алқа» иегері атанды. Отбасында бес ұл, екі қыз тәрбиеленіп жатыр. Олжабаевтар отбасы спорттық жарыстарға, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми іс-шараларға белсенді қатысуымен ерекшеленеді. Қатарынан оза шапқан Олжабаевтар әулетінің ұлы Шерхан 5-сыныпта «Қымыздың пайдасы неде?» атты тақырыппен ғылыми жоба қорғап, 2-орынды иеленді.

Үздік үштікке екі бірдей көпбалалы отбасы лайық деп танылды. Оның алғашқысы – Жүнісбековтер әулеті, екіншісі – Айтқұловтар отбасы. Жүнісбековтер әулетінің отағасы Жаңабай мырза мектеп мұғалімі болып жұмыс істеген, ал қазіргі таңда жеке кәсіппен айналысады. Зайыбы Жәмила Сәтбайқызы – «UMC» корпоративтік қорының медбикесі. Отандасқандарына 30 жыл толған отбасы 6 бала тәрбиелеп отыр.

Адалдық пен мейірімділікті өмірлік ұстанымына айналдырған Айтқұлов­тар әулеті – өнерлі отбасы. Отағасы Естай мен жұбайы Айнұр Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның әртістері, күйші, қобызшы. Жеті баланы тәрбиелеп отыр. Балалары Қазақ ұлттық өнер университетінің қылқобыз, ­жыршы-термеші мамандықтары бойынша білім алуда.

Естай Айтқұлов аталмыш байқау­дың маңызын айта отырып, өзінің қуанышымен бөлісті.

«Отан – отбасынан басталады» демекші, ұлтымыздың болашағы үшін патриотты ұл-қыздарымызды тәрбиелеп отырған, үлгілі елдің тұтқасы болар отбасылардың барлығын мерейлі отбасы деп атауға болады. Бұл байқау қоғам өмірінде маңызды рөл алады. Себебі әр отбасына демеу болып, сәл де болса қуаныш сыйлау – үлкен іс. Сондықтан жеңімпаз болып жатқанымызға қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын» дейді күйші.

Сондай-ақ қалалық кезеңнің жеңімпаздары атанған отбасыларға қаржылай сыйлық берілді. І орынға – 1000000 теңге, ІІ орын иегеріне – 700000 теңге, III орынға 500000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Ал байқауға қатысқан 10 отбасы номинациялар бойынша диплом мен бағалы сыйлыққа ие болды. Атап айтқанда, «Жас отбасы» номинациясын – шығармашыл ­Әуезовтер әулеті, «Берекелі отбасы» номинациясын – үлгілі деп танылған Серікбаевтар әулеті, «Салауатты отбасы» номинациясын – болашақ спортшыларды тәрбиелеп отырған Рузахуновтар әулеті, «Ұлағатты отбасы» номинациясын – салауатты өмір салтын ұстанған Жақыповтар әулеті, «Қайсар отбасы» номинациясын – жас полиглоттарды өсіріп отырған Бұзауовтар әулеті, «Үлгілі отбасы» номинациясын – Нұрғалиевтер әулеті, «Өнегелі отбасы» номинациясын – Айтқожиндер әулеті, «Қайырымды отбасы» номинациясын – Құсайыновтар әулеті, «Дарынды отбасы» номинациясын – Ержұмановтар әулеті, «Шығармашыл отбасы» номинациясын Пташинскийлер әулеті иеленді.

Марапаттау рәсімінен кейін жиналған отбасыларға концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Байқау лауреаттарын марапаттау рәсімі жыл сайын қыркүйек айында, Отбасы күні қарсаңында салтанатты түрде өтеді.

 Индира БЕРЖАНОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button