ДенсаулықЖаңалықтарҚала тіршілігі

МІНДЕТТІ САҚТАНДЫРУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Астана қаласының жұмыспен қамту орталығы елорда әкімдігінің қолдауымен міндетті медициналық сақтандыру қорының шарттарын түсіндіру бойынша жаппай шара өткізіп жатыр. Аталған орталық елордадағы ірі базарларда болып, 1000-ға жуық азаматтан сауалнама жинаған.

3422

Жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дидар Садықовтың айтуынша, халықты қор туралы ақпаратпен жаппай құлағдар ету үшін шараға ІІД ЖПҚ учаскелік инспекторлары тартылған. Сондай-ақ ол акцияға мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік жұмыскерлер, ПИК-тер қолдау танытып жатқанын мәлімдеді.

– Біздің басты мақсатымыз – қарапайым халыққа міндетті медициналық сақтандыру қорының артықшылықтары туралы толық ақпарат беру. Сонымен қатар жұмыскерлердің әлеуметтік статусын анықтау да біз үшін маңызды болып отыр. Адамдарда сақтандыру болса, олар толық көлемде медициналық қызметтер кешенін ала алатынын ескертеміз. Бұл жекеменшік емханаларға барып, шығындалғаннан гөрі ыңғайлы әрі тиімді, – дейді ол.

Ал орталық басшысының орынбасары Данияр Нұрпейісов болса соңғы бір айдың ішінде штаб ресми әлеуметтік статусы бар 185 мың адамды анықтағанын айтты. Аталған азаматтарға Жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік статус беріп, түсіндіру жұмысын жүргізген.

– Әлеуметтік статусты анықтаған кезде мамандар базар жұмыскерлерінен зейнет­ақы салымдарының бар-жоғын, ресми жұмыс орнын сұрайды. Өйткені базар жұмыс­керлерінде көбінесе ресми жұмыс орны болмайды. Мамандардың міндеті – азаматтарға жұмысқа ресми түрде рәсімделудің маңыздылығын немесе өз бетімен медициналық сақтандыруға жылына 17 мың теңге көлеміндегі соманы аудару туралы түсіндіру, – дейді ол.

Жалпы, Астана бойынша 25 мың адам ресми түрде жұмыс істемейді және 3 мыңдай азамат қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген. Сондықтан да орталық мамандары шараны жыл бойы жүргізуді көздеп отыр.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button