Әлеумет

Мүгедектерге нысандардың қолжетімділігін қалай арттырамыз?

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүгедектерді қолдау жүйесін күшейтуді тапсыр­ды. Елордада осы күндері 25 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан, соның ішінде 5 мыңға тарта ерекше қажеттілігі бар бала тіркеуде тұр. Оларды оқыту, жұмыспен қамту, спортпен айналысу мен демалуларына жағдайлар жасау өзекті мәселелердің қатарына жатады. Бас қалада бұл тарапта біршама істер қолға алынған. Алайда түйткілдер де жоқ емес. Әсіресе, кейбір нысандардың қолжетімділігіне қатысты проблемалар бар.

«НҰРЛЫ ЖҮРЕКТІҢ» ФИЛИАЛДАРЫ АШЫЛСА…

Елорданың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына арнайы әлеуметтік қызметпен айналысатын сегіз мекеме қарайды. Солардың бірі – «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Аталмыш орталық балалардың даму деңгейіне байланысты қозғалмалы ем, әлеуметтік бейімдеу, әлеуметтік-тұрмыстық бағыт-бағдар беру, әлеуметтік еңбекке үйрету топтарына бөлінген. Қазіргі таңда мекеме 280 бала мен жастарға түрлі қызметтер көрсетеді. Мекеме директоры Серік Бөпежановтың айтуынша, көбірек баланы қамту үшін қалада орталықтың филиалдары ашылуы керек.
– Бізге «Өндіріс», «Ильинка», тағы осы сияқты қаланың шеткі аумақтары саналатын аудандарынан ата-аналар балаларын әкеледі. Қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, баспана көптеп салынып жатқанын естиміз. Тұрғын үй кешендерінде филиалдарымыз ашылса, жақсы болар еді. Сол кезде ата-аналар балаларын алысқа апармай, үйлерінің жанында қызметімізді алар еді. Бұл жағдай баланы отбасында сақтау үшін де өзекті. Мәселен, бұрын 180 жеткіншекке қызмет көрсеттік. Соның ішінде 140 бала стационарда жататын. Қазіргі таңда 280 баланың 150-і ғана стационар қыз­метін пайдаланады. Яғни қаншама баланы отбасында сақтап қалдық. Филиалдарымыз ашылса, ата-аналар инватакси жалдау, басқа да балаға қатысты қаптаған проблемалардан құтылар еді, – дейді Серік Елемесұлы.

КҮНІНЕ 100 АДАМ – ЖАҚСЫ КӨРСЕТКІШ ПЕ?

Өткен жылы елордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында елімізде теңдесі жоқ Паралимпиадалық жаттығу орталығы ашылды. 4682,70 шаршы метр аумақта бой көтерген нысан бір күнде 780 адамды қабылдауға қауқарлы. Алайда орталық қызметін көп болса күніне 100 адам ғана пайдаланады. Жақында осы мәселеге қалалық мәслихат депутаттары назар аударды. Оның да өз себептері бар. Қараөткел-3 кентінде орын тепкен орталыққа екі автобус қана барады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Илья Скоптың айтуынша, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасымен қоғамдық көлік бағдарларын көбейту бойынша жұмыс жүргізілген. Бірақ нәтиже әлі көрінбейді.
– Жеке әріптестермен бірге орталыққа адамдарды тарту ісі тұрақты жүргізіледі. Бұл үшін «Astana Motors» компаниясы екі микроавтобус бөлді. Менеджерлер мектептерге, әртүрлі ұйым­дарға барып, келіссөздер жүргізеді. Әр алуан бейнероликтер әзірленуде. Қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, әртүрлі шаралар өткізіліп, жаңа секциялар ашылуда. Мүмкіндігі шектеу­лі жандарды тасымалдау үшін арнайы карта әзірленді. Қазіргі кезде нысанға адамдарды тартуға Мәдениет және спорт басқармасы мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жауапты. Келушілердің санын ұлғайту үшін бұл іске Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен өзге де медициналық ұйымдарды тарту керек деп есептейміз. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Паралимпиадалық жаттығу орталығының алдында аялдама орнатуды тездетіп, автобус бағдарларын көбейту мәселесін қарауы тиіс. Мұны арнайы картаға қарап істеуге болады. Білім басқармасы мектеп автобустарының мүгедектерді тасымалдау мәселесін қараса деген тілегіміз де бар. Күз мезгілінің аяғына қарай орталыққа келушілердің санын күніне 150 адамға жеткізуді, ал келесі жылдың басында 160 адамға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – дейді Қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Аржан Бұғыбаев.
Ұлттық Паралимпиада комитетінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменовтің бұған айтар өз уәжі бар. Оның пікірінше, орталық қызметін 100 адам пай­далан­са, оның өзі жаман көрсеткіш емес.
– Мүгедектік тобына байланысты барлық адам спортпен айналыса алмайтыны белгілі. Кеше ғана «Сарыарқа» велотрегінің директорымен сөйлестім. Ол қаладан спорттық нысанға күніне 400 адам келетінін айтты. 1 миллионнан аса тұрғыны бар қала үшін бұл түк емес. Соған қарамастан әріптесім осыны жақсы көрсеткішке балайды. Ал енді қаладағы мүгедектер санын бағамдасақ, мүмкіндігі шектеулі жанның 100-і орталығымыздың қызметін пайдаланғанын жаман көрмеймін, – дейді Ерлан Мұратұлы.
Паралимпиадалық жаттығу орталығының қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтын, соның ішінде жаттықтырушылар мен нұсқаушылардың біліктілігіне күмәнданатын мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Қалалық мәслихатқа солардың тарапынан арыз-шағымдар түскен. Соның ішінде орталықта арбаға таңылған жандарға спортпен айналысуға мүлде жағдай жасалмағанына налығандар табылды.
«Мұндай әңгіменің қайдан шыққанын білмеймін. Орталықта 50 тренажер жұмыс істейді. Соның сегізі арбаға таңылғандарға арналған» дейді бұл туралы Ерлан Сүлейменов.

ЕКІНШІ ОРТАЛЫҚ САЛУ, АБОНЕМЕНТ ЕНГІЗУ ҰСЫНЫЛДЫ

Алмас Ержан денсаулығына байланысты спортпен айналыса алмайды. Алайда су спорты түрлеріне қызығады. «Байқастап қарасам, қалада арбаға таңылған жандарға лайық келетін бірде-бір бассейн жоқ екен. Кран сияқты суға түсіретін құрылғыны көрдім. Бірақ бұл құрал қауіпсіз емес. Ғаламтор арқылы шетелдерде арнайы пандус арқылы суға түсуге болатынын көрдім. Бізге неге осы үлгіні алмасқа? Паралимпиадалық жаттығу орталығына келсем, бұл тарапта қалада бәсекелестік жоқ деп есептеймін. Соны білетін орталық жұмысына жауаптылар келушілерді тартуға немқұрайлы қарайды. Бәсекелес болса, жұмыс жанданар еді. Тура осындай болмаса да, осыған ұқсас тағы бір орталықты салайық. Керек болса, инвесторды өзім-ақ тауып берейін. Жағдайды сонда көреміз. Негізі, осындай нысандарға келгенде бизнеске емес, мүгедектерге көбірек көңіл бөлуіміз керек. Яғни мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдайларды жасап, кәсіпкерлер соған қарап қимылдауы тиіс» дейді ол.
Жасұлан Сүлейменов мүгедектерге арналған спорттық нысандар үйінің жанында жоғын айтып: «Арбаға таңылғаныма жиырма жылдан асты. Көшедегі спорт немесе балалардың ойын алаңдарында спортпен айналысамын. Бір жақсысы, турник­тер денсаулық жағда­йыма ла­йықталған, бойыма шақ келеді. Өзім оң жағалауда тұрамын. Арнайы спорттық нысандар алыс болғандықтан бара алмаймын. Осы тұрғыда мүгедектерге кәдімгі спорттық клубтар мен секциялар қызметін пайдалану үшін абонементтің берілуін ұсынамын» деді.

ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ІСІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУІ КЕРЕК

Мәселенің бір шешімін Мүгедектердің қазақстандық конфедерациясы жанындағы «Дорт­стройтрест» ЖШС-тің «Экор» орталығының бас сарапшысы Жадырасын Сәдуақасов ұсынады.
– Қаладағы нысандардың 90 пайызы ескі болғандықтан, қыз­мет көрсету ісіне басымдық беруіміз керек. Паралимпиадалық жаттығу орталығы – қалаға сөзсіз қажет нысан. Мұндай ор­та­лықтың баламасы елімізде жоқ. Ал ТМД көлемінде тіпті аз. Нысан, міне, дайын тұр. Бі­рақ мүгедек оған келмей неге үйін­де отыр? Мәселе белгілі – нысанға жете алмай отыр. Халықаралық тәжірибені ескеріп, «Нысандар мен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету стандарты туралы» қалалық ережесін бекітуіміз керек. Мұндай ережені әзірледік. Бұл құжатты бе­кіту ғана қалып отыр, – дейді сарапшы.
Ж.Сәдуақасовтың пікірінше, осы іс қолға алынбайынша мүгедектерді өмірге бейімдеудегі түйт­кілдер алдымыздан шыға береді. Ал С.Бөпежанов мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесімен мемлекеттік органдар ғана айналыспай, оған тұтас қоғам атсалысуы керек деп есептейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button