Басты ақпарат

МҰҒАЛІМ МҰРАТЫ – ҰРЫМТАЛ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ

ТАЛАП ПЕН ТАЛПЫНЫС

Қоғам өзгерді. Қатып-семген идеялардың мағынасы теріске шығарылып, оң бастамалардың қолданысқа енуіне жол ашылды. Жаңа реформалардың ішінде білім саласына қатысты қыруар жұмыс атқарылды. «Білім мен еңбек –егіз» деген ұғымды қатар ұстаған біздің еліміз тәуелсіздік жылының алғашқы кезеңінен ақ ұлттық құндылығымызды дәріптеуге құлшына кірісті. Олар оқулық бетінен орын алып, оқушылар қолына тиді. Бүгінгі мектептен, бала бойынан да жинақылық, еркіндік сезіледі. Ойы еркін болғаннан кейін білмекке, жаңа істі меңгеруге ұмтылады.

Елбасы идеясымен бой көтерген елорданың әрбір күні жаңалыққа толы. Осы жерде маңызды жиындар өткізіліп, жаһандық деңгейді қамтитын мәселелер де қаралады. Білімге қатысты түбегейлі өзгерістердің қолдау тауып, ұстаздар қауымының жаңашылдыққа бет бұрғаны соның айғағы. Елдегі аймақтар елордаға қарап, бой түзеді. Қанша дегенмен, бұл шаһар Еуразия мен Азияның кіндігінде орналасқандықтан, бұрын-соңды қолға алынбаған істер осы жерден бастау алып жатыр. Бұл төңіректегі әңгімені кейінірек қозғармыз. Ал әзірге өткенге шолу жасаймыз.

ЖАҢА МЕКТЕП – АУҚЫМДЫ МІНДЕТ  

Астана мәртебесіне ие болған 1998 жылы мұнда 37 мектеп пен 41балабақша болған екен. Араға он жыл салып, тағы қосымша 27 мектеп пен 2 балабақша пайдалануға беріледі. Бүгінгі күнде оның саны бірнеше есе өскен. Алдағы үш жыл мерзімде  24 мектеп, 32 балабақша бой көтереді. Биылдың  өзінде 13 балабақшаның іргетасы қаланған. Өзіңіз бағамдасаңыз,  келер ұрпақтың келешегін ойлаған жарқын қадамдар жыл сайын қарқын ала түсуде. Жаңа типтегі оқу орны деген сөздің  қолданысқа енгені соншалық, тұрақты сөз тіркесіне айналып кетті. Ғаламтор көкжиегі де талайлардың қажетіне жарап тұр. Үйде отырып, бүкіл әлем балаларымен бетпе-бет сөйлесуге мүмкіндік алған қазіргі жастарда арман жоқ шығар, сірә?!

2010 жылдан бастап жұмысын бастаған елордадағы № 65 мектеп-гимназияның орны тіпті бөлек. Заманауи үлгідегі бұл білім ошағындағы коррекциялық топта мүлде естімейтін балғындар білім алуда. Медицинаның соңғы жетістігі осының кейбіріне шерепеті тиіп тұр. Естімейтін құлақтың ішкі қуысына кохлеар аппаратын қойып да, сыртына имплантат орнатады. Дыбыс естілуі үшін мамандар осы балаларды арнайы жаттықтырады. Алғашқы нәтиже жаман емес. Бірсыпырасы екі-үш сөздің басын қосатын халге жетті.

Алғашқы  экспремиент-инклюзивті білім беру бағдарламасы  аталмыш білім ордасынан бастау алды. Денсаулығына байланысты үйде білім алып, төрт қабырғаға телмірген балғындарды тар шеңберден кеңістікке шығарған, жаңа ортамен табыстырған да осы жер. Дамыған әлем елдерінің қолы жеткен бұл кешенді істің жүзеге асуына жергілікті билік мүдделі болды. Ақыл-есі қалыпты, бірақ денсаулығының бір бөлігінде кінәраты бар балалар қазір дені сау балғындармен қатар отырып, білім алуда. Олардың қастарына бір-бір дефектолог маман бөлініп берілген. Ол сабағына қатысып, білмеген жеріне көмектеседі. Мемлекет тірегі – жастарға , соның ішінде мүгедек балаға жасалар қамқорлық ерекше, әрине.  Бұл тұрғыдағы жұмысты сараптан өткізсек, алға қойған міндет біртіндеп орындалып келе жатыр.

№ 65 мектеп-гимназияның директоры Бағлан Сматаева  қамкөңіл баланы қажетті қоларбамен қамтамасыз ету үшін бірқатар демеушілермен кездесіп, өтініш айтыпты. Алайда, басшыны алаңдататын бір мәселе бар. Ол сырттан келген мүгедек балаларды мектепке орналастыру мәселесі. Себебі, орын көлемі толық. Екіншіден, оларды амалсыздан қабылдаған жағдайда, сабақта онымен бірге отыратын арнайы маман қажет. Сондықтан инклюзивті білім беру мәселесі республиканың барлық аймақтарында тең қолға алынуы тиіс.

Озаттың аты қай кезде де ауызға алдымен ілінеді.1999 жылы Елбасы тұсауын кескен қаламыздағы   алғашқы № 38 қазақ мектеп-лицейінің бүгінде қоржыны жүлдеге толы. Талай шәкірттің  қанатын қатайтқан, өз жолын дұрыс таңдауына бағыт сілтеген бұл шаңырақ расында да киелі. Жиырма екі критерий бойынша он үш жыл 1-ші орынды иеленіп келеді. Жыл сайын өткізілетін республикалық ғылыми сайыста Астана қаласының білім ордаларынан  25 оқушы топ жарса, соның 7-8-і осы мектептің шәкірті. Әлемнің әр тарапына «Болашақ» бағдарламасы негізінде аталмыш оқу орнының 85 түлегі білім нәрімен сусындауға барған. Олардың алғашқы легі қазір өз елімізде қызмет жасауда.

Құзыретті орган биыл бұл оқу орны  «Көшбасшы» атағына лайық деген ұсыныс жасапты. Кезінде он бір ай бойы мектеп құрылысының басында жүріп, уақытпен санаспаған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, білім беру ісінің үздігі, ұжым басшысы Жамал Базарқұлқызы  барлық жетістіктің ауызбіршілікпен келгенін тілге тиек етті.

Астанадағы № 50, 54, 60 мектеп-лицейлері де оң көрсеткішке ие. Атап өтуге тұрарлық, тұңғыш жобаның игілігін көру үшін «Астана Innovations» акционерлік қоғамы мен «Финпеда» компаниясы № 54 мектеп-лицейді таңдап алды. Соның негізінде оқу орнының кіреберіс есігі тұсына турникет орнатылды. Бұл аппаратқа оқушы қолындағы смарт-картасын тигізіп, ішке енеді. Сол кезде ата-анасының ұялы телефонына сms-хат келіп түсіп, баласының мектепке қай уақытта барғанын біледі. Құжаттың рөлін атқаратын смарт- картада шәкірт туралы биометриялық мәлімет (аты-жөні, туған жылы, жасы, қан тобы, әке-шешесі жөнінде ақпарат) «тайға таңба» басқандай жазылған. Ал асханасындағы термопринтері ас мәзіріне берілген тапсырыс уақытын, ақшаның қалған бөлігін арнайы қағазға шығарып береді.

Талантты жасөспірімдері шетелде өткізілген байқауларда еліміздің атын шығарып, мерейлері үстем болды. Азия ойынында бокстан чемпион атанған Данияр Елеусінов те осы мектептің түлегі. Жалпы, осында спортпен шұғылданып жүрген балаларды көптеп кездестіресіз. Мәдени-рухани шараларда жиі өтіп тұрады. Этнограф-ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбековке арналған мемориалдық мұражайдың осы жерде орналасуы, құндылықты дәріптей білетіндіктерін аңғартып тұр.

Райымбек батыр атындағы № 50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде ғылыми талпыныстарды жүйелеуге бағытталған танымдық жұмыстарға айрықша маңыз берілген. Еуразия ұлттық университетінің ұстаздары жоғары сынып оқушыларына физика, химия пәнінен қосымша дәріс береді. Әдетте, тұжырымды дәйектемемен сабақтастыру ғылымда оң бағаланады. Осы мақсаттың іс жүзінде орындалып келе жатқанын оқушылардың бірнеше байқауда жүлде алғаны дәлелдейді. Мектепте радиотехника үйірмесі ашылған. Байқоңыр қаласындағы халықаралық Челомей атындағы аэроғарыш мектебімен де тығыз қарым-қатынаста. Келешекте техникалық мамандық иелері осы оқу орнынан тәрбиеленіп шығады деген сенімдеміз.

ОҚЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ ЖҮЙЕСІ

 Мемлекет басшысы «Қазақстан білім  қоғамы жолында» атты дәрісінде білім саласын жаңартуға байланысты нақты дәледемені алға тартып, жауапты құрылымдарға міндеттеме жүктеді. Бұл лекцияның ең алдымен жастарға арналғанын баса айтқанымыз жөн. Оның негізгі себебін мемлекет діңгегін берік қалыптастыруға үлес қосатын жастардың сапалы білім алуымен қарастырамыз.

Жаһандық деңгейде дағдарыс ауыздықталмай тұрғанда, бізге ғылымның озығын меңгеру міндеті жүктеліп отыр. Сондай-ақ, дәрісте мектепке дейінгі дайындықты модернизациялаудың, тұлға қалыптастырудың  мықты тетігін құрудың алғышарты ұсынылды. Ол бойынша жұмыс жасаған «Балапан» бағдарламасы қажетінше мұқтаждықты өтеді. Дегенмен, алда тұрған міндеттер одан да қомақты, тіпті жауапкершілігі екі еселенген десек қателеспеспіз. Ресми дерек көзіне жүгінсек, еліміз 2020 жылға қарай балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін өз дәрежесінде шешпек.  Мынаны да атап өткен жөн. Астанада сал ауруымен ауыратын балаларға арналған балабақша іске қосылды.

Елбасы пост индустриялық әлемде «білім-ғылым – инновация» үштігі билеп-төстейтінін айтып, мемлекет пен тұлғаның дамуындағы еңбектің рөлін, әлеуметтік және экономикалық даму арасындағы өзара терең байланысты, бағыттау мен бағдарлаудағы жаңа құндылықты қалыптастыру қажеттігіне жұртшылық назарын аударды. Жастар саясатына барынша көңіл адарудың міндеттілігі де алғы кезекке шығып отыр.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз мәслихатында сөйлеген сөзінде мына мәселені қамтып өтті: «Заманауи әлемде жеті мыңнан аса мамандық бар. Жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болады да, кейбіреулері келмеске кетеді. Қоғам мен экономика қарқынды дамыған сайын мамандық мәселесінің мәні арта түседі. Зерттеушілер, бұрыннан да белгілі жәйт бола тұра, өзіне шын мәнінде сүйікті іспен айналысқан адамдардың ғана мол табысқа кенелетінін анықтады. Көптеген зерттеулер бойынша, бүгіндері сауалдамаға тартылғандардың 15 пайызы ғана әлдебір мамандыққа бейімділігін бала шағында байқатқан.» Осыдан түйгеніміз, орта мектепте кәсіпке қатысты танымдық жұмыстар кеңінен қамтылуы тиіс. Сондай-ақ, балабақшадағы тәрбие ісіне ерекше көзқарас, еңбектің салмағын дәріптеу күн тәртібінде тұруы қажет.

Жыл сайын елордамыздағы мектеп бітірушілердің 85 пайызы еліміздің іргелі жоғары оқу орындарына және шетелдік білім ордаларына түседі. Оның 15 пайызы ғана елімізге қажетті мамандықты таңдайды екен. Сондықтан сұраныс пен тиімділік бір-бірімен қабыспай тұр. Дегенмен, ҰБТ қорытындысы бойынша астаналық түлектердің орташа бал көрсеткіші –  78 пайызды құрап, 75 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. ҰБТ дегеннен шығады, бұл төңіректе биыл да біраз дау-дамай болды. Ел аралаған қаңқу сөздің анық-қанығын білмекке, педагогика ғылымдарының кандидаты Сейітқали Дүйсенге жолықтық. – Оқушылар ҰБТ тапсыру кезінде ең қиын пән – «Қазақстан тарихы» болғанын айтып еді. Оның себебін Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов былайша түсіндірді. Бірнеше жыл бойы тест тапсырмалары жаңартылмай келген екен. Ал биыл сұрақтардың мазмұны толықтырылды. Осы кезге дейін «Абылай атының тісі нешеу», «Белгілі әншінің көйлегіндегі ою-нақыштар нені білдіреді» деген қисынсыз өтіріктерді  айтып келген төмен балл жинаған оқушылар екені жасырын емес. Негізінде биылғы түскен арыз-шағымдарды зерделеу барысында оқулықтан тыс сұрақтардың болмағаны дәлелденді. Жалпы, еліміз мектептерінде тестілеу әдісін пайдалану 90-шы жылы бастау алды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ҰБТ сапалы білімді анықтаудың ең қолайлы әдісі. Бұл тұста атап өтерлік нәрсе, тест сұрақтарына жасалған биылғы өзгерістер бұрынғы жаттанды сұрақтардың орнын алмастырды. Сондықтан іргелі істің көпшілікті тосылтқаны рас, – дейді ол.

БОС УАҚЫТТЫ ТИІМДІ ӨТКІЗУ МҮМКІНДІГІ

Бас қаламызда оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Қаламызда № 3 музыка, балалар көркемсурет, № 2 өнер мектептері, М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы, Жас саяхатшылар бекеті, «Арман» спорттық сауықтыру кешені, техникалық шығармашылық, «Шығыс» жасөспірімдер орталықтары, Жекеменшік би мектебі, жаңа Оқушылар сарайы сынды 13 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Бұл жерлерге шәкірттер өздерінің қалауы бойынша жазылып, дәрістер алады, үйірмелерге қатысады. Дерек көздеріне жүгінсек, елордада 1,5 мыңға жуық мүгедек бала бар екен. Жергілікті билік тарапынан бірнеше баланың емделуіне мүмкіндік жасалған.  – Жыл сайынғы көрсеткішті зерделесек, білім саласында қыруар жұмыс атқарылып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіппіз, – деді әңгіме барысында Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина. – Озат ұстаздардың да саны басым. Олардың айлығына 50 пайыз үстеме қосылады. Жас мамандарды жұмысқа қабылдау мәселесі де ретімен шешімін тауып келеді. Интернет желісіне барлық білім ошақтары қосылған. Ұстаздар мен шәкірттер ғылыми жұмыс бойынша өткізілген сынақтарда жүлделі орындарды иеленді. Он екі жылдыққа көшудің алғы шартын жасап, ол жөнінде атқарылатын істерді пысықтадық. Бір сөзбен айтқанда, білім кеңістігіндегі желкенімізді қисайтпауға атсалысып жүрміз.

Басқарма бастығының айтқан сөзінің жаны бар. Оқушылар 2009-2010 оқу жылында түрлі жарыстардан  153, ал 2010-2011 оқу жылында 172 медаль иеленген. Десек те, солардың ішінен мұғалімдікті таңдаған ер баланы табу өте қиын. Оны білім саласының өкілдері де мойындайды. Кеңестік кезеңде менің тұстастарым ер мұғалім мектеп дәлізінде келе жатқанында, қаз-қатар тұра қалып бас киімін шешетін.

Әмірхан  АЛМАҒАНБЕТОВ

 

 

 

 

 

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button