Қоғам

Мұрағат шертер шежіре-сыр көп

Архив туралы айтқанда, адамдар оны өткен оқиғаның шындығын нақтылайтын, деректің шынайылығына, дәлдігіне көз жеткізетін мекеме ретінде біледі, солай қабылдайды. Ол солай. Бірақ архивте жұмыс істейтін біз архивтің рөлін одан гөрі кеңірек, маңыздырақ бағалаймыз.

Құжат бұл ауа сияқты, ол барда біз оны байқамаймыз. Ол – керек емес кезде өткеннің дерегін сақтайтын, шаң басқан қағаздар жиынтығы. Ал бірақ тәжірибеде басқаша, Астана қаласының мемлекеттік архивіне жылына 9-10 мың адам әкімшілік-құқықтық сипаттағы сұраныспен келеді: пәтер беру, жер алу, сот шешімі, үй, мүлкін жекешелендіру, оқу орындарында оқығанын немесе мекеме, кәсіпорындарда жұмыс істегенін, жұмыс өтілін, жалақысын растау, қала атауының, көшелердің өзгеруіне байланысты сұраныстар, т.с.с.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен ұлт тарихын танып-білудің жаңа кезеңін бастап беріп отыр, әлемдік өркениетке қосқан үлесіміз бен жаһандық даму үрдісіне тигізген зор септігімізді қайтадан зерделеп, дүние жүзіне жаңаша дәріптеуге үндейді. Мақалада көрсетілген басым бағыттың бірі – тарихи санамызды жаңғыртуға мол мүмкіндік беретін «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасын жүзеге асыру және мектептер мен барлық өңірдегі өлкетану музейінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыс құру.

Осы ретте, жас ұрпаққа өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру, мәдени деңгейін көтеру, туған жерінің табиғатын, халқын, шаруашылығын, тарихын, мәдениетін білуге деген құштарлық сезімін ояту мақсатында Астана қаласы мемлекеттік архивінің жанынан тарихи-өлкетану экспозициясын ашу жоспарланып отыр.

Туған жердің текті тарихынан сусындап өскен ұрпақ қана ел қамына жарар азамат болып өсетіні белгілі. Мақсатымыз – халқымыздың мыңдаған жылдар белесінде жинақтаған тарихи жетістігі мен мәдени байлығын тәуелсіздігіміздің рухани азығына айналдыру, оқушылардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, олардың шығармашылық ынтасы мен әрекетін бабалар дәстүрін жалғастыруға бағыттау, қоғамның қызығушылығын арттыру.

«Халық пен архив – синонимдес ұғым, архиві болмай, шежіресі болмай, ұлт – ұлт болмайды. Архив қорын байыту керек. Елдің ел екендігін, тамырымыздың терең жайылуын ойласақ, архивтерді насихаттап, архив қызметкері болып жүрейік» деп еді Зейнолла Қабдолов ағамыз архивистермен бір кездесуінде.

Халыққа өз тарихын көрсететін уақыт келді. Үлкен тарихи-өлкетану көрмесін ұйымдастыру бағытында жүргізіле бастаған жұмысқа барлығы атсалысады деп ойлаймын.

Қолдарыңыздағы құжаттарды, деректерді лақтырып тастауға асықпаңыздар немесе тек өзімдікі деп қойныңыз­ға тықпаңыздар, архивке өткізіңіздер.

Астананың тарихи көрмесін бірге жасайық.

Астана қаласының тарихы – бұл тәуелсіздік тарихы, бұл – мемлекеттің тарихы, бұл – ұлттың тарихы.

 Ғазиза ИСАХАН,

Архив ісінің үздігі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button