Қала тіршілігіМәдениет

МУЗЫКАНЫҢ МӨЛДІР БҰЛАҒЫ

Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театрында №2 Балалар музыка мектебінің «Шалқысын асқақ әуенім» атты жылдық есеп беру концерті өтті.
Қазақ композиторларының шығармаларын, классикалық музыка жауһарларын құлақ құрышыңды қандырып, нақышына келтіріп, мінсіз орындайтын бүлдіршін буынның өсіп келе жатқанын паш еткен бұл кеш Кенжебек Күмісбековтің «Биші қайыңымен» басталды.

Бұл шара мәдени мұраларымызды сандық жағынан да, сапалық жағынан да ұлықтады десек артық айтқандық емес.
Музыканың мөлдір әлеміне тартып әкеткен концертте мектептің оқушылары Расул Рамазан мен Айғаным Нұрлан Ахмет Жұбановтың «Қарлығашын» төгілте орындады. Кіп-кішкентай қос балдырғанның орындауындағы қобыз үні жиналған көпшіліктің көңілін жадыратты. Ал София Смағұлова П.Чайковскийдің «Жаңа қуыршағын» титімдей нәзік саусақтарымен сұлу ноталар арқылы сыңғыр-сыңғыр төкті.
Дәл осындай леппен мектеп оқушысы Батырхан Сабиров Махамбеттің «Жұмыр-Қылышын» орындады. Талапкер өрендердің көрсеткен өнерлерін кәсіпқой музыка мамандарының өзі ұйып тыңдап, тыңдаушысын рухтандыра шалықтаған шығармаға риясыз қошемет білдіріп отырды.
Мектеп директоры Фариза Жұмабаеваның айтуынша, мұнда талантты балалар өнерін ұштайды. Шетінен республикалық, халықаралық байқаулардың бәйгесін қанжығасына байлағандар. Оларға сабақ беретін ұстаздар қауымының еңбегі ерен. Осы ретте Білім басқармасының әдіскері Құралай Балғабайқызы мектептің бірқатар мұғалімдерін арнайы дипломмен, естелік сыйлықтармен марапаттады.

Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button