ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Нан салмағы неге аз?

Астана қаласындағы кейбір нан өндіруші кәсіпорындар кейінгі кездері нанның әр бөлкесінен 20-30 грамм ұн қақшып отыр екен. Кеше осы жағдайға байланысты «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық ұйымының өкілдері дөңгелек үстел жиынын өткізді.

KBB_9773

Қоғамдық ұйымға нан баға­сының қымбаттығы мен сапасына қатысты арыз-шағымдар өте көп түседі екен. Биыл қаңтар-ақпан айларында аталмыш қо­ғам белсенділері елордалық дүкендердің біразына арнайы рейд ұйымдастырып, нанның сапасы мен салмағына қатысты тексеру жүргізіп көріпті. Сонда 19 бірдей ірі сауда орындарына бас сұғып, нан сапасы мен бағасы тексерілген. Оның барысында біраз заңсыздықтар ашылған. Атап айтқанда, дүкен сөрелеріндегі бөлке нанның салмағы азайып кеткенін, яғни, стандартқа сәйкеспейтіні анық­талған. Яғни, нан өндіру­шілер әр бөлкеден 20-30, тіптен 60 грамға дейін үнемдеп келген. Ал елімізде бекітілген стандатттар бойынша, зауыт нанының салмағы 550 грамнан кем болмауы тиіс.
– Тексерулерден кейін нан дайындаушы компаниялардың өкілдерімен келіссөздер жүргізіп, олқылықтың орнын толтыру жөнінде ескерту жасағанбыз. Алайда, содан бері жарты жыл өтті ешқандай нәтиже жоқ. Көптеген өндірушілер нан салмағын азайтып, заң бұзушылыққа барып жүр, – дейді «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Қабыкен Закариянов.
Қоғамдық ұйым өкілдері маусым-шілде айларында қала дүкендерінде тағы бір мәрте тексеру жүргізген. Алайда, жағдай «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалған. Бөлке нандардың салмақтарына 20-30 грамнан жетіспей жатқаны анықталады. Оның үстіне кейбір дүкендерде бөлке нанның бағасы 80 теңгеге дейін көтерілген.
Нан сапасына байланысты дөңгелек үстелге қаладағы нан зауыттары мен заңсыздық табылған дүкен өкілдері шақыртылған екен. Алайда, олардың ешқайсысы келген жоқ.
Ал Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті мамандары да нан сапасы мен бағасына қатысты шағым көп түсетінін растап отыр. Қазіргі таңда департамент тарапынан анықталған фактілер бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дөңгелек үстел соңында «Әділет» тұтынушылар құқы­ғын қорғау қоғамы өкілдері тұтынушылар құқық қорғау туралы заң талаптарына атүсті қараған компанияларға қатысты зерттеулер негізінде арнайы құжаттар дайындалып жатқанын, жақын күндері бұл құжаттардың сотқа жіберілетінін айтты.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button