Басты ақпаратСұхбат

«Немеремді орадым ақ боранға»

Арқа төсіндегі Ақмоланың еліміздің бас ордасы болғаны кеше ғана ­сияқты еді, енді қарасақ оған доптай домалап 21 жыл өте шығыпты. Мұны, бейнелеп айтқанда, ат жалын тартып мінер жігіттің жасы деп айтуға болады. Осы жылдар аралығында астанамыз Алпамыстай күн санап өсіп отырды. Бірақ шаһар бір күнде осылай бола қойған жоқ. Сондықтан қаланы салуға қажыр-қайратымен кіріскен адамдардың жанкешті еңбегін көзімен көріп, соның ортасында жүрген Ақмолаға Алматыдан алғаш ат басын тіреген зиялы қауымның бірі ақын Қадыр Әлімқұловты әңгімеге тартқан едік.

– Аға, Қала күнімен құттық­таймын! Сөзімізді көп ұзатпай, алғаш Ақмолаға көшіп келгендегі әсеріңізден бастасақ…
– Рақмет, інім! Қазір ойласам, соның бәрі маған ертегі секілді көрінеді. Біз еліміздің бас ордасына ұлы көшпен қарашада келдік. Күздің қара суығы бет қариды. Бұрын да бір-екі рет Ақмолаға табаным тиген. Бірақ ол кезде жылы мезгілде келген едім. Мұндай қақаған суықты көрген емеспін. Алматыдан шығарда таныстарым: «Ол жақта күн салқын, тоңып қаласыздар, сондықтан жылы киім алыңыздар» дегеннен кейін бір қабат жылы киімдерімізді алып, тартынып келдік. Құдайдың өзі сынады ма, сол жылғы қыс өте қатты болды. Үш ай бойы аяз 30 градус­тан түспеді. Және Арқаның ақ бораны да үйіріп соқты да тұрды. Шынында, қайда келдік деп ойладым. Бір жағынан, Алматыға үйреніп қалған адамға сол жылдары қалада көзге көрінетін ешнәрсе де жоқ болатын. Көшеден дәріханалар мен кооператив дүкендерін ғана көресіз. Басқа тартымды дүние жоқ. Өзім таудың баласы болып өскеннен кейін жан-жағыма қарасам, көз тоқтатар ештеңе көрінбейді. Сондай кезде ұшар басын ақ қар басып жататын Алатауды аңсаймын. Бірақ қазақтың кез келген жері қасиетті деп ойлаймын. Арқаның киелі топырағы да маған бөтен емес. Мысалы, мен Алматыда қалсам, екі қолға бір күрек табылар еді. Қолымдағы қаламым мен қағазымды ешкім тартып алмайды. Алатаудың етегіндегі әсем шаһарда 30 жыл тұрдым. Бәрі таныс. Бірақ жүрегімдегі отансүйгіштік сезім мені жай жатқызбады. Бүкіл ел болып үлкен істі қолға алып жатқанда менің тасада тайсақтап қалғаным жарамас деп ойладым. Тіпті сатқындық болар деп қабылдадым. Осыған арым жібермеді.
– Ол кезде қайда қызмет іс­тейтін едіңіз?
– Онда Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерімін. Мен осы мекемеде 25 жыл жұмыс істедім. Бізбен Ақмолаға қоныс аударғандардың арасында бір-екі айдан кейін үйрене алмай, Алматыға қайтып кеткендер де болды. Аталарымыз «уақыт – сыншы» деп бекер айтпаған. Қазір ойласам, астанаға елмен бірге көшіп келгенімді өмірімдегі бақытты сәттерімнің бірі деп бағалаймын. Сол Арқаға келген жылы: «Немеремді орадым ақ боранға, қасиетті қазақтың ертеңі үшін» деп ұлы көшке байланысты алғашқы жырымды жаздым. Мәселен, Алматыда қалғанда: «Жұрт астананы салуға үлесін қосып жатыр. Мен содан қалып қойдым» деп өзімді өлгенше жазғырып өтер едім. Ұлы көшпен бірге қалың топтың ортасында жүрдім. Тәуелсіздікті тұғырына қондыруға аздап болса да, қарлығаштай қанатымен су сепкендей, үлесім тиді дегендей жүректі жылытып тұратын сезім бар. Ең үлкен нәрсе – сол. Оның үстіне барлық шешімдерді қабылдаған Елбасының идеяларын қағазға түсіріп, соған қолғабысымды тигіздім. Кейде елге барғанда ауыл адамдарының: «Бәлі, сіздер елорданы қатырып тұрғызып жатырсыздар. Теледидардан көргенде күнде бір керемет ғимарат бой көтеріп жатады» деген әңгімелерін естимін. Соған өзім кәдімгідей марқайып қаламын.
– Қазір бас шаһарда үлкен бір әулетке айналып, мәуелі бәйтерек секілді тамырыңызды тереңге жайыпсыз…
– Иә, солай. Құдай берген үш ұлым бар. Сол үшеуін де өзіммен бірге елордаға алып келдім. Қазір осы үш балам ақар-шақарлы үш үйлі болды. Жоғары білімді маман иелері. Жұмыстары бар, жағдайлары жақсы. Астанаға келгеннен бері он немерем дүниеге келді. Жанымызға жан, басымызға бас, санымызға сан қосылды. Маған Арқаның ауа райы да ұнайды.
– Елбасының Алатаудың етегіндегі бас орданы Арқа жеріне көшіруде де терең тағылым жатқанын білеміз. Бұған сол кезде әртүрлі пікірлер айтылды. Сіз қалай қабылдадыңыз?
– Астананы көшірудің өзі саясатқа барып тіреледі. Содан ке­йін Алматыда жер сілкіну, таудан сел көшу қаупі де бар. Ондағы халық саны да миллионға жетіп, толып кетті. Ал елорда Ақмолаға ауысқаннан кейін елдің бәрі осында ағылды. Қала қазақыланды. Кейбіреулер мұны жөнді түсінбей «сонша қаржы шығарып, астананы ауыстырудың қажеті бар ма?» деген сөз айтқаны рас. Бұл дұрыс сөз емес. Президенттің көп нәрсені жария айта алмайтын жағдайлары болады. Жұрт оны білу керек. Қазір тәуелсіздік туралы қызынып сөйлейміз. Менің түсінігімде, біз секілді саны аз халық үшін абсолютті дербестік болмайды. Ол Америка немесе Қытай үшін болуы мүмкін. Азды-көпті Ресей үшін де болар. Ал бізге ондай әңгіме алыс. Біз не бүкіл ел мойындаған ұлт болуымыз қажет немесе бес қаруы сай, мықты қаруланған, ешкім батып кіре алмайтындай күшке ие мемлекет болуымыз керек. Қазір бізге алдымен бірлік қажет. Тірлік – бірліктен басталады.
– Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Махмұт Қасымбеков екеуіңіздің «Нұрсұлтан деп ат қойдым» деген кітаптың жазылуы туралы айтып өтесіз бе?
– Біздің халқымыз қадір тұ­татын адамды аңызға айнал­ды­рып жібереді. Президент Әкім­шілігінде қызмет істеп жүр­генде ағайындардан «Балама Нұр­сұлтан деп атыңызды қойдым, батаңызды берсеңіз» деген хаттар жиі келетін. Тіпті өзбек, қырғыз, әзербайжан туысқандардан да сондай хаттар келді. Содан бір күні Украина­дан келген хатта «Баламыз дүние есігін ашты. Со­ған сіздің атыңызды берсек деп ойладық. Бірақ бізде Нұрсұлтан деген есім жоқ. Сондықтан сіздің фамилияңызға байланыстырып «Назар» деп атадық» деп жа­зыпты. Енді бір күні жердің түбі – Қиыр Шығыстағы Хабаровсктан «баламызға «Нұрсұлтан» деп ат қойдық» деп орыс азаматы Президентке хат жолдаған. Бұл хаттар мені ойландырды. Содан Елбасыға өзім кіріп: «Сіздің атыңызды халқымыз баласына қойып жатқанда үндеген жоқпын. Енді есіміңіз халықаралық мәнге ие болып, оны орыс, түрік, украин жұрты баласына берді. Осылардың біразын алып, елге көрсетсем деймін. Ол – тек сізге деген құрмет қана емес, хал­қымызға деген құрмет» деп ойымды жеткіздім. Ол кісі айт­қа­нымды қолдап, жазуды Махмұт екеумізге тапсырды.
Жинақ мазмұнды болып шығу үшін Елбасының есімі берілген еліміздегі сегіз баланың үйіне барып, олардың әке-шешесімен сөйлесіп, деректерді толықтырдым. Бірде Хабаровсктан Президенттің есімі берілген баланың әкесінен хат келді. Онда ол: «Осыдан бес жыл бұрын баламызға сіздің есіміңізді қойып едік. Сіз бізге алғыс айтқан жауабыңызды жібердіңіз. Қазір сол баламның көзінің көруі нашарлап, жанымызды ауыртып жүр. Біз тұрған жерде білікті көз дәрігері де жоқ. Бір жағынан, қаржы да қолбайлау болып тұр. Балама көмектессеңіз» деп жазыпты. Елбасының тапсырмасымен баланы елімізге алдыртып, Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына апарып, тексеруден өткізіп, көзіне операция жасағаннан кейін тәуір болды. Баланың анасы Ыстықкөлдің қырғызы екен. Сонымен жинақ Елбасының алғы сөзімен шықты. Президенттің өзі кітапқа ризашылығын білдірді.
– Кейінгі жылдары сіз, поэзиядан бөлек, ұлы ақын Мұқағалидың шығармашылығы туралы зерделі еңбектер жазып жүрсіз. Бұған келуге не әсер етті?
– Зейнеткерлікке шыққаннан бері Мұқағали туралы төрт кітап жаздым. Өзім жас кезімде ақынды көрдім. Бірақ жақын барып, шешіліп сөйлесе алмадым. Содан бері поэзия мұзбалағының 60, 70, 80 жылдығы дүркіреп тойланды. Әркім ол туралы естеліктер жазып жатты. Бірақ ақын жайында көлемді көркем дүние жазылған жоқ. Содан оны басқадан күтіп отырмай өзім жазайын деп, «Дүрия дәурен» деген романды қолға алдым. Ақынның өмірінде Әбділда Тәжібаевтың рөлі ерекше болған. Алғашқы жыр жинағына өлеңдерін Қасым Аманжолов енгізсе, Әбділда ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетіне «Әдебиетке нағыз ақын келді» деп алғы сөз жазып, батасын береді. Романның соңғы нүктесі жақында ғана қойылды. Сондықтан кітап оқырманға әлі жеткен жоқ. Бұл туындыда көрнекті композитор, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев пен «ғасыр ақыны» атанған Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық бірлестікте өткізген отыз күндік өмірі суреттелді.
– Аға, биыл жетпіске келіп, өмірдің бір белесінен асып отырсыз…
– Менің ойымша, жетпіске жету деген ерлік емес. Мен жетпіске мықты болғаннан кейін келген жоқпын. Құдай қуат берді, содан аман-есен жетіп отырмын. Тағдырыма да шүкіршілік етемін. Осы ғұмырымда қаншама жақсылармен араласып, сырлас, сыйлас, дәмдес болдым. Кешегі Шерағаңмен ағалы-інілі бауырдай сыйластым. Ол кісі алғашқы жыр жинағыма алғы сөз жазып, сәт-
сапар тіледі. Қазір осы ағаларымды сағынамын.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button