Басты ақпаратРуханият

Өз Отанының сом алтыны

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жылдағы дәстүрге сай дүйім жұртты ұлы Абай ескерткішінің алдына жинап, «Абай әлемі» атты әдеби-сазды іс-шарасымен хакімнің туған күнін атап өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Астананың 20 жылдығы аясында өткен шараға жиналғандар Елбасының «Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» деген сөзін темірқазық етіп алған кітап көрмесін тамашалап, әсем ән мен жырға, күмбірлі күйге құлақ құрышын қандырды.

Жалпы, тамыз айында қазақ­тың дана, дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының туған күнін екі рет атап өтеміз. Оның бірі – Абайдың немере інісі Әрхам Ысқақов «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде жазғандай, 10 тамыз болса, екіншісі – 23 тамыз. Қазіргі ғалымдардың көбісі екінші датаға тоқтайды. Олар: «Алғашқы дата ескіше стильде аталады, жаңа күнтізбе бойынша кейінгісі дұрыс» деген уәжді алға тартады.
Түптің түбінде бір датаға тоқтармыз, алайда ұлы Абайды күнде ұлықтасақ та артықтық етпейді. Данышпанның дүние­ге келген күнін бір айда екі мәрте бізге тойлатқан бұл да бір құдіреттің хакімнің мұрасы бойымызға сіңсін дегені шығар.
Алдымен Астана әкімдігі, бір­қатар қалалық басқармалар, аудан әкімдіктері, басқа да мемлекеттік мекемелер мен оқу орындары және Абай рухына тағзым етіп келген халықтың атынан ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

– Бүгін Астанада Абай оқулары басталып жатыр. Соны­мен қатар, елорданың барлық мектептерінде, оқу-ағарту ұйым­дарында Абай атамыздың өлеңдері оқылып, әндері шырқалуда. Жалпы, біз Абай мұрасына оралған сайын оның түпсіз тұңғиығына бата түсеміз. Себебі ойшыл атамыз – Шығыс поэзиясында қалыптасқан ұлы дәстүрлерді жалғастырушы ғана емес, Фирдоуси, Низами, Әлішер Науаи секілді ойшылдардың ізбасары бола тұра, олар айтқан ойларды дамытушы, адамзат өркениетіне өлшеусіз үлесін қосқан ұлы тұлға, ұлы қайраткер, ұлы ойшыл. Абай атамыздың өзінің халқына деген сүйіспеншілігі көрінетін, ұлт болмысындағы ерекшеліктерді тап басып, рухани жаңғыруға, өсе түсуге, дами түсуге шақыратын шығармалары мәңгілік. Рухани бастауларымызға тереңдеген сайын бізді өзінің құнарымен байыта түседі. Абай атамыз мұрасының қымбаттылығы да, құндылығы да осында, – деді Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы Абай мұрасы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арасында үлкен байланыс барын атап өтті.
– Әр заман түлеп, жаңарып, жаңғырып отырады. Абай өз заманын жаңартып, өз дәуірін рухани жаңғыртты. Халқын ұлы руханиятқа, ұлы мәдениет­ке шақырды. Рухани жаңғыру дегеніміз тек қана ас ішіп, аяқ босату емес. Осы күні кейбіреу­лер ит жүгіртсе де, ат шаптыртса да рухани жаңғыруға келтіреді. Олай емес. Рухани жаңғыру – халқының жүрегіңе терең бойла, жоғыңды түгенде, болашаққа ұмтыл, іштей түле, санаңды түзе, біріңді-бірің дос көр, мәңгілік елдің мәңгілік мұратын жүзеге асыратын ұрпақ тәрбие­ле деген сөз, – деген ақын ұлы Абайға арнауын оқып берді.
Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыр­жықбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейхан, қазақтың классикалық әнінің дүлдүлдері Ерлан Рысқали, Перизат Тұрарова, күйші Айбек Бекбосын Абайдың әндерін әуелетіп, күйлерін күмбірлетті. Әртіс Қасымхан Бұғыбай ойшылдың бейнесіне еніп, күңіренді.
Қазақтың бас ақыны саналатын Абай қырық жастан кейін ғана өлең жазды деген түсінік қалыптасты. Айтылғандай, биыл оның 1888 жылы жазылған 27 өлеңіне 130 жыл толып отыр. Шарада Абайдың ізбасарлары, ХХ және ХХІ ғасырларда өлеңде жолын жалғаған ақындар жырларын оқыды.
«Абай – өз Отанының сом алтыны» деп Әлихан Бөкейхан айт­пақшы, бұл шарада ұлы ақын мұрасы жарқырап көрінді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button