Мәслихат

Бюджет тиімді басқарылуы тиіс

Астана қаласы мәслихатының 36-шы кезектен тыс сессиясы өтті. Онда қаралған негізгі мәселелердің бірі – елорданың 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне қатысты болды. Атап айтқанда, өткен жылы қабылданған мәслихат шешіміне өзгерістер енгізіп, қала бюджетіне түскен кіріс көлемдерін атқарушы операторларға бөлу туралы талдау жасалды.

Осы жөнінде Астана қаласы Стратегия­лық және бюджеттік жоспарлау басқарма­сының басшысы Расул Оразғұлов баяндама жасады. Ол қала дамуының экономикалық көрсеткіштеріне тоқтала келе, ағымдағы жылдың алты айында бас қаланың бюджетіне түскен кіріс көлемін жария етті. Бұл 136,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға өскен. Баяндамашының есебінен кейін депутаттар қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысты пікірлерін білдірді. Қаржыға жауапты операторлардың жауапкершілігі, әр теңгенің қаланың қажетіне жұмсалып, әлеуметтік-экономи­калық дамуына үлесі болуы керектігін айтты.
Сессияда қаралған өзге мәселелермен бірге қалалық Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Руслан Ахметов мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер учаскелерін алып қоюға байланыс­ты жылжымайтын мүлікті сатып алу жөніндегі шарттардың жобасын мәслихат қарауына ұсынды.

Күрделі жөндеу: нәтиже бар

Астана қаласы мәслихатының көпшілік тыңдауында тұрғын үй қорын басқару, ұсынылатын қызметтердің сапасы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында тұрғындардың құқықтарын қорғау бойынша атқару органдарының қызметін жетілдіру мәселелері қаралды.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлұшев баяндама жасап, осы салада атқарылып жатқан істерге жалпы шолу жасады.
Бүгінгі күнде елорданың тұрғын үй қорында 2562 көп пәтерлі тұрғын үй мен 87 апатты үй және күрделі жөндеуді қажет ететін 271 үй тіркелген.
2013 жылдан бастап 1230 үйге техника­лық жағынан ауқымды тексерулер мен 105 үйге энергоаудит жүргізілген. Оның қорытындысы үйлерді басқарушы кондоминиумдар мен жергілікті атқарушы органдарға беріліп, орын алған кемшілік­терді түзеуге назар аударылған. Атқарыл­ған жөндеу жұмыстары негізінде 72 көп­пәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтті. Үстіміздегі жылы 9 үйге күрделі жөндеу жүргізілуде. Үйлердің тозған төбе жабындысын ауыстырып, ішкі инженерлік жүйесі түгелдей ауыстырылған. Келесі жылы республикалық бюджет есебінен тағы да 8 көппәтерлі тұрғын үйге, қайтармалы қаржының есебінен 7 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Қалған 256 үйдің тұрғындарымен аумақтарды дамытудың бағдарламасы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button