Басты ақпаратДенсаулық

Өз-өзіңе ие бол

«Гипноз деген не?» деген сұрақтың нақты жауабын беру көбімізге қиындық тудыратыны анық. Бірақ осы сөз айтылған жерде ойымызға үрей араласқан сенімсіздік пайда болып, үрке қарайтынымыз да рас. Тіпті көптеген дәрігерлердің өздері гипнозды мистикалық, паранормалдық құбылыс ретінде қарастырады. Дегенмен гипноздың тылсыммен ешқандай байланысы жоқ екені дәлелденген. Және бүгінде медицина мен психотерапияда қосымша емдеу әдістерінің бірі ретінде оның қолдану аясы кеңіп келеді екен.

Жақында Астана психосома­тика және денсаулық оқу орталы­ғының шақыруымен Мәс­­­кеу­дегі клиникалық гипноздың ғылыми-зерттеу инс­­титутының гипнология факультетінің деканы, П.А.Герцен атындағы Мәскеу онкология­лық ғылыми-зерттеу институтының гипноз бойынша кеңесшісі Сергей Болсун елордада іссапармен болған еді. Гипнологпен кездесудің сәті түсіп, құпия ілімнің бүгінгі медицинада қолданылу мүмкіндіктері туралы сұрап білдік.

Аурудың «ашуын» басуға болады

Гипноз ғылым ретінде екі жүз жылдан астам уақыт бойында зерделеніп келеді. Өткен ғасыр­лардың басындағы еуропалық ғалымдардың ізденістерін ХІХ ғасырда Ресейде И.П.Павлов, В.М.Бехтерев сияқты ғалымдар дамытты. Кеңес Одағы кезінде де бұл ғылым қолданыста болды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін классикалық медициналық гипноз психотерапияның жалғыз емдеу әдісі болды. Ол кезде «психология», «психоанализ» буржуйлардың әдісі делініп, совет адамдарына зиян ретінде тыйым салынған. Ал психотерапиялық бөлімдері бар ауруханаларда арнайы жабдықталған «гипнотарий» деп аталатын кабинеттер жұмыс істеді. Бұл гипноз сеанстары аптасына бірнеше рет өткізіліп, әдеттегі медициналық процедуралардан көп айырмашылығы болмаған. Бұл ретте науқастардың жанын мазалаған нәрселерден толықтай арылтып, алған емінің шипасы болуына тек санасына тікелей әсер етіп, сендіру арқылы әрекет еткен.
Бүгінгі күнде мұндай емдеу әдісі алып бара жатқан ауруды басу үшін, психосоматикалық медицинада, дерматологияда, стоматология мен акушерлікте де қолданылып жүр.
Гипноз Еуропада хирургияда жиі қолданылады. Ота жасалынып жатқанда ауруды ағзаға сезіндірмеуге, ауырсындырмау үшін қолданылады. Бұл, әсіресе, дәрілерге аллергиясы бар науқастар үшін тиімді. Жалпы, анестезиологиялық дәрі-дәрмекпен (наркоз) ота жасатқан адамдармен салыстырғанда гипнозда болғандар отадан кейін тез қалпына келеді. Наркоздың адам денсаулығына залалды екенін ескерсек, гипнологтан ешқандай кері әсері болмайды.
Ал онкологияда дәрілер баса алмаған, әсіресе, соңғы стадиясындағы науқастың жаны төзгісіз ауруды басу үшін гипноз өте пайдалы. Дерт меңдегенде, ұйқыдан да қалады. Бұл ретте өзін-өзі сендіріп, бойындағы қалған күшін жұмылдырып, аурудың ашуын басуға бағытталған жаттығулар көп көмегін береді. Егер ауруды 10 балдық шкаламен есептесек, гипноз арқылы 4 балға дейін түсіру – жақсы нәтиже.

Тәуелділік те гипнозға бағынады

Гипноздың тағы бір қолданылатын жері – адамның бір нәрсеге тәуелділігінің, құмарпаздығын жоюға бағытталады. Медицинада «кодирование» деген жайт бар. Егер алкоголь, есірткі, түрлі құмар ойындарына әуес адам алдымызға келетін болса, алдымен өзінің осы қалпын өзгертуге қаншалықты да­йын екенін сұрап білеміз.
Осы жаман әдеттерден аластау арқылы оның көзқарасын, дүниетанымын, өмір сүру салтын өзгертеміз. Үйренген жаман әдеттерінен жирендіріп, басқа да әдіспен тынығып, демалудың басқа жолын көрсетеміз. Бұл – өте үлкен әрі ұзаққа созылатын жұмыс. Адамның тұлғасын, болмысын күрт өзгертуге, өмірге басқа көзбен қарауға дайын болса, онда сол жолда демеу көрсетіп, өз сүрлеуін тауып кеткенге дейін жанынан табыла аламыз.
Кейбіреулер келіп: «мені кодтап тастаңдар» дейді. Бірақ өзгеруге өзі дайын емес. Жауапкершілікті сезініп, жақсы нәтиже үшін қиын жолмен жүріп өтуді ауырсынады. Ондайда жаман әдеттен құтылғым келеді, бірақ қолымнан келмейді десе ғана кірісеміз. Тағы бір ескертетін жайт, әйелі не жақын-жуығының өтінішін ескеріп, пациентті күшпен емдемейміз. Өйткені адам өз жағдайын барынша сезінбейінше, болып жатқан жайттарды түсінбейінше, жүрген қалпы әбден ұнауы мүмкін. Және сол жағдайынан арылуы мүлдем ойында болмауы мүмкін. Мұндайда біздер араласа алмаймыз, қолымыздан да ештеңе келмейді.

Өз жайыңыз өзіңізге аян

Жалпы, қазіргі заман – ақпараттандырылған заман, кез келген мәліметті оқып, біліп алуға әбден болады. Бірақ осы қоғамда өз сүрлеуінен жаңылып, адасып жүргендер, өмірдің мәні мен мағынасын түсінбей сырт қалып жатқандар да жоқ емес. Бұл алдымен өзінің күш-жігерін, мүмкіндіктерін тиісінше бағалай білмеуінен шығады. Гипноздың бір саласы адамның өзін-өзі сендіруге, сол арқылы бойындағы «ұйықтап» жатқан мүмкіндіктерін анықтап, іске қоса алады. Бұл дегеніміз – өзін мазалап жүрген жайттардан арылып, қазіргі күннің індеті болған күйзеліс, тәуелділік немесе қорқыныш, тағы басқа да қалыпты өмірге кесірін тигізетін жайттардан психологиялық жаттығулар арқылы арылуға болады. Адам өзінің көңіл күйін өзі реттей алады. Белгілі гипнолог-профессор Хасай Алиев осы терминді енгізіп, «егер өзіңді-өзің басқара алмасаң, сені басқаратын нәрсе табылады» деген болатын. Сол себепті адамның негізсіз қорқыныштарынан арылып, күнделікті тірліктен шаршаған сәттерін ұмыттырып, тез қалпына келуге, күш-қуатын, ерік-жігерін шыңдау әдістері гипноздан табылады.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button