Басты ақпаратҚала тіршілігі

ПИК ЖҰМЫСЫНА КӨҢІЛІҢІЗ ТОЛА МА?

Қалалық жерде ПИК туралы әңгіме қызу талқыланады. Әсіресе, тұрғындардың олардың қызметіне көңілдері тола бермейді. Сол үшін әкімдікке хат жазады, журналистерді шақыртып, телеарнадан көрсетеді, басылымға жариялайды. Бірақ одан шығып жатқан қорытынды аз. Жыл басынан бері елордалық Тұрғын үй инспекциясына жеке және заңды тұлғалардан 3 мыңға жуық өтініш түскен.

11

КӨШПЕЛІ ЖИЫН КӨП ӨТКЕН

Бұл мәліметті сейсенбі күні Астана әкімдігінде өткен бас­пасөз мәслихатында Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әлихан Қуатбеков жеткізді. Оның айтуынша, осы өтініш негізінде ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес пәтер иелері кооперативі мен қызмет көр­сетуші компаниялардың жұ­мысына 87 жоспардан тыс тексеру өткізіп, арыздар бо­йынша талдау жүргізген.
Са­раптама қорытындысында заң бұзушылықтар анықталып, оларды жоюға 102 ұйғарым жасалған.
Бүгінгі күні қала аумағында 2 392 көп пәтерлі тұрғын үй бар, оларға 419 ПИК және басқа да ұйымдар қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету бойынша орташа тариф м2 үшін 45 теңгені құрайды. Нақтырақ айтқанда, ең төменгі тариф – 20-дан 35-ке дейін, ең жоғарғы тариф – 80-нен 150 теңгеге дейін. Сонымен бірге, Тұрғын үй инспекциясының бастамасымен ПИК-тердің және қызмет көрсетуші ұйымдардың дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты тұрғын үйлерді басқару және күтіп ұстау мәселелері бо­йынша тұрғындармен 200-ден аса көшпелі жиын өткізіл­ген. Тұрғындар 9 қызмет көр­сетуші ұйымды ауыстырып, соның ішінде ПИК-тердің 3 төр­ағасын қайта сайлаған.

ЖЕРТӨЛЕНІ ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНҒАНДАР ЖЕТКІЛІКТІ

erm_8529

Қазіргі күнде қаладағы көп пәтерлі тұрғын үйдегі жер­төлелерді заңсыз пайдалану етек алған. Жиында бұл мәселе де кеңірек айтылды. «Бүгінде құрылыс салушылар жертөлені де, техникалық қабаттарды да жалға тапсырады. Басқа жағы­нан, меншік иелерінің барлығы бірдей кондоминиумды тіркеуге келісе бермейді, олар тек пә­терлерін ғана меншік санайтынын айтады. Осы бағытта нәтижелі жұмыс жүргізілуде, бүгінгі күні әкімшілік тарапынан барлық мәселелер реттелді, құжаттарды қабылдау жеңілдетілді. 1 қарашадағы тір­кеу нәтижесінде 88 пайыз­ды құрады. Бүгінде Астана рес­публика бойынша алғашқы орынға шықты. Тіркеудің басты артықшылығы тұрғындар ортақ мүліктің толық құқылы меншік иелері болады, ал құрылыс салушылар мен ПИК-тер олардың келісімінсіз ол мүлікті пайдалана алмайды» деп түсіндірді Әлихан Қуатбеков. Сонымен қатар, басқарма басшысы қаладағы апатты үйлердің жағдайы туралы айтып өтті.

БІЛІКТІ МАМАНДАР ТАПШЫ

ПИК-тің мақсаты ортақ мен­шіктегі кондоминиум нысан­дарының инженерлік жабдық­тары мен санитарлық-техникалық қызметін қам­та­масыз ету қажет. Оның қыз­метіне тұрғындар ай сайын үйдің шаршы метрі үшін ақша төлейді. Бірақ осы қаржы төңірегінде де сөз көп. Мысалы, жиналған қаржының бір бөлігі оның қызметкерлерінің жалақысына, күрделі, ағымдық жөндеу жұмыстарына жұмсалу қажет. Осы арада тұрғындар олардың қызметі барынша ашық болғанын қалап, уақытылы есеп беріп тұрғанын қалайды. Мәселен, үйдің ішіндегі сан­тех­никалық жұмыстардың барлығы ақылы екені аян. Жиын­да білікті мамандар туралы да сөз болды. Астана қалалық ПИК-тер қауымдастығының төрағасы Мизамбек Кенже­баев­тың айтуынша, кейбір ұсақ пәтер иелері коопера­тив­­терінің төрағалары болып түрлі мамандық иелері таға­йын­далған. Олар содан ин­же­нерлік жұмыстың қыр-сырын жіті біле бермейді. Кейбір кооперативтерде электрик, сантехник секілді мамандар жоқ. Оны олар басқа ПИК-терден жалдап шақырады. Содан келіп қиындық туады. Соңғы жылдары тұрғын үйлерге сапалы қызмет көрсету үшін сервистік компаниялар құрылған. Сол сервистік компаниялармен пәтер иелері кооперативтері өздерінің мүмкіндіктеріне қарай шартқа отырып, аталған компаниялар қызмет көрсететін үйлердің саны өскен.

ЖОСПАРЛАНҒАН ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІН БЕРДІ

2020 жылға дейінгі өңір­лерді дамыту бағдар­ламасын іске асыру аясында елор­дада биыл 3 көп пәтерлі тұр­ғын үйге күрделі жөн­деу жұмыс­тары жүргізіліп, 49 лифт қон­­дырғысы ауысты­рылған. «Тұрғын үй инспекциясы алдағы жылы 150 көп пәтерлі тұрғын үйде кондоминиум нысандарына техникалық тексеру жүргізіп және 10 көп пәтерлі тұрғын үйде энерге­тикалық тексеруді жоспарлап отыр» деп өз сөзін түйіндеп өтті Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әлихан Қуатбеков.
Қысқасы, ПИК туралы пікір көп. Сонда да осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын білдік. Нәтижесі де жаман емес. Ендеше, осыған сенейік.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button