Басты ақпарат

ПОЭЗИЯ ӘЛЕМІНІҢ ГҮЛІ

Жүрегің тастан ба еді, мұз­дан ба еді,
Әлде менен жақын бір қыз бар ма еді.
Көңілімді суыттың үнсіз қалып,
Мен де айналсам жұмбаққа қызған­ба енді.
Қызғанба енді өзгемен билесем де,
Шақыра ғой өзгені биге сен де.
Мен жүрейін жанында жат біреудің
Өлең оқып берейін сүймесем де…
Біз өскен ортада бой жеткен қыз­дар­­­­­дың көбі осы өлеңді жатқа оқу­шы еді. Бала көңіл біздің өзімізге ару­­­­дың өкпе назы тұнған бұл шу­­мақ­­­тар сөз иесінің соншалық жан нә­зік­тігін сезіндіретін. Ақ адал ма­­хаб­­бат, риясыз сезім иесін өкпе­лет­­кен адамның әбес қылығы бізді де өкіндіруші еді. Нәп-нәзік гүлді күл­дір­ген, күнді көлегейлеген, жайқа­­лып ашылған гүлдің ауыр мұң арқа­лап, сол­уына себеп болған әлде­­кімге жек көрініш тудырғаны да рас еді…

*   *   *

Өлең – біреуге бақ, біреу­ге сор. Талай ақын жан-жү­­ре­гін ақта­­рып, бо­йын­дағы өлең тасқынына ерік берем деп, қа­­ту қа­бақтарға тап болған. Пыр еткен сезім құстарын қалт жібермей жыр құсына айналдырам деп, тіпті дос-жаран, жан жарынан да түсіністік таппағандар қаншама!
Өйткені, өлең адамға сыр бү­гер­­лік мүмкіндік бермейді. Қу сөз а­дам­­­­ның ақымақтығын да, да­­­­­­на­­­­лы­­­ғын да, ұшқары ойларын да, те­­­­­­рең­­­­нен түйгендерін де, сүй­­­­дір­­­­ге­­нін де, күйдіргенін де, қуан­ғанын да, мұңайғанын да жайып салады. Сондықтан да, өлең — Абай айт­­қан­­дай өсекші. Өсекші болғандық­тан да, ол — ақынның бағы мен со­­ры.
Ал, белгілі ақын, өлеңдері нәзік ли­­­ризм­ге толы Күләш Ахметова үшін ол — бақ. Өйткені, ақынды жан жары ақын Қайырбек Асановпен тілдестірген де, үндестірген де, өмірді бір кештірген де сол өлең.

*   *   *

Бірде қаламыздағы Назарбаев университетінде Күләш Ахметовамен кездесу өте­тін болып, оған газет редакциясынан біз жіберілгенбіз. Аты аңызға айналған ақын апаны көру, әрине, үлкен бақыт. Әріптесім Серікгүл Сұлтанқажы екеуміз алып-ұшып аэропорттың жолын бетке алдық.
Осы алғаш танысқан сәтте ақынға өзіміздің сұхбат алғымыз келетінін айтқанбыз. Жүзінен нұр төгілген, жаны жайсаң Күләш апай реті келсе, сұхбат беруге келісім берді.
Бұл күндері Астанада Тараз қа­ла­­сы­­ның мәдени күндері өтіп жат­­қан. Күләш Ахметова мен жұ­­ба­­йы ақын Қайырбек Асанов жамбылдық өнерпаздар тобының ақсақалдары ретінде көпшілікті бастап келген.
Сонымен араға күн салып, ақын­­­­­­­­ға телефон шалдық. Сұ­рақ­тар­­­­дың жөнімен танысқан соң қолы қалт еткенде өзі хабарласаты­нын айтып сендірді.
Астанаға бар болғаны үш-ақ күнге келген Ахметованың кісіден босай қоймасы анық. Біраз жылдан бері денсаулығы сыр беріп, қоғамның қым-қуыт тіршілігінен сырт қалып жүрген ақынды бір көрсем деп, іздеп барып жатқандар аз емес-тін. Оның сыртында бұл сапардағы бағдарламасы мәдени іс-шараларға, кездесулерге толы…
Жырларының бірінде:
Азаматқа серік болған әйелдің,
Дүниеге көрік болған әйелдің,
Толғақ қысып, бала туған әйелдің,
Бейнет үшін жаратылған әйелдің
Оған қоса қалам ұстап қолына,
Илхам кешіп ықтиярлы кеңесте
Жыр жазғаны бір ғаламат емес пе? – деп жазған ақынмен, кезінде Қадір Мырзәлінің өзі «ғаламат! ғаламат!» деп, қолдаған, сүйсінген, ілтипат бірдірген ақынмен газет оқырмандары үшін кездесіп, сұхбат алуға біз, әрине, мұқтаж едік. Көп көріне бермейтіндіктен де, онымен әңгіме жүргізіп, «сөйлесіп» қалуға әйтеуір бізде құлшыныс күшті. Сондықтан, минут санай бастадық. Өзі хабарласатын уақытты тағатсыздана күттік.
Шынында да, өзі айтпақшы, «әйелдің басы орнына кішірейген жер шарын орнатып ап жүр­ген» ақын, ақын әлемі бізді ынтық­тырып, магниттей тарта түскен еді. Бала күнімізден әртүрлі өлең­­­дерінің әртүрлі шумақтары көңі­ліміздің бір-бір түкпірінде жатталып қалған адаммен тағы кездесу кәдімгі арманға айналды. Тағы да ақын кітаптарын ақтара бастадық. Не деген нәзіктік, не деген лиризм деп елжіредік іштей.
Бұл «әлемдегі» әрбір өлең бір бір этюд, картина сияқты. Егер Ах­ме­тованың қолына берілген қалам сиямен емес, бояумен жазылатын қылқалам болса, онда мына шығармалар жиынтығы кіргенге шыққысыз сурет галлереясы болар ма еді, кім білсін?!
Расында да, әр өлеңі өмірдің әр­түр­лі кезеңдерін бейнелеген бір-бір картина дерлік!
Соншалық мөлдір, сондай нә­зік, сондай кірпияз… Қазақ­тың маң­­дайына біткен абыз Әбіш Ке­кіл­баев ақынның елу жылдығында, сонау 1996 жылы: «Күләштің жы­ры жүрегіңе сондай жылы, сондай жақын… Күннің нұрындай, гүлдің әріндей, нанның дәміндей, сүттің өңіндей, бөбектің иісіндей емірентпей, тебірентпей қоймас, кінә тақсақ, кие айтатындай пәк жыр» деген­ді де тегін айтпаса ке­рек.
Тағы бір жолында: «Ол ананың пе­йі­лін­­дей дарқан, ғашықтың жүре­гін­дей отты, сәбидің еңбе­гін­дей нәзік, қарындастың көз жасындай мөл­дір» демей ме Әбіш ағасы ақын жыры туралы…
Осындай тәтті мұңға оранған өлең­­дер­­дің әсерінен арыла алмай отыр­ған­да телефон шылдырлап қоя бер­ді.
– Мен денсаулығым болмай, кез­де­­су­­лерден қалып қойдым. Қазір екі сағаттай уақытым бар, келе ғой. «Ду­ман» қонақүйіндемін, – деді Күләш апа.
– Қазір шығам. 15 минөтте жетем, бұйыртса, – деп ұша жөнелдім мен де…
Бұл күні өткендегідей емес, Қа­йыр­­бек аға бізді оңаша қалдырды.
Күләш апаның да әңгімесінен ерек­­­ше шы­­найылық сезіндім мен.
Әңгіме ауаны әйел болмысы мен ақын болмысы, әйелге артылған жүк пен ақынға артылған аманат тө­­ңі­регіне ауғанда:
– «Ақын әйел» деген өлеңiңiзде ақындықтың өзi әйел адам үшiн «ерек сынақ» екенiн жазыпсыз… Өзiңiз сол сынақтан қалай мүдiрмей өтiп келе жатырсыз? – деп сұрадым.
– Поэзия – өзiне селқос қараған­ды ұнатпайтын өнер. Кез келген өнер адамының жан-тәнiмен өзiне берi­лiп, соңына түсiп, iзденiп, жан­кештiлiк танытқанын қалайды. Сон­дық­тан, бұның қиын сынақ екенi рас. Өзiңiз ендi «осы қиын сынақтан қалай мүдiрмей өтiп келе жатырсыз?» деп отырсыз ғой, қа­лай мүдiрмей өтейiн?! Мүдiрiп қала­мын. Зулап өтiп келе жатқан жоқпын. Ондай сынақтан өту оңай емес. Кей күндерi қанша илхам шабыт келiп тұрса да, өлеңiңдi жылатып, балаңды жұбатуға тура келуi мүмкiн. Аузыңа келiп тұрған өлеңдi тұншықтырып, қоя тұрып, басқа тiрлiкке мойын бұрып кетуiң мүмкiн. Кейде, тiптi, сондай бiр шабыт келiп, өлең жазайын деп отырғаныңда сау етiп, қазақтың қонағы келе қалады. Мұсылман әйелi болғаннан кейiн ер-азаматың бiр тапсырма бере қалады… Сондай қат-қабат жұмыстардың арасында жүрiп, өлеңге қолыңды соза бергенiңде кейде тұрмыстың тауқыметi басталып кетедi. Бiрақ, осы қайнаған тiршiлiктiң арасынан жол тауып, қызу тiрлiк үстiнде көңiлiңнiң түкпiрiндегi сәуленi сөндiрiп алмай, саңылау тауып, соны жарыққа шығару, көкейiңе оралған өлеңдi қағазға түсiру – шынында да, оңай шаруа емес.
Бiрақ, Алла тағала адамға өзi кө­­те­ре алмайтындай сынақ бер­мейдi дейдi ғой. Бiз қанша кө­ңi­­лi­мiз алаңдап, отбасы, ошақ қасын­дағы мiндетiмiздi орындасақ та, тағдырдың талант деген сыйын бағалауға тиiспiз. Олай болса, мен де өлеңнiң ауыр байрағын көтерiп өтуге мiндеттiмiн деп ойлаймын,  – деді ақын ағынан жарылып.
Ал:
– Отбасы, бала қамын бiрiншi кезекке қоямын деп отырсыз. «Ер азамат болғанымда бұдан жақсы жазар едiм-ау» деп, жарыққа келмей жадыдан өшiп жатқан өлеңдерiңiз үшiн өкiнетiн кездерiңiз болмай ма? – дегенімде:
– Рас, кейде сондай кездер де болады. «Ер адам болғанымда қазiр бұдан да көп жазып, жақсы дүниелер тудырған болатын едiм ғой» деп, кейде мұңайып қаламын. Өйткенi, ер адам отбасының бiтпей­тiн күйбеңiнен азат қой! Бiрақ… «ер адам болсам, классик ақын болар ма едiм» деген, ол — пендеуи ой. Олай ойлау — күпiрлiк те. Сондықтан, әркiмнiң арқалаған жүгi, арманы мен мақсаты, бақыты да өзiне шақ болуы керек деп ойлаймын, – деп жауап берді…
Осыншалық жаны нәзiк, қамқор­лық­қа, күтiмге мұқтаж адамның қо­­ғам­дық ортадағы күрескерлiгi ту­ра­лы сұрағанымда:
– Көп адамдар маған нәзiксiң ғой деп жатады. Бiрақ, бұл қоғамда көздеген мақсатыңа жетуге, алға ұмтылуға кедергi болатын нәрсе емес. Өзiмдi iшкi рухы мықты адаммын ғой деп ойлаймын. Атақ-абыройға, өзгелердiң көзқарасы мен пiкiрiне тәуелдi адам емеспiн. Сон­­дықтан ешқашан «менi бiреу бағаламай қойды ғой» немесе «бiреу озып кеттi» деп, ренжiп жат­­паймын. Керiсiнше, «бiреудi түсiнбей қалдым ба, бағаламай қалдым ба» деп өзiме өзiм сынмен қараймын. Өзгелерден көп та­­лап етпеймiн. Өзiме көп талап қоямын. Дәл бүгiнгi күннiң әрбiр сәтiн бағалай бiлсем, нығметтерiн сезiне бiлсем – мен үшiн сол үлкен жақсылық. Бұған менi ислам дiнi үйреттi. Осы тұрғыдан келгенде, мен өзiмдi нәзiк, әлсiз адаммын деп есептемеймiн. Нәзiк жаратылсам да, өз мақсатына жете алатын адаммын ғой деп ойлаймын, күпiрлiк болмасын! – деп жауап берді…

*   *   *

Ғалым ағамыз Амантай Шә­ріп­­тің сөзімен айт­қан­да, «нә­­зік­тігіне на­мыс­қой­лы­­­ғы, се­зім­талдығына сер­гек­­ті­­­гі үйлес­кен» ақын болмысы біз­­­­ді қайран қалдырды. Ақын ұс­­та­­­­ны­­мы­­ның дұрыстығын іштей мойындадық.
Біздің түйгеніміз, ақ түс кір шал­ғыш келеді. Бірақ сонда да көңілді, жан-жүрек­­ті кірден тазартып, мөл­діретіп сақтауға иман ғана көмекші болмақ.
Осы орайда Мәулана Жәлал­ла­дин Руми­дің: «Адамның болмысы – ішін­де әртүрлі аңдар мекендейтін орман­ға ұқсас. Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-хай­уани сияқты мыңдаған қасиеттер бар. Егер ішкі жан шаһа­рың­да қас­­қыр үс­тем­дік ете бас­­­­та­­­са, онда адам­ның қасқырға айнал­ғаны» – дегені ойға оралады. Бұл жа­ғына келгенде Күләш апа хал-қадірінше ішіндегі түл­­кі­­­­сін тізгін­деп, аюын апанға қа­­мап, басқа да жыр­т­­­қыштарын шын­­­жыр­­лап, ішкі орманын жылы, жайл­ы орман­ға айналдыра білген ад­ам сияқты…

*   *   *

Әңгімелесіп отырғанда нә­­зік жанына жақсылық ұялап, жүзін ұят нұрлан­дырып тұрған Күләш апаның менің де кө­зі­ме ойлы жанарын қадап қо­йып отырғанын байқағанмын.
Әңгіме аяқталғанда:
– Сен де, байқаймын, нәзік адам сияқтысың. Өзіңді өзің күт! Мықты бол! – деді батасын да, апалық ақыл-кеңесін де білдіріп.
Уақыт жеткенде қоштасып, тұра бергем. Есікке беттегенім сол:
– Айналайын! – деп емірене дауыстады Күләш апам.
Жалт бұрылсам, соңымнан кү­лім­­­сіреп қарап отыр.
Ол саусақтарын жұмырлап қо­лын сер­мей сөйледі:
– Күйрек болмайық! Күшті бола­йық!

P.S. Қонақүйден шығып, аялдаманы бетке алдым. О, тоба! Осындай да сезім болады екен! Мына кісі менің бұрыннан таныс туысым секілді! Жаным егізін тапқандай ма қалай?! Аузынан шығып жатқан әрбір сөз, әр жауабы маған өз ішімнен шығып тұрғандай, өз сұрағыма өзім жауап беріп отырғандай, соншалық жақын, соншалық жылы тигені несі!
Кім біледі… кейін, бәлкім, қартайғанда мен де осы кісідей болатын шығармын…
Қазақтың сайын даласындай кең Сарыарқа бойымен жүріп келе жаттым. Бірақ… жүріп емес, ұшып бара жатқандай едім…

Нәзира БАЙЫРБЕК 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button