Басты ақпаратҚұқық

Қайталап қылмыс жасаушылар көбейіп барады

Президент Қ.Тоқаев Жолдауда «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет» деген болатын. Біз Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ау­дан­­ара­лық  сотының судьясы Қажымұқан ­МЕКЕМТАСПЕН сұхбат барысында сот төрелігін жетілдіру, жазаны қолдануда әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірудегі соттардың рөлі туралы сұраған едік.

– Жұмыс өтіліңіз қанша жыл?
– Сот болып қызмет атқарып жатқаныма 17 жыл. 29 жасыма дейін полицияда, Әділет басқармасында жай маманнан департамент орынбасарлығына дейін көтерілдім. Қостанайдан 2003 жылы осында ауысып, Елбасының Жарлығымен Ақмола гарнизоны әскери сотының судьясы болып тағайындалдым. Ол жерде қылмыстық, әскери, азаматтық істер де болды. Одан соң конкурспен Астана қаласының экономикалық сотының судьясы болып таға­йындалдым, онда екі заңды тұлға арасындағы дауларды шешеді. Алматыдағы ІІМ милиция мектебін, экономика, магистратура, Мәскеу-Британ бизнес академиясын бітірдім, Испанияда, Дубайда семинарларға қатыстым.
– Сот төрелігін жетілдіруге қатысты ойыңыз қандай, шетелдерде болғанда біздегі жүйемен салыстырасыз ба?
– Америкаға барғанда соттардың іс қараудағы тәжірибесіне зер салдық. Вашингтонда ашық сот процесіне қатыстық, мысалы ақша, телефон ұрлығы бойынша он адамды бір кіргізеді, кінәсін мойындатып, сол жерде жазасын тағайындайды. Жәбірленушінің оны кешіру, кешірмеуі де есепке алынады. Егер ұры ұялы телефон ұрласа жаңасын қайтарады, 40 сағат көше сыпырады. Шетелде өткен ғасырдың 60-жылдары жасалған ұрлыққа келтіріп тура сондай шешім шығарады, оларда преценденттік құқық – басқы орында, бізде талқылаймыз, заңның баптары бойынша соттаймыз. Заңнама, орындаушылық және сот тұжырымы бойынша әрекет жасаймыз, бәрі заң бойынша.
– Қылмыстық заңнаманы қатаңдатуға байланысты не айтасыз?
– 1997 жылдан бері ҚК кісі өлтіру, кісі ұрлау баптарына өзгеріс енгізілмеген. Тек 2019 жылы 1 сәуірде жасөспірімдерді зорлау бойынша бапта өзгеріс болды. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда кейінгі кезде шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тартқанымызбен, елімізде ауыр қылмыстар саны азаймай тұрғанын, заңнаманы ізгілендіру ісіне көбірек мән беріліп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырғанымызды атап өтті. Егер 1997 жылғы ҚК пен 2015 жылғы жаңа ҚК салыстырсақ, жыныстық зорлық-зомбылықтарға қатысты жаза қолдану санаттарының бірқатары ғана өзгерген.
– Ол қандай өзгерістер?
– Қолданыстағы ҚК-ға қатайтылғаны сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттерге қатысты, егер қылмыс жас балаға қатысты жасалса, 10 жылдан 20 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруға жаза тағайындау белгіленді. Жас балаға қатыс­ты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау қылмыстарының төменгі шекті жазасы 3 жылдан 5 жылға көтерілді.
– Адам саудасына қатыс­ты іс қаралды ма?
– 2018 жылы желтоқсанда №2 Сарыарқа сотымен еліміздің бірнеше азаматшаларын Корей мемлекетіне жұмыс тауып береміз деп өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асырмақшы болған Қазақстан азаматшасы мен Корей азаматы сотталды. Тағы бір мысал, елордада тұратын түрік азаматы түрік әйелімен танысқан, азаматтық некеде болған. Түрік азаматы өзіне басқа бір түріктің үлкен сомада ақша қарыз екенін айтып, екеуі ұйымдасып кек алу үшін амал-айла ойлайды. Ақша қарыз түрікті ұрлап, мәжбүрлеп, Алматыға багажникке салып апарады. Бір үйге апарып тығып қояды, одан 1 млн доллар талап етеді. Әйелдің Алматыдағы туыстары басында бұлардың жоспарын білмеген, кейін бұлардың ақшасын алса да, ол түрікті бәрібір өлтіретінін біліп қойып, тұтқындағы түрікті босатып, қашырып жібереді. Босап шыққан түрік полицияға барады, бұл кезде манағы жоспар құрған азаматтық отбасы қашып кетеді, әйелді Түркия мен Әзербайжан шекарасынан ұстайды.
– Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі қылмыстардың сипаты қандай?
– Нұр-Сұлтан қаласына көбіне экономикалық қыл­­мыс­тар тән. Біздің сот дол­ларға шаққанда 34 мың доллардан жоғары істерді қараған екен, ол – аса ауыр қылмыстар деген сөз.
– Есірткі қылмысы ше?
– Ол да бар. Мысалы, 10-30 келі көлеміндегі есірткі заттарымен ұсталады, қазір мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдерге мұқият болу керек, себебі бүгінде шетелден психотроптық таблеткаларды көптеп әкеледі. Бір таблетканы 1 доллардан алады да 10 мың теңгеден сатады, 20 есе пайда табады, бірақ 297-баптың 3-бөлігі бойынша ұсталып, қылмысы дәлелденсе, 15 жылдан 20 жылға шейін сотталады. Соны ескермейді.
– Соттап жатқандарыңыз «шабақтар» ма, «шортандар» ма?
– Басында отырғандар. Өткен жылы 12 адамнан тұратын қылмыстық топты соттадық, ҰҚК анықтап, төменнен бастап тізбек бойынша бәрін ұстады.
– Жүрегіңізге ауыр тиген жағдайдың бірін айтып бересіз бе?
– Екі жолдас жігіт бала кезден дос болған, біреуінің әкесі бизнеспен айналысып көтеріледі. Әкесі байып кеткен баланы досы күндеп, қызғана бастайды, бір күні досының әкесі қымбат көлік сатып алғанда бұл бала қасына сыбайластарын алып, гараждан көлікті ұрламақшы болады. Бірақ алдарынан ит шығып кедергі жасап, гараждан шыға алмай, сол жерде ұйықтап қалады. Таңғы 7-де досының әкесі машинаны оталдырып жатқанда кішкентайынан сол үйге барып, ойнап, шай ішіп, қонып жүрген бала досының әкесіне оншақты мәрте пышақ ұрады. Денсаулығы мықты азамат үйіне қарай қашады. Сонда да қаныпезер бала оның артынан қуып барып тағы пышақ сілтейді. Манағы зардап шеккен адамның кешірім беруіне байланысты және жасөспірім болғасын 8 жыл жаза берілді. Осы жағдай жүрегіме ауыр тиді.
– Сотты болғандар арасында қайтадан қылмыс жасау статистикасы жоғары көрінеді…
– 2017 жылы елордалық соттарда 229 ауыр және аса ауыр қылмыс жасап сотталғандар ішінде қайталап 152 тұлға ауыр қылмыс жасап сотталған – яғни 55 па­йыз, мерзімінен бұрын босатылып, шартты түрде жүрген және жазасын жеңіл түрге ауыстырған тұлғалар ішінен 25 адам қайта сотталған (11 пайыз). 2018 жылы 203 сотталғанның ішінде 131-і қайта сотталған – яғни 64,5 пайыз, 2019 жылдың 8 айында 177 сотталғанның ішінде 136-сы қайталап қылмыс жасаған, бұл – 76,8 пайыз. Яғни қайталап жасалған қылмыс саны жылдан-жылға өсуде, бұл – алаңдатарлық жайт.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Жадыра ШАМҰРАТОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button