Басты ақпарат

Қала қалай салынды?

Еліміздің әр аймағынан бас қалаға ағылған жұрт елорда құрылысына үлес қосты. Соның ішінде осы іске бар жан-тәнімен кіріскен құрылысшылардың жөні бөлек.
Соңғы жылдары елорда тұрғын үй құрылысы жағынан елімізде көш бастады. Әр жыл сайын қалада 2 миллион шаршы метрден астам баспана немесе 23 мың пәтер пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 110 мың шаршы метр – 1419 пәтер тапсырылатын.
Биылғы алты айда құрылыс жұмыстарының көлемі 173,7 миллиард теңгені құрады. Осы уақыт аралығында 859,4 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Жыл аяғына дейін 1,3 миллион шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланды. Соның ішінде 653 пәтер несиелік болып, 731 пәтер тұрғындарға жалға беріледі. Ескі және апатты үйлерді сүру жобасы аясында осы жылы 94,1 мың шаршы метр немесе 1472 пәтер пайдалануға берілмек.
Жалпы алғанда, елордада жыл басынан бері жалпы ауданы 23,8 мың шаршы метрді құрайтын несиелік тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – барлығы 250 пәтер. Қазіргі кезде 18 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Мұндағы 3416 пәтердің 1384-і осы жылдың аяғына дейін іске қосылады.
Әрине, қала халқын баспанамен қамтумен қатар әлеумет­тік нысандардың құрылысы да ма­ңызды. Бұл жұмыс та өз реті­мен жүріп жатыр. Осы күндері қалада 9 мектеп пен 14 мың орынға шақталған 10 жапсарлас ғимарат салынуда. Бұған қоса, 10 мың орынға арналған 8 жеке мектеп­тің құрылысы бойынша бір инвес­тициялық келісімшартқа және жеті меморандумға қол қойылды. Ұлттық компаниялар есебінен 480 орындық екі балабақшаның, сол сияқты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тағы екі балабақшаның құрылысы жалғасып жатыр.
Мұның сыртында көз көруі нашарлаған балаларға арналған балабақша мен 800 орындық колледж салынуда.
Елордада осы күндері ірі медициналық кластер қалыптасты. Сол жағалауда заманауи қондырғылармен жабдықталған тұтас медициналық қалашық бой көтерді. Бұрыннан бар бірқатар медициналық нысандар жаңғыртылатын болды. Соның ішінде әбден ескірген Теміржол ауруханасы жаңадан салынады. Сонымен қатар психикалық денсаулықтың медициналық орталығы, №1 және №3 емханалар күрделі жөндеуден өткізіліп, қалалық балалар ауруханасының науқастарды қабылдау бөлімі жаң­ғыртылып, аталған нысандар техникалық тұрғыдан күшейтіледі.
Соңғы жиырма жылда қала көркіне көрік қосқан көптеген мәдени және спорттық нысандар салынғанын да жұрт біледі. «Астана Опера», «Астана Балет» театрлары, комедия театры отыр­ған «Nomad City Hall», Ұлттық музей, «Астана Арена» стадионы, «Сарыарқа» велотрегі, «Барыс-­Арена» мұз сарайы – соның бір парасы ғана. Жақында елорда күніне орай «Жекпе-жек» сарайы есігін айқара ашты.
Меже бойынша 2050 жылға қарай Нұр-Сұлтан жаһандық қалаға айналуы тиіс. Сол уақытта елорда тұрғындарының саны 2-2,5 миллион болады деген болжам да бар. Бұл – құрылыс қарқыны бәсеңдемейді деген сөз. Демек, осы күндерге дейін құрылыс саласында қала толайым табыстарға жетсе, бұдан да зор жетістіктері әлі алда.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button