Басты ақпарат

Құрбан айт құтты болсын!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті қауым!

Баршаңызды қасиетті Құрбан айттың келуімен құттықтаймын. Айт қабыл болсын! Отбасыларыңыз­ға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ, Алланың амандығын тілеймін!
Құрбан айт – иісі мұсылманның ұлық мейрамы. Айт күндері аға­йын-жұрт бір-біріне: «Айт қабыл болсын!» айтып, ізгі тілектерін жеткізіп, алғыстарын жаудырады. Осы ретте сіздерге ізгі ниетпен Жаратқанның жақсылығын тілеймін.
«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят) деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.
Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алуға тырысады. Алайда айт күндері мал бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі орын алады. Осы ретте отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені Құрбан айт – қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі.
Алла Тағала баршамызды айттан айтқа аман-есен жеткізіп, ізгі істер мен қуанышты сәттерде басқосуымызды нәсіп еткей! Әумин!

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button