Қала тіршілігі

Қалдық қалай өңделеді?

Елордадан қала сыртындағы полигонға тәу­лігіне 1000 тонна тұрмыстық қалдық шығарылады. Оның 15 пайызы қайта өңдеуге жарамды бо­лады. Былтырдан бастап елордада қалдықты сұ­рыптап тастау жобасы қолға алынды.

6275 сары контейнер орнатылды

Болашақта мың тонна қалдықтың 45 пайызын, яғни 450 центнерін қайта өңдеу көзделуде. Ол үшін түрлі шара ұйымдастырылуда. Соның бірі – әр үйден шығатын тұрмыстық қалдықты тұрғындардың контейнерге сұрыптап тастауына мән берілуде. Мәселен, өткен жылдың маусым айы­ның соңында елордадағы тұрғын үйлердің маңына сары және жасыл контейнерлер орнатыла бастаған болатын. Бір жылдың ішінде 6275 сары контейнер орнатылды. Оның 1935-і Алматы ауданына қо­йылса, 1016-сы – Байқоңыр, 1812-сі – Есіл, 1512-сі Сарыарқа ауданынан орын еншілеген. Бұл жобаны «ӨКМ операторы» ЖШС жүзеге асырды.

Сұрыптап тастауда әлі де белсенділік қажет

Сары контейнерге қағаз, пластик, әйнек сияқты құрғақ заттар тасталса, жасыл контейнерге дымқыл тартатын органикалық қалдықтар салынады. Былтырға дейін шаһар сыртына тасымалданатын тұрмыс­тық қалдықтың бар болғаны 9-10 пайызы ғана қайта өңдеуге жарамды болса, сұрыптап тастаудың нәтижесінде бұл көрсеткіш бір жылдың ішінде 15 пайызға артты. Дәл осы сары контейнердің арқасында қайта өңдеуге жарамды қалдықтың үлесін 25 пайызға жеткізуге болады деседі. Тек бұған әзірге тұрғындардың салақтығы кедергі келтіріп жатқан көрінеді. Мәселен, тұрғындар арасында әлі де сұрыптап тастау мәдениетінің қалыптаспағанын айтады мамандар. Сол үшін ПИК-терде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Елордадағы контейнерлердің жалпы саны – 11320. Оның 116-сы жартылай жер астына орнатылса, 6275-і полиэтилен, пластик сияқты құрғақ қалдықтарды сұрыптап тас­тауға арналған сары контейнер, қалғаны – органикалық заттар, тағам қалдығы тасталатын жасыл және темір контейнер. Айта кетсек, жер астына орнатылған контейнерлердің тиімділігі қоқыстар жел соққанда да ұшпайды әрі күннің ыстығында жағымсыз иіс шығармайды.

Қалдықты ақшаға сатуға болады

Сонымен қатар астанада соңғы уақытта тұрмыстық қалдықтарды ақшаға қабылдайтын пункттер де көптеп ашыла бастады. Мұндай пункт­тер қаланың әр ауданында бар. Мысалы, «Северное сияние», «Арман қала» тұрғын үй кешендерінде де тұрмыстық қалдықтарды қабылдайды. Қазіргі уақытта елордада 30-дан аса осындай пункт жұмыс істеп тұр. Олардың қатары жыл соңына дейін тағы да көбейе түспек.
Қалдықтардың келісінің құны шикізатқа байланысты 3 теңгеден басталып, 100 теңгеге дейін барады. Мысалы, полиэтилендердің келісі 90 теңге болса, пластиктердің келісі – 50 теңге. Пункттерде бұдан басқа қағаз, әйнек, шыны ыдыстар, макулатура, алюминий құтылары сияқты қалдықтың 11 түрі қабылданады. Мамандардың айтуынша, елордалықтардың қалдықты ақшаға айырбастауға қызығушылығы бар. Тек тұрғындардың басым көпшілігі мұндай орындардың бар екенінен хабарсыз көрінеді. Білетіндер қатты қалдықты күнделікті тұрақты түрде өткізіп тұрады екен.
«Қалдықты қабылдау пункттерінің пайдасы мол. Біріншіден, қайта өңдеуге тиімді. Екіншіден, қоқыс полигонында да орын көбірек болады. Сондай-ақ ата-аналары балаларының күнделікті жүріс-тұрысының шығындарын осыдан да шы­ғаруға болады. Өйткені әр үйден қалдық бәрібір шығады. Ал оны бос­тан-босқа тастағанша, ақшаға айыр­бастағаны қандай жақсы» дейді мамандар.

«Ақылды қала» жобасы аясында

Қала әкімдігі мен «Astana Innovations» компаниясының қолдауымен былтыр Байқоңыр ауданына қарасты «Жастар» ықшам ауданында «ақылды аудан» жобасы аясында «Astana Clean Time» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын «GreenStation» пункті ашылды. Мұнда да жоғарыдағы 11 түрлі қалдық қабылданады. Кравцов көшесінің бойындағы «GreenStation»-нің басқа пункттерден ерекшелігі – оның көлемінің үлкендігінде. 30 шаршы метрді құрайтын бұл пункттің қоймасына 5 центнерге дейін қалдық сыйып кетеді. Мұнда келушілер үшін үстел мен орындық та қарастырылған. Қыстың кезінде іші жылытылады. «Astana Clean Time» компаниясы басшылығының мәліметінше, бұл пунктті салуға 5,5 млн теңге жұмсалыпты. Аталған компанияда 100-ден аса адам жұмыспен қамтылған.

Тұрмысқа қажетті заттар жасалады

Сары контейнерлердегі қалдықты «Clean City NC» ЖШС компаниясына тиесілі 25 Iveco маркалы арнайы жүк көліктері «KazRecycleService» ЖШС-ке тасымалдайды.
Жалпы, қалдықты тасымалдау компаниясында 85 жүк көлігі мен 412 жұмысшы жұмыс істейді. Қала сыртына тасымалданған қалдық «KazRecycleService» ЖШС-тің өңдеу кешеніне төгіледі. Қалдықтың қайта өңдеуге жарамсыз бөлігі брикеттеліп, полигондағы алаңға көміледі. Онда органикалық қалдықтар мен сынған қара металдарды автоматты түрде бөлетін және қайталама шикі заттарды, макулатураларды қолмен сұрыптайтын екі желі орналасқан. Сондай-ақ ондағы екі цехта пластиктен қайталама полимерлі түйіршіктер, ал макулатуралардан экомақта жасалады.
Айта кетсек, полиэтилендер 500 жылға дейін шірімейді. Оны үш рет қайта өңдеп, пайдаға жаратуға болады. Ал пластиктерді асфальт төсегенде де қолданады екен.
Жалпы, қала сыртындағы «Kaz­RecycleService» ЖШС-те сұрыпталған шикізаттар мен ақшаға қабылдайтын пункттерде жиналған қалдықтар «Ағайындар Kz», «Kagazy Recycling» сияқты шикізаттан өнім жасап шығаратын қазақстандық компанияларға жөнелтіледі. Одан отандық кәсіпорындар шелек, қар тазалауға арналған күрек сияқты басқа да тұрмысқа қажетті заттар жасап шығарады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button