Басты ақпарат

«Өкпе рагын емдеудің жаңа әдісін жасадық»

Физика ғылымдарының докторы Манат Мәуленбайұлы ҚХР-да дүниеге келген. Қазір АҚШ азаматы. Халықаралық Refletion madical компаниясының бас инженері. Онкология физикасы саласында үлкен зерттеуге қатысып, өкпе рагын лазер сәулесімен емдеудің жаңа технологиясын тапқан.

Нұр-Сұлтанда өзгеріс көп

– Аға, Нұр-Сұлтан қаласына бірінші рет келуіңіз бе? Жас мемлекеттің жаңа астанасы қандай әсер сыйлады?
– Бұл – екінші рет келуім. Алғаш рет 2006 жылы келгем. Ол кезде Астана болатын. Ал қазір қаланың аты да, заты да бөлек, көп нәрсе өзгерген. Шынымды айтсам, бұл қала 10 жылда дәл осылай өзгереді деп ойлаған жоқпын. Шағын еді. Ал қазір қаланың іргесі кеңейіп, әсемдігі арта түсіпті. Әлемдегі көркем қалалардан еш кем емес. Жаңадан тауелсіздік алған бір елдің қысқа ғана уақыт ішінде астанасын көшіріп, осындай айтулы елорда салуы оңай шаруа емес. Бұл – ұлтын сүйетін әр қазақтың жүрегіне сенім, көңіліне қуаныш сыйлайтын үлкен жетістік. Қазақстанның осы күнге жетуі, Қазақстандағы қазақ халқын ұйытқы еткен – әр ұлттың бірлігінің арқасы.

Алтайдан АҚШ-қа дейін…

– Оқырмандарға түсінікті болу үшін осы арада өзіңіз жайлы айта кетсеңіз…
– Мен Қытайдың Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданында тудым. 1983 жылы Шыңжаң университетінің физика факультетін бітіріп, 1988 жылға дейін Қытай Ғылым академиясының Шыңжаңдағы филиалында мамандығым бойынша қызмет істедім. 1988 жылы білімімді тереңдету мақсатында Швейцарияға барып, Женева қаласындағы атом энергиясын зерттеу орнында халық­аралық зерттеуге қатыстым әрі осы ғылыми орталықта 8 жыл қызмет істеп, атом күші жөнінде докторлық диссертация қорғадым. 1995 жылы АҚШ-қа қоныс аудардым. Қазір сол елдің азаматымын. Халықаралық Refleхion madical компаниясының бас инженерімін, зерттеумен айналысам. Негізгі зерттеу тақырыбым – онкология физикасы.
– Онкология физикасы демекші, сіздер ракты емдеудің жаңа технологиясын таптыңыздар емес пе?
– Онкология физикасы дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда, ракты лазер сәулесімен күйдіру. Біздің зерттеу орнымыз емханалармен бірлесіп, ракты емдеу жұмысын көбірек зерттеді. Осы салада жаңалық та аштық. Қазір ракты емдегенде нұрмен күйдіреді ғой. Алайда бұл әдіс рак жайылмаған немесе бір-екі жерге шоғырланған жағдайда ғана жасалады. Ал денеге жайылып кетсе, оның бәрін күйдіруге қазіргі технологияның шамасы жетпейді. Мысалға өкпе рагын алсақ, адам тыныс алған сайын рактың орны қозғалып тұрады. Оны тазалап алу үшін өспе шыққан орынды үлкейтіп барып күйдіреді (жаңғақтың үлкендігіндей ракты күйдіру үшін оның көлемін алмадай қып үлкейту керек). Күйдіргенде сау органдарды да зақымдайды. Егер де рак бір жерде болса, оны күйдіргенде оған адам шыдайды, ал екі-үш жерді солай күйдірсе, адам өміріне қауіп төнеді. Біз осы мәселені шешу үшін лазер сәулесі арқылы өспені үл­кейтпей-ақ күйдірудің әдісін таптық.
Асқыну дәрежесіне қарай ракты төрт түрге бөледі. Мұның ең қатерлісі – төртінші дәрежелі рак. Ол рак клеткалары бүкіл денеге жайылып кеткенін меңзейді. Егер ол өкпеден ілінген рак болса, онда үміт жоқ, адамның жарты немесе бір жыл ғана ғұмыры қалды деген сөз. Қазіргі біздің істеп жатқан жұмысымыз – осындай ракпен ауырған адамдарға үміт сыйлау.

Емдеудің жаңа әдістері табылды

– Бұл емдеу әдісі қазір қаншалық зерттелді? Қолданысқа енді ме?
– Бұл зерттеу тақырыбын Refletion madical компаниясы қаржыландырған. Зерттегенімізге 10 шақты жыл болды. Жоғарыда айтқанымдай, жайылып кеткен ракты, қарапайым тілмен айтқанда, лазер сәулесі арқылы қуалап жүріп күйдіретін құралды жасап шығардық. Қазір АҚШ-тың азық-түлік, дәрі-дәрмек сапасын бақылау, басқару мекемесінің рұқсатын ғана күтіп тұрмыз. Рұқсат алсақ, ресми қолданысқа енеді.
– Зерттеу орнында сізден басқа қазақ бар ма?
– Біздің компанияда жоқ. Бірақ басқа орындарда зерттеумен шұғылданып жүрген қазақтар бар. Соның бірі – Қасым дейтін азамат. Ол қазір рак биологиясын зерттейді. Дәлірек айтқанда, ол кісінің зерттеу түйіні – рак молекуласының гені, ал біз емдеу жағын зерттейміз.
– Сонда қазір адамзат ракты емдеп, жаза алатын деңгейге жетті ме?
– Ракты дауалаудың жаңа әдістері табылды. Соның бірі – адамның иммунитет қуатын пайдаланып ракты дауалау. Енді бірі – адам денесіндегі Т клеткасын тартып алып, оған ракты жоятын клетка қосып, адам денесіне қайта құю арқылы емдеу. Бұл әдістер қазір АҚШ-та қолданыла бастады. Бірақ бұл ракты жеңдік деген сөз емес, тек оны емдеудің алғашқы басқышындағы жетістік деп айтуға болады. Мысалы, жоғарыда айтқан екі түрлі емдеу әдісі кейбір адамдарға оң әсер береді, ал кейбір адамдарға мүлдем әсер етпейді, мұның себебі әлі зерттеліп болған жоқ.

Білімдіні бағалаған ел озады

– Қазақстанға келіп зерттеумен айналысу ойыңызда жоқ па?
– Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де қазақты ойламайтын, Қазақстанды аңсамайтын қазақ жоқ шығар. Сол сияқты бізді де бір күш осы топыраққа қарай тартады да тұрады. Бұл елге алғаш келген кезде «компьютер томографиясы жағынан мамандығым бар, осы жағынан жұмыс істейін» деген ой болды. Бірақ зерттеу салама қатыс­ты жағдай жасалмаған соң тоқтап қалдым. Дамыған елдерде ешкімнің ұлты мен орнына, дөкейлерді жағалаған қарым-қатынасына қарамайды. Зерттеген тақырыбы адамзатқа пайдалы болса болды, жұмысқа тартып, барлық жағдайды жасау­ға тырысады. Біз неге Америкаға барамыз? Ол елде бастысы – біздің еңбегіміз көрінеді және қызыққан тақырыпты зерттеуге мүмкіндік бар. Бұл елде сен қазақсың ба, басқа ұлтсың ба, онымен шаруасы жоқ. Мемлекеттің, адамзаттың дамуына пайдалы жобаң болса, аямай қаржыландырады. Осы дәстүр Қазақстанға да керек сияқты.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button