Басты ақпаратСұхбат

Кәмел Жүністегі: Сол зобалаңнан сабақ алсақ екен …

Белгілі жазушы, шортанбайтанушы Кәмел Жүністегі – қазақ тарихындағы алапат аштық пен 37-дегі қуғын-сүргіннің шырқыраған шындығын ашық айтып, жазып жүрген жандардың бірі. Ол 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні тарихтағы алапат қырғыннан, халқымыздың басына төнген зобалаңнан әр қазақстандық сабақ алуы үшін белгіленгенін айтады. Өкінішке қарай, бұл күннен бәріміз бірдей сабақ алып жүрген жоқпыз. Кәмел ағамен осы тақырыпта аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Кәмел аға, сіз аштық пен қуғын-сүргіннің барлық шындығын айтып жүрген адамдардың бірісіз. Қазақ халқын қынадай қырған қуғын-сүргін қай уақыттан басталды?
– Қуғын-сүргін кеңес заманынан емес, сонау патша өкіметінің заманынан басталған. Кенесарының көтерілісі жеңілгеннен ке­йін-ақ отаршылдық езгі әбден шыңына жетті. Қазақтың жерін тартып алуға көшті. Шоқындыру саясаты басталды. Қазақ оған қарсы шықты. Ол кезде Науан һазірет сияқ­ты елдің болашағын ойлаған жүздеген көреген азамат құрбан болды. 1901 жылы «қазақ даласындағы ауыл-­ауылдарда қазақ-орыс мектебі ашылсын» деген патшаның құпия жарлығы шықты. Сол мектептердің басшысы етіп поптарды қойды. Бес күн православиені оқытып, екі күн қазақшаға бөлді. 1904-1905 жылдары патша өкіметі жаппай орыстандыруға кірісті. Шоқынған қазақтар аман қалып, шоқынбағандары қылыштың астынан өтті. Елге қарулы жасақтар шығарылды. Бұдан бізді орыс-жапон соғысы сақтап қалды. Сол соғыста алып империя алақандай жапоннан жеңілді. Бұл отарлауды тежеді. Содан соң 1910-14 жылдары дүниежүзілік соғыс басталып, орыстандыру саясаты тағы жүрмей қалды. Алайда орыс ұлтшылдары өзінің ол саясатын ұмытқан жоқ. Қазақты өз жерінде шоқындыру жұмыстарын жүргізе берді.
– Билік басына келген Голощекин қазақ ауылдарына бітпейтін соғыс жариялағаны мәлім. Бір әңгімеңізде қазақтарды қой қораға қамап ұстап, шетінен атқанын айтып едіңіз…
– Кезінде әйгілі Троцкий былай деп жазды: «Голощекин орыс деревняларына мәңгілік бақыт пен бейбітшілік әкелді, ал қазақ ауылдарына бітпейтін соғыс жариялады». Соның салдарынан қазақтың малын жаппай тартып ала бастады. Елді аштық жайлады. 1931 жылы оған наразылық білдіргендерді аямай қырып салды.
– Қарағанды облысындағы Шет ауданының жерінде 43290 адамды атқанын айтып едіңіз. Осындай ақиқат неге ашық айтылмайды? Архивтегі мате­риалдар неге әлі күнге дейін жабық жатыр?
– Шет ауданының аумағындағы Күйгенсай деген жерде көтеріліс жасады деген желеу­мен 27 адамды атқан. Сол жерге есімдерін жаздырып, көктас орнаттым. 1931 жылы маусым айында Шеттің өз басында 32 адам атылған. Солардың жатқан жерін білемін. 1937 жылы 3 желтоқсанда Шетте тағы 20 адам атылды. Мен сізге бір құпияны айтайын. Сол адамдардың сүйектері қазіргі аудан орталығындағы полиция ғимараты (бұл бұрынғы ГПУ ғимараты) мен өрт сөндіру бекетінен 100 метр жердегі қарағанның ортасында жатыр. Бір ғана Шеттің өзінде 84 адам атылды. Бұл – біз білетін ғана дерек. Ал білмейтініміз қаншама?!. 1931 жылы Шеттегі ГПУ бастығы Шишов жоғары жақтағы басшыларына: «Шеттің өзінде 400-ден астам адамды ұстап, қой қорада қамап отырмын» деген ақпарат жіберген. Оларды асырайтын тамақ та жоқ. Сондықтан шетінен атқанын атты, босатқанын босатты ғой. Шындап келгенде, қанша адамның атылғанын әлі ешкім білмейді. Тәуелсіз Қазақстанның билігі бұл күнді жай ғана белгілеген жоқ. Қазақ халқы сол зобалаңнан сабақ алсын деді. Өйткені атылған адамдардың көпшілігі бірін-бірі ұстап берген. Бір нәрсені қызғанып, көрші көршісін, жолдасы жолдасын ұстап берді. Соның салдарынан қаншама адам қырылды.
– Кәмел аға, Сіз ол заманда тіпті 1 жастағы баланы да атқанын айтып едіңіз. Ол оқиға да Шетте болған ба?
– Иә. Тәсібек деген адамның өзін атқан. Үлкен ұлы Базарбекті, 14 жастағы баласы Нұрланды атқан. Келіні Сақайды, одан туған 1 жастағы баланы атқан. Ұрпақ қалмасын деп… Мұндай асқан жауыздық Шыңғысханның заманында да болмаған. Ең сорақысы сол, тірідей келіншектің төсін тілген. Мұны көзімен көрген адамдар айтады. Қолына баласын ұстаған келіншекті атуға әкелген. Сол сәтте әуе­лі пышақпен әйелдің төсін тілген. Атайын деп жатқан 1 жасар баласы көріп, жылап тұр дейді. Не деген айуандық десеңізші?!. Кезінде мен музейде қызмет еткенімде Мұхамеджанов деген суретшіге осы көріністі салдырып, музейге ілдірдім. Мен жұмыс­тан кеткен соң, оны еденге тастапты. Қазақтың көрген азабын, зұлматын басқа ешбір ұлт көрген жоқ.
– Аға, қазір сол алапат аштықтан 6 млн қазақ қырылды деген дерек айтылып жүр. Осы дерекке сенесіз бе?
– Менің ойымша, одан да көбірек қырылды. Өйткені бір ғана Шеттің өзінен 43290 адам қырылған, аштықтан босып кеткен. 1931 жылғы санақта 48311 адам болған, ал 1933 жылы санағанда бар-жоғы 5021 адам қалыпты. Аштықтың шырылдаған шындығы әлі айтылған жоқ. Себебі архивтердің бәрі жабық жатыр.
– Кәмеке, сексеннің сеңгіріне шықтыңыз. Не нәрсеге қапаланасыз?
– Жеткенім жоқ демеймін. Боқ дүниені қайтемін. Кей қазақтың ойсыздығына, кенжелігіне, санасыздығына қапаланамын. Жиылып алып түкке керегі жоқ бос сөзді көпіртіп, бірдеңе айтып, ыржаңдап отырады. Былай болған екен, содан бір қорытынды жасайық деген ниет жоқ. Міне, біреудің сыртынан арыз жазғанда қол қоятындар – солар. Осының бәрінен құтылсақ қана ел боламыз. Әйтпесе бүгінгі қалпымыз созыла береді. Соған мүдделілер бар. Оларға кімге бодан болса да бәрібір, басын изей береді. Қарақан басы аман болса болғаны. Осыған қапаланамын.
– 18 жасыңыздан бері ұлттық рухтың шырақшысы болып келесіз. Шортанбай жыраудың жоғын жоқтап жүрсіз. Америка ғалымдары бүге-шігесіне дейін зерттеген зар заман жырауының есімін аудандағы музейден де алып тас­тапты. Бұл ненің белгісі?
– Бұл – жігерсіздіктің белгісі. Америка ғалымдары зерттеген жырауымызды біздікілер жоқ дейді. Әуел баста 19 жыл музей Шортанбайдың атында болған. Соны алдырып тастады. 200 жылдығында осы мәселені тағы көтердім. Биыл «Шортанбай – халық жауы, Кәмел де халық жауы» деп сыртымнан қол қойғызып, екі рет арыз жазды. Ұйымдастырып жүрген баяғыдай шолақ белсенділер. Партком дегендер – кезіндегі ҰҚК агенттері. Кезінде Петерборда оқыған қазақ жастары Шортекеңнің «Зар заманына» сәйкестендіріп «Зар заман» атты ұйым құрған. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 20 жасында сол ұйым­ға мүше болыпты. Демек, бүкіл Алашорда идеясының басында Шортанбай жырау тұр деген сөз. Бұдан артық не керек? От шыққан жерді қатты ұстаймыз деп ҰҚК агенттері өздері айтқан.
– Сіздің ойыңызша, қазаққа шынайы рухани тә­уелсіздік қашан келеді?
– Келеді. Бір жаманшылықтың артынан жақсылық келеді. Қазақты қаншама азаптады. Атты, асты. Сонда да бәрібір рухы өлген жоқ. Кешегі Желтоқсанда соны көрдік.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button