Жаңалықтар

Елорданың ең үздік тауарларын таңдады

Жуырда елордада жыл сайын өтетін «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің өңірлік іріктеуі өтті. Өңірлік тур барысында сарапшылар комиссиясы бас қалада өндірілетін үздік тауарларды үш аталым бойынша анықтады. Олар – «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» деп аталады.

Салтанатты рәсімге қатысқан Астана әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жыл сайын өтетін байқаудың отандық тауарлар өндірісін, шағын және орта бизнесті дамытудағы маңыз­дылығын атап өтті. «Біз жыл сайын өзінің табан ақы, маңдай терімен бизнесін дамытып жүрген адамдарды көріп, көңіліміз марқаяды. Бұл – аса маңызды іс, себебі елордамыз қарқынды дамып келеді, оның келешегі де зор. Қала басшылығы біздің тауар өндірушілеріміздің деңгейін өсіруге ерекше көңіл бөледі. Байқауға қатысушылардың барлығын, ұйымдастырушыларды, қала тұрғындарын әкімдіктің атынан құттықтаймын! Барлық жеңімпаздарды жеңісімен құттықтаймын! Бәріңізге табыс тілеймін!» деді ­Бақтияр Мәкен.
Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов биыл байқау-көрмеге қатысушы компаниялардың саны рекордтық деңгейге жеткенін мәлім етті. «Бұл жолы көрмелік байқауға елорданың 100-ден аса компаниялары қатысты, соның ішінде 70 пайызы – жаңадан қатысушылар. Үздік деген атаққа телекоммуникациялық жабдық, автокөлік және вагондар, құрғақ құрылыс қоспалары, спорттық тамақтар, сондай-ақ тіс пастасы, балалар киімі мен ойыншықтар, жартылай фабрикаттар және кондитерлік бұйымдар шығаратын өндірушілер таласты. Өңірлік байқау-көрмені елорда әкімдігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды» деді палата директоры.
Бәсеке нәтижесінде «ЗГМ Пенетрон-Қазақстан» ЖШС, «Целингидромаш» ЖШС, «ВЭЛС компаниясы» ЖШС, «DANMARD» ЖШС, «Қазақ оюлары» ЖШС, «Digital System Servis» ЖШС, «Kazak House» ЖК, «Golfen Rill Group» ЖШС, «Алау ТМ» ЖШС жеңімпаз атанды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button