Мәдениет

«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар»

Сөз өнері мен саз өнері – егіз. Бұл, әсіресе, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы Абайдың шығармашылығынан анық көрінеді. «Ұйық­тап жатқан жүректі ән оятар» дейді хакім. «Астана Опера» театрында осындай атаумен өткен концертте ұлттық музыканың жауһарлары, Абай айтпақшы, кілең есті әндер шырқалды.

Қазақтың халық әндері, халық композиторларының туындылары, кеңес заманында қазақ музыка өнерінің дамуына үлес қосқан композиторлардың шығармалары орындалған кеште ұстаз бен шәкірт – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов пен «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина өнер көрсетті.
Елорда тұрғындары мен қала қонақтары «Япырай», «Бір бидай арпа», «Шәпибау», «Тілеуқабақ», «Екі жирен», «Ақ қурай», «Баянауыл», «Сұржекей» сынды халық әндеріне, Ақан серінің «Сырымбет», Сегіз серінің «Қарғаш», Мәди Бәпиұлының «Қаракесек», Естайдың «Құсни-Қорлан», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», Мұхит Мералыұлының «Айнамкөз», Зілқара Байтоқаұлының «Жиырма бес» әндеріне құлақ құрышын қандырды.
Бұл концертке қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), Асқар Мұқанов (виолончель), Раушан Бескемпірова (фортепиано) Мұқан Төлебаевтың скрипкаға арналған поэмасын, Кенжебек Күмісбековтің виолончельге арналған поэмасын, Әліби Мәмбетовтің «Трио – Элегиясының» бірінші және екінші бөлімдерін орындады.
– Қазақтың классикалық ән­дері ерекше әсем әрі күшті да­уыс пен бай тембрлік бояулар­ды ғана талап етіп қоймай, на­қышпен орындау мәнерін, классикалық ариядағыдай екіге жуық октавалы кең диапазонды қажет етеді. Жас буын сал-серілеріміздің жау­һар туындыларын, халық әндерін жиі тыңдау мүмкіндігіне ие болғаны аса маңызды, – деді Жұпар Ғабдуллина концерттен соң сөзге тартқанымызда. Әншімен келіспеске болмайды. Себебі тәрбие ұлттық өнерде жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button