Әлеумет

Жамбылдықтар жәрмеңкесі

13-14 шілде күндері елордада Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласының 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Азық-түлік керуені 7 автокөлікке тиеліп жеткізілді.

Жәрмеңке қала тұрғындарының жұмыстан қолы бос демалыс күндері арнайы ұйымдастырылып отыр. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарына бірнеше аптаға бұрын қолжетімді бағамен өнімдерді сатып алуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан» спорт кешені алаңында өткен жәрмеңкеде жамбылдық шаруалар жалпы құны 110,6 млн теңгені құрайтын 230,6 тоннадан астам өз өнімдерін ұсынды. Оның ішінде 30 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 5 тонна шұжық, 19 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмырт­қа, 1,5 ­тонна кондитерлік өнімдер мен 2 тонна макарон өнімдері, 15 тонна қант, 0,5 тонна тұз, 5 тонна балық, 6 тонна өсімдік майы, 2,5 тонна бал, ­2 тонна кептірілген жеміс және 142,1 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Оның ішінде қырыққабат, қияр, сәбіз, қызанақ, жемістер, балық, сары май, сүт, сүт және қышқыл сүт өнімдері, көкөніс­тер мен печенье, кәмпит, күріш, макарон өнімдері, нан және нан-тоқаш өнімдері және т.б.
– Бұл шара бас қаланың айналасында азық-түлік белдеуін құру, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында жүзеге асырылып отыр. Жәрмеңкедегі тауардың бағалары нарық бағасынан 20%-ға төмен. Бұл елорда тұрғындары мен қонақтарына өнімді ­қолайлы бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Жалпы, астаналықтардың жамбылдық ауыл шаруашылық өнімдеріне деген сұраныс жақсы. Сондықтан әкелген тауарларымыз түгел өтіп кетеді ­деген үміттеміз, – деді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Аманов.
Байзақ ауданынан келген, 30 жылдай бал арасы шаруа­шылығымен айналысатын Тілеу­құл Балпанқұловтың айтуынша, аталған ­жәрмеңке жамбылдық өнімдерді, оның ішінде бал өнімдерін насихаттау үшін өте қажетті шара болмақ. Ол базарға 500 келі бал әкеліпті.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінен бөлек, жәрмеңке аумағында Жамбыл өңірінің мәдениеті мен дәстүрін көрсететін көркемөнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама көрсетілді.
Сөйтіп, өткен демалыс күндері қала тұрғындарын жадыратты. Олар жәрмеңкеден арзанға тауар алып, жамбылдықтардың ән-күйін тыңдап, көтеріңкі көңілмен үйлеріне оралды.
Айта кетейік, Жамбыл облысы агроөнеркәсіптік кешені дамыған құнарлы өлке болып табылады. Жалпы облыс экономикасында өндірілетін өнімдер көрсеткішінде ауыл шаруа­шылығының үлесі 20,2 пайызын құрайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button