Басты ақпаратШартарап

Қақтығыс өрши ме, өше ме?

Украина даласында сұрапыл соғыс жүріп жатқанына тұп-тура бір жыл толды. Алпауыт ел әскері бастапқыда Украина астанасының іргесіне дейін екпіндеп барғанымен, айға жетпей артқа шегініп, Днепрдің шығысына дейін ығысты. Референдум өтіп, Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон облыстары Ресейге қосылғанымен, оны Солтүстік Кореядан басқа бірде-бір ел мойындаған жоқ. Оның үстіне Ресей қосып алған облыстарды әкімшілік шекарасы бойынша да толық бақылауына ала алмады.

Текетірес: себеп пен салдар

Ресей Президенті Путин Украинадағы соғыстың бір жылдығы қарсаңында арнайы жолдау жасады. «Ресейді соғыс майданында жеңу мүмкін емес» деп сөз бастаған ол бұл жолы да ескі әңгімесін тағы да қайталап, «біз соғыстың алдын алуға тырыстық, бірақ АҚШ пен Батыс біздің артымыздан мүлде бөлек сценарий дайындады», «соғысты солар ашты, біз сол соғысты тоқтату үшін күш қолданып жатырмыз» деп Вашингтон мен Батыс елдеріне шүйлікті.

Сондай-ақ ол Украина билігін «неонацистер» деп айыптап, «Киев Батыстан ядролық қару алғысы келді», «фашистік Германияның символикасын қолданды» деп кінәлады әрі Батыс елдері «бұған көз жұма қарады» деп сөкті. «Біз Украина халқымен соғысып жатқан жоқпыз, олар – елдегі режим мен Батыстағы қожайындардың тұтқыны» дейді Ресей басшысы. НАТО-ның Бас хатшысы Столтенберг Путиннің бұл сөзіне байланысты мәлімдеме жасап, «Ресейге ешкім шабуыл жасаған жоқ, Ресейдің өзі агрессор» деді. Бұдан бөлек, жолдауында ол Ресей АҚШ-пен ядролық қаруды азайту туралы өзара келісімді уақытша тоқтататын мәлімдеді.

Путин жолдауын АҚШ президенті Джо Байден Киевтен Польшаға жеткен күні жариялады. 20 ақпанда Киевке келіп, Украина президенті Зеленскиймен кездесті. Кездесуде ол «Біз, 50 шақты серіктес мемлекет бірігіп, Украинаға 700 танк пен мыңдаған бронды көліктер беретін болдық» деді, сондай-ақ «сәлемдеме» ретінде Украинаға 500 млн доллар әскери көмек пакетін жариялады. Байден Киевтегі мәлімдемесінде Путин Украинаға соғыс ашып, «оңбай қателескенін» айтты. «Бір жыл өтті, Киев құламады, Украина құламады, демократия құламады. Америкалықтар Украинамен бірге, әлем сіздермен бірге» деді АҚШ президенті Зеленскийге. Сондай-ақ ол Украинаға қажет қару-жарақ беріле беретінін және Ресейдің қорғаныс өнеркәсібін қолдайтын жеке тұлғалар мен компанияларға санкция салынатынын да атап өтті. Осылайша АҚШ-тың Украина қарулы күштеріне берген қару-жарағының жалпы сомасы 30 млрд долларға жетті.

Польшада сөз сөйлеген кезде АҚШ президенті «АҚШ пен Еуропа Ресей халқына жау емес. Соғысты біз бастаған жоқпыз. Біз Украинаны қолдауды бір сәт тоқтатпаймыз. Бір жыл бұрын Ресей Киев құлайды деп мәлімдеді. Мен кеше Киевте болдым. Киев – азат және рухты қала. Ресей Украинаны ешқашан жеңе алмайды. Ешқашан!» деп ашық айтты. Варшавадағы кездесуде де АҚШ президенті Байден мен Польша президенті Анджей Дуда «Украинаны қолдау, Ресей ықпалын азайту және НАТО-ны нығайту» сынды тақырыптарды талқылаған.

Екі тараптан да шығын көп

Ресей «әскери операция» деп атаған бұл соғыс, шын мәнінде, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең қиян-кескі әскери әрекет. Соғыс салдарынан Украина елі 700 миллиард доллар шығынға батып, ел экономикасы 35%-40% пайызға дейін қысқарды. 10 миллионнан астам адам шетелге босып кетсе, 6 миллионнан астамы үйсіз-күйсіз қалды. БҰҰ дерегінше, Украинада соғыс басталғалы 8 мың бейбіт тұрғын қаза тапқан. Ал Украина билігі Ресей Мариупольді қоршауға алғанда, бұл қаланың өзінде 20 мың бейбіт тұрғын қаза болды дейді. Қираған қала, жермен-жексен болған елді мекендерде есеп жоқ.

Украина армиясынан қанша адам мерт болғаны анық емес. Израиль барлаушылары қазірге дейін 160 мыңға жуық украин сарбазы қаза тапқан болуы мүмкін десе, кейбір сарапшылар өлген, жараланған, із-дерексіз кеткендерді қоса есептегенде Украина армиясының шығыны да 200 мыңнан асып кеткен болуы мүмкін деген болжам жасайды.

Ресей Қорғаныс министрлігі 2022 жылдың 21 қыркүйегінде Украинадағы соғыста 6 мың әскерінен айырылғанын жариялаған болатын. Содан бері жарты жылға жуық уақыт өтсе де, Ресей тарапы ешқандай мәлімет таратқан жоқ. Украина тарапы болса, қазірге дейін 145 мың Ресей сарбазын жер жастандырып, 3,5 мың танкін, 700-ге жуық ұшағын (тікұшақ, соғыс ұшақ) қираттық деп отыр. Ал АҚШ пен Ұлыбританияның барлаушылары Ресей армиясының қазірге дейінгі шығыны 200 мың адамнан асты деп мәлімдеді. BBC Украинадағы соғыста қаза тапқан 14709 орыс әскерінің есімдерін анықтап, соңғы жарты айда расталған шығындар әдеттегі апталық көрсеткіштен бес есе көп болғанын алға тартып, «бұл Ресейдің Донбасста бастаған шабуылының салдары болуы мүмкін» деп топшылайды.

Әлемдік экономиканы да теңселтті

Украина мен Ресей соғысы, пандемиядан соң есеңгіреген экономикаға үлкен кесірін тигізді. Кельндегі неміс Экономикалық зерттеулер институтының (iw) зерттеуіне сәйкес, Украинадағы соғыс өткен жылы әлемдік экономикаға 1,6 трлн АҚШ долларынан астам шығын келтірген. «2023 жыл да әлем экономикасы үшін 2022 жылдан да қиын болады» дейді сарапшылар. Өйткені 2022 жылы жаһандық өсім 3,2% болса, биыл 2,7%-ке дейін төмендеуі мүмкін.

Жақында Ресейдің Қаржы министрлігі қаңтар айында елдің бюджет тапшылығы 1,76 триллион рубльге (24,8 миллиард доллар) дейін өскенін хабарлады. Bloomberg ақпараттық агенттігі биылғы жылдың бірінші айындағы Ресей бюджетінің тапшылығы 1998 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішті құрады десе, «Свобода слова» басылымы Путиннің Украинаға басып кіруі РФ экономикасын 25 жылға артқа шегіндірді деп санайды.

Соғыстан кейін Ресей экономикасының жан тамыры саналатын газ бен мұнайдан кіретін кіріс те азайды. Ресей Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың қаңтарында мұнай мен газдан түсетін салық бір жыл бұрынғыдан 46%-ға төмендеп, федералды бюджет шығындары 59%-ға өскен. Бірақ Ресей президенті Путин 21 ақпан күнгі жолдауында «Біздің экономикамыз өте қуатты» деп мәлімдеді.

Ұтқанынан ұтылғаны көп

Ресей «әскери операция жоспардағыдай, табысты орындалып жатыр» дегенмен, бұл соғыста Ресейдің ұтқанынан ұтылғаны көп.

Біріншіден, соғыс басталғаннан кейін, Ресейді Батыс елдері санкцияның сабауымен жүнше түтіп, әп-сәтте «әлемдегі ең көп санкция салынған елге» айналып шыға келді. Шетелдегі көптеген активтері бұғатталып, ірі банктері SWIFT халықаралық жүйесінен ажыратылды. Дегенмен, санкция салған елдерде де Ресейдің қанша активі бұғатталғаны туралы нақты мәлімет жоқ. 2022 жылдың аяғында Еурокомиссия оны 60 миллиард еуродан астам деп көрсеткен. Кей болжамдарға қарағанда, Батыс елдерінде Ресей орталық банкінің 300 миллиард доллары бар. Алайда қазіргі сәтте Еуропа одағы бұл қаржының бір бөлігін ғана тап­қан. Жақында Швейцарияның Credit Suisse банкі Ресейдің 17,5 миллиард франкке жуық активін (шамамен 19 миллиард доллар) бұғаттағанын хабарлады. Батыс ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, Ресейдің Швейцариядағы активтерінің жалпы құны шамамен 46 миллиард франкке тең. Осы бойынша есептесек, Credit Suisse шотында Ресей активтерінің үштен бірі бұғатталды деген сөз.

Екіншіден, Ресей НАТО-ның шығысқа ірге кеңейтуіне тосқауыл қоя алмады, керісінше Украинаның қолымен от көсеген АҚШ бастаған елдер өз мақсаттарына жетті. Украина Ресейден біржола бет бұрды, ол енді Еуродаққа, көп ұзамай НАТО-ға да мүше болуы мүмкін. Оның үстіне, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін көп өтпей, Финляндия мен Швеция елдері де НАТО-ға кіруге ниет танытты. Олардың НАТО-ға мүше болғанын Түркия мен Венгриядан басқа елдер бірауыздан қолдап отырғанын ескерсек, бұл 2 ел де көп ұзамай аталған одаққа қосылатыны анық. Молдова елі де Ресей ықпалынан шығудың жолын іздеуде. АҚШ президенті Байден Польшада бұл тақырыпқа да тоқталып, «Путин Украинаға соғыс ашып, Еуропаны қорқытпақ болды. Ол Еуропа елдері НАТО-дан шығып кетеді деп ойлады. Керісінше, НАТО қуатты бола түсті. Қатарымыз­ға Швеция мен Финляндия қосылмақ. Молдова да Ресей ықпалында болғысы келмейді, ол Еуропамен бір болуды қалайды» деді. Молдова демекші, 21 ақпан күні Молдова премьері Дориан Речан «Ресей Кишинев әуежайын басып алып, әскерін әкелмекші» деп мәлімдеді. Сол күні Путин оккупациялап алған Преднестровья мәселесін Молдованың егемендігін ескере отырып шешу туралы өзінің 2012 жылғы жарлығының күшін жойған болатын.

Үшіншіден, Ресей мұнай мен газын сататын Еуропа нарығынан айырылды. Соғыс басталғаннан кейін Ресей мұнай мен газын көзір ретінде пайдаланып, Еуропа елдерін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келді. Алайда бұл кері реакция тудырып, оның соңы Еуроодақ елдерінің Ресей газы мен мұнайы­нан бас тартуға және оған шекті баға белгілеуіне мұрындық болды. Кейбір елдер Ресей мұнайы мен газына басқа балама іздеп, Мәскеудің энергия құрсауын бұзып шықты. Сонымен Ресей мұнай мен газын өте арзан бағада Үндістан мен Қытайға сатуға мәжбүр болды. Алайда бұл сауда Ресейдің мұнай, газ өңдеуіне кеткен шығынның өзін әзер жабады дейді мамандар.

Төртіншіден, Ресей халық­аралық қауымдастықтан барған сайын оқшауланып,  Иран, Солтүстік Корея сынды томаға-тұйық елге айналды.

Бесіншіден, Украина соғысы «Ресей әлемдегі екінші қуатты армияға ие» деген көзқарастың да күлін көкке ұшырып, Ресей армиясындағы әлсіздіктер мен қару-жарақтарының кемшілігін айдай әлемге паш етті. Көптеген елдер Ресей қаруын сатып алудан бас тартып, Мәскеу қару-жарақ сатудан түсетін пайдасынан айырылды. Санкцияның салдарынан әскери өнеркәсібі де тұралауға айналды. Оған Сербия елінің ресейлік жойғыш ұшақтарды сатып алудан бас тартып, француз жойғыш ұшақтарын алу жөнінде шешім қабылдағанын айтсақ та жеткілікті.

Алтыншыдан, бұл соғыс Ресейдің ел іші өндірісін әлсіретіп, жұмыссыздық мәселесінің күшеюіне, байлар мен дарынды азаматтардың шетел асуына, шетел кәсіпорындарының Ресей нарығынан лек-легімен кетуіне  мұрындық болды.

Ұзаққа созылатын түрі бар

Соғыстың қашан аяқталатыны белгісіз. Ресей Украинадағы қарулы күштерін үстемелеп жатыр. Ал батыстан оқ-дәріден бастап әуе шабуылынан қорғану жүйесіне дейін алған Украина батыстың озық танктері келсе, көктем шыға қарымта шабуылды бастауға дайын отыр. Өткен жылдың соңында «Украина соғысы Қырымнан басталды, Қырымды азат етумен аяқталады» деп мәлімдеме жасаған Зеленский жақында «2023 жыл Украинаның жеңіс жылы болады» деп мәлімдеді. Батыс елдері де бұл ұрыста Украина жеңуі керек деп санайды.

Дей тұрғанмен, Ресей де оңай шағылатын жаңғақ емес. Оның үстіне Ираннан, Солтүстік Кореядан көмек алып отырған Ресей соңғы кездері Қытаймен де ымыраласа бастады. Әуе шары оқиғасынан кейін, АҚШ-пен қатынасы күрт ушыққан Қытай енді Ресеймен бірлесе отырып, АҚШ-қа төтеп берудің жолын іздеуі мүмкін деген күдік те жоқ емес. АҚШ президенті Байден Шығыс Еуропа елдеріне сапарлай келген кезде Қытайдың сыртқы істерге жауапты комитетінің басшысы, Қытайдың бұрынғы Сыртқы істер министрі Уаң Иі-нің Ресейге сапарлай баруы осы күдікті тіпті күшейтті. Осы айдың соңында Қытай төрағасы Ши Жинпи де Мәскеуге сапарлай келеді деген сыбыс бар.

Өткен айда АҚШ «Ресейге қару-­жарақ берді» деген желеумен қытайлық біршама компанияға санкция салған болатын. Уаң Иі-нің сапарынан секем алған Вашингтон бұл жолды да «Қытай Ресейге қару-жарақ беретін болса, оның салдары ауыр болады» деп ескертті.

Өткен аптада Германияның Мюнхен қаласында өткен самитте Уаң Иі Қытай соғысқан екі жақ ортасында ара ағайын болуға дайын деп мәлімдеді. 21 ақпан күні Украина Сыртқы істер министрі Кулеба «Біз Қытай тарабының бейбіт келісім туралы ұсынысын алдық. Енді оны қарап, танысып шығамыз»  деп мәлімдеді.

Қазақстанға қауіп бар ма?

Соғыстың зардабын біздің ел де тартып жатыр. Операция басталғаннан кейін Украина Ресейдің энерго-инфрақұрылымына қатысы бар мұнайдан бас тартты. Cалдарынан Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданатын (Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орнынан шығатын) мұнай Одесса портына жеткізілмейтін болды. Бұл өз кезегінде қазақстандық шикізатқа деген сұранысты шектеп, елдің экспорттық әлеуетіне теріс әсер етті.

Еліміздегі көмір өнеркәсібі де соғыстың кесірінен кері кете бастады. Ресей соңғы 7-8 жылдың бедерінде қазақ көмірін Украина, Беларусь елдеріне транзиттеуге кедергі келтіріп келеді. Соғыс басталғалы бері Қазақстан мен Украина арасындағы алыс-беріс 40 пайызға қысқарған.

Ресей президенті 21 ақпан күнгі жолдауында Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына Қазақстан арқылы шығу ниетін де айтып қалды. «Жаңа геосаяси жағдайға байланысты логистиканы басқаша дамытамыз. Мәскеу – Қазан автомагистралін Екатеринбургке, Челябинскіге, Түменге дейін ұзарту, одан әрі Иркутск пен Владивостокқа жеткізіп, Қазақстанға, одан әрі Моңғолия мен Қытайға шығуды ойластырамыз» деді ол. Бұл жобаның бізге пайдасы да, қаупі де бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button